Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақтөбеде жаңа мұз айдыны ашылды 

Ақтөбеде жаңа мұз айдыны ашылды 

Ақтөбеге үлкен хоккей оралды. Өңірде соңғы рет мұз айдынында кәсіби деңгейдегі ойындар осыдан 28 жыл бұрын өткен екен. Ширек ғасырдан астам уақыт өте шаһарда жаңа мұз айдыны ашылды. Жергілікті команда жарыс жолын республикалық жастар хоккей лигасында бастады. Алғашқы ойын петропавлдық «Құлагер» командасына қарсы өтті. Жаңадан ашылған спорт нысаны мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі аясында салынған. Жоба құны – 3 миллиард 7 миллион теңге. Оның 70 пайызын словакиялық компания қаржыландырған. Мұз кешенінің жалпы ауданы – 8 жарым мың шаршы метр. Бұл ғимаратта спорттың қысқы түрлерінен бөлек шағын футбол, волейбол, баскетбол сияқты ойындардан халықтаралық дәрежедегі сайыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Енді өңірде жылдың кез келген уақытында конькимен сырғанап, мұз айдыны қызметін кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл спорттық нысанның есігі тек әуесқой және кәсіпқой спортшылар үшін ғана емес, кез келген қала тұрғындарына да айқара ашық болмақ. Талғат Такабаев, қоян-қолтық ұрыс спортының бапкері: - Спорт нысандары қазір кез келген азамат үшін қолжетімді. Балалар да, жастар мен ересектер де өздерінің қалаған спорт түрімен шұғылдана алады. Бұл туралы Елбасы өз жолдауында ерекше атап өткен болатын. Бір қуантарлығы, спорттық нысандар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да ашылып жатыр. Мәселен, Қобда ауданында жүзу бассейні ашылды. Мына мұз айдыны бар, жеңіл атлетика манежі сияқты нысандар көптеп салынғаны халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды деп ойлаймын.

www.24.kz
09 қазан 2018 ж. 1 350 0