Садақ ату салтымызда жоқ па?
Қадым заманынан бері көшпелілердің иығынан түспеген, қазақтың дәстүр-салтымен біте қайнасқан қымбат мұра бар. Ол – садақ. Қазақ тарихында оқ пен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер әр заманда болған. Бірі адырнасын сайлап, аңға шықса, екіншілері соғыста жаудың бетін қайтарған. Алайда XXI ғасырда садақ атудан қазақ оғландарының айы оңынан туар емес. Садақ ату спорт дәстүріне кіргенімен, сайыпқырандарымыз әлемдік аренада әліге дейін атой сала алмай жүр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Оңтүстіккореялықтар техниканы сапалы жасаудан ғана емес, жебені желмен жарыстырып, нысанаға дәл көздеуден ешкімге дес бермейтін түрі бар. Оңтүстік Корея техникалық құралдарды сапалы құрастыратынын әлдеқашан дәлелдеп үлгерсе, мергендері дүбірлі додаларда жиі-жиі олжа салып жүр. Корейлердің әлемдік бәсекеде салған жүлделеріне қарап, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова сияқты мергендеріміздің ізбасарлары Оңтүстік Кореяға ауған ба деп қаласың.
Садақ ату спорты 1900 жылы Франция астанасы Парижде өткен II Олимпиада ойындарынан бастап бүгінге дейін байрақты бәсекенің дәстүрінен еш түскен жоқ. Тек өзгерістер енгізіліп отырған. 1900-1920 жылдарға дейін төрт рет өзгеріске ұшырап, спортшылар түрлі санатта жарысқа түскен. Ал қазіргі ереже 1972 жылы енгізілген және сол уақыттан бері еш өзгеріс енгізілмеген.
Халықаралық бәсекелердің ішіндегі ең абыройлысы да дәл осы – Олимпия ойындары. Аталған төрт жылдықтың басты додасында корей мергендерінің бәсі жоғары. Оңтүстік Корея 1972 жылдан бастап жарыстарға дербес қатыса бастаған-тұғын. Өздері өнер көрсеткен Олимпия ойындарында корей елі садақ ату спортынан 23 алтын, 9 күміс және 7 қола жүлдеге қол жеткізген. Осылайша оңтүстіккореялық спортшылар Олимпиададағы жетістіктері жөнінен ешкімді маңына жуытпайды. Садақ ату спортындағы медаль саны бойынша екінші орында тұрған АҚШ-тың қанжығасында 17 алтын жүлде бар екенін ескерсек, әзірге корей мергендерін тоқтату өте қиын.
Мысалы, оңтүстіккореялық мергендер соңғы өткен Рио Олимпиадасында төрт қашықтық бойынша сынға түсіп, спортшылары барлық алтын жүлдені өз елдеріне алып кеткен. Сондай-ақ бір қола жүлде иеленген. Ал АҚШ бір күміс және бір қоланы қанағат тұтса, Германия, Ресей мен Франция бір күміс медаль олжалаған. Аустралия мен Тайвань мемлекеті бір-бірден қола жүлде алған.
Садақ атудан әлем чемпионаты негізінен 1931 жылдан бастау алады. Содан бері әр екі жыл сайын әлемнің ең үздік мергендері өзара кім мықтыны анықтайды. Олимпия ойындарында Оңтүстік Корея спортшылары мықтылық танытса, АҚШ спортшыларының әлем чемпионаттарындағы қол жеткізген табыстары қомақты. Құралайды көзге атқан америкалық мергендер 61 мәрте тұғырдың биік сатысынан көрінген. Бұдан бөлек АҚШ-тың қоржынында 35 күміс және 32 қола жүлде бар.
Ал оңтүстіккореялық мергендер медаль жиынтығы бойынша екінші орында келеді. Олардың еншісінде жалпы саны 101 жүлде бар. Оның 56-сы алтын, 24-ті күміс және 21 қола жүлде.
Олимпиадада алған жүлделері жағынан Ким Су Неннің бағы жанып тұр. Садақ ату спортынан ешкім дәл корей аруы секілді жетістігімен мақтана алмайды. Оғы үнемі түзу ұшатын Нен – 6 дүркін Олимпиада чемпионы, бір мәрте күміс және бір қола жүлдегері атанған. Мерген әлем чемпионатында 4 мәрте алтын тұғырға қонақтаған. Ким Су Неннің жетістігін жерлестері әлі күнге ауыздарының суы құрып әңгімелейді.
Ян Чанг Хонденің корейлер үшін орны бөлек. Нысананы дәл көздеуден алдына қара салмайтын Хонде әлем чемпионатында 6 мәрте жеңіс тұғырының биігінен табылды. Тек 1986 жылғы сайыста күміс медаль алды демесеңіз, өзі қатысқан додаларда Хонде әрдайым үздік атанды.
Сонымен қатар Пак Сон Хен пен Юн Ми Джин де Олимпиадада алтын медальді үш-үштен жеңіп алған мергендер. Хен Афины Олимпиадасында жекелей және командалық бәсекеде алтын жүлде иеленсе, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында командалық сайыста үздік шыққан. Ал Ми Джин 2000 жылы Сиднейде өткен додада жекелей және командалық сайыста үздік шықса, 2004 жылғы Афины Олимпиадасында командалық сайыста алтын жүлде иеленген.
Республикалық «Ана тілі» газетіне берген пікірінде қазақ тіліндегі тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратайұлы садақ ату спортында қазақ спортшыларының қатары көбейіп келе жатқанын, дегенмен бұрынғы мергендерімізді ешкім танымайтынын, лайықты дәріптелмей жүргенін айтады.
– Қазір нысана көздеу мен садақ ату спортында халықаралық жарыстарда көзге түсіп, шебер дәрежесін қорғаған қаракөз қандастарымыз өте аз. Бұның басты себебі, бұл спортта федерация басшыларының көбі өзге ұлттар. Олар жергілікті жастарды маңайына жолатқысы келмейді. Кезінде 60-шы жылдардың басында елімізде Гүлшат Майлыбаеваның аты шыққан еді. Ол өз кезінде винтовкадан ату бойынша 600 мүмкіндіктен 600 ұпай, яғни 100 пайыз жинаған болатын. Алайда КСРО кезінде бұл спортшыны талай рет аяғынан шалған еді. Сөз жоқ, Гүлшат КСРО-дағы 50 миллион мұсылман халқының ішінде ең алғашқы мерген қыз болған-ды. Өкінішке орай, қазір Гүлшаттың атын көбісі білмейді. Тіпті, мергендікпен айналысып жүрген В.Вохмянин, С.Беляев, О.Довгун сынды елімізге танымал спортшыларымыз да ол жайында хабарсыз. Мен бұл жағынан қатты таңғаламын. Кез келген спортшы жұлдыздарға қарап еліктейтіні бар. Мәселен, жүзгіштердің барлығы Майкл Фелпс, ал футболшылар Лионель Месси мен Криштиану Рональдуны өте жақсы біледі. Сондықтан мен елімізде Гүлшат Майлыбаеваның атын білмеген мергенді мерген емес деп айтар едім.
Мергендік өнері қазаққа да жат емес. Тарихқа көз жүгіртсек, сақ пен ғұнның бірден-бір мұрагері саналатын ата-бабаларымыздың садақ атудағы шеберлігін бүгінгі ұрпақтың тек кітаптан оқып, аңыз-әңгімеге айналдырып, таңырқап жүргені өкінішті жайт. Көшпенді өмір салтын ХХ ғасырға дейін, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген біздің қазақтың садақ жасау технологиясы мен оған қатысты төлтума атаулары мен ұлттық ойындары да әзірге ғылыми-зерттеу нысанына толық айнала қойған жоқ. Ердің бес қаруының бірі саналатын садақты қазіргі ұрпақ тек музейден ғана көруде. Сондықтан да Олимпиялық ойындардың бағдарламасындағы бұл спорт түрінен елімізде есімін бүкіл ел білетін бірде-бір спортшы жоқ.
Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым. Бұлай деп кесіп айтуымыздың себебі бар. Садақ ата-бабаларымыз үшін ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданған. Қазанат мінген жаужүрек батыр бабаларымыз шапқан жауының әзірейіліне айналғанын тарихтан жақсы білеміз. Қару ретіндегі қызметін тарих қойнауына тапсырған садақ ату өткен ғасырдан бастап спорттың мергендікті сынайтын бір түріне айналды.
Садақ ату мен қазақтың арасындағы біте байланысқан деректерге қарамастан, қазіргі таңда еліміздің мергендері садақ ату спортынан дүбірлі додаларда жүлде салмағаны біраз ойға жетелейді. Садақтың баптауын келтіре алмай жүрміз бе, әлде садақ ату спорты бізге бейтаныс па? Садақтың бабын келтіре алмаймыз деу әбестік болар. Өйткені мергендік өнері бұрыннан бар дүние ғой. Оның үстіне қазақ пен садақтың тарихи деректер байланыстырады. Садақ ату спорты да бізге бөтен емес. Әйтпесе жарты әлемді мергендігімен тәнті еткен садақшыларымыздың қазақ жерінен шығуын қалай түсіндіреміз?!
Спорт журналисі Руслан Меделбектің айтуынша, Қазақстанда садақ атудан уақытша бір жетістік болғанымен, ол жеңіс садақ ату спортының аса қатты дамып жатқанына дәлел бола алмайды, дейді.
«Әлем кубогындағы бір алтын және бір күміс медальді жеңіп алған соң спортшыларымыз жетістікті жетістікті кейінгі бәсекелерде қайталай алмады. Тіпті, Азия чемпионатында да өз биігінен көріне алған жоқ. Меніңше, Рио Олимпиадасынан кейін садақ ату спортында болған буын алмасу дәуірінен кейін ұлттық құрама тоқырауға ұшыраған сияқты. Ал Олимпиадаға дейінгі құрамның үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндігі өте жоғары еді. Меніңше, садақ ату спортын қайта түлету үшін бізге жаңа жүйе енгізу керек және Оңтүстік Кореядан жаңа бапкер алдырту керек. Жалпы айтқанда, қазақстандық спортшылар командалық сында емес, жекелей бәсекелерде топ жарып жатса ғана елімізде садақ ату спорты дамып жатыр деп айтуға болады. Қазіргі таңда спортшыларымыз әлем кубогының ширек финалы былай тұрсын, кейде іріктеу жарыстарынан өте алмай жүр», дейді ол.Ал Алматы қалалық «Алтын жебе» садақ ату федерациясының төрайымы Есенгүл Арыс «Ана тілі» газетіне берген пікірінде садақ ату спортын дамыту үшін арнайы спорт зал салу керектігін және бұл спорттың мемлекеттің қолдауы ауадай қажет екенін айтады. Сондай-ақ, егер мемлекет бұл спортты да өз қамқорлығына алмаса, осы деңгейде қалғанымыз қалған дейді.
– Садақ ататын мемлекеттік жебедромның жоқтығы қиын. Біздің федерацияға келушілер садақпен танысқаннан кейін, «мұны қайда атамын?» деп сұрап жатады. Меніңше, садақ ату өнері де мемлекеттің қолдауын қажет етеді, – дейді Алматы қалалық «Алтын жебе» садақ ату федерациясының төрайымы Есенгүл Арыс.Тоқетерін айтқанда, төрткүл дүниенің бәсекелерінде қоржынымызға уыстап олжа салмауымыздың басты себебі – садақ ату спортына жеткілікті көңіл бөлмей келе жатқанын көрсететіндей.
Ернұр ҚОЖАГЕЛДІ
Baq.kz