КҮМІСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН КҮРЕС
Қазақ топырағында талай буынның рухын көтеріп, намысын қайрап келген ұлттық күрес бүгінгі күні де өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, заман талабына сай жаңғырып, жас ұрпақтың жігерін шыңдайтын үлкен мектепке айналды. Осындай қасиетті өнердің бүгінгі жалғастырушысы ретінде ел назарын өзіне аудара бастаған есімдердің бірі – Рамазан Жұмағали.2013 жылы Еңбекші ауылында дүниеге келген Рамазан Арманұлының спортқа деген құштарлығы бала күнінен-ақ байқалған. Қазақ күресінің иісі сіңген ауылда өскен жас балуан бозкілемге ерте жақындап, ұлттық спорттың қыр-сырына ден қоя бастайды. Күреске деген құштарлық оның бойында бір күнде пайда болған жоқ. Ол – күн сайынғы жаттығудың, талай рет жеңіліп қайта тұрудың, тізе бүксе де, рухты бүкпеудің нәтижесі. Ол боз кілемде тек күшпен емес, айла мен әдісті қатар қолдана білетін, қарсыласына құрметпен қарай отырып, жеңіске ұмтылатын балуан ретінде қалыптасты.
Жуырда 24-26 сәуір күндері Алматы қаласында өткен «KHAMZA OPEN CUP-2026» халықаралық турнирі – оның спорттық жолындағы маңызды кезеңнің бірі. Дүбірлі додаға Қазақстанның әр өңірінен бөлек, бес мемлекеттен келген мықты спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Осындай жоғары деңгейдегі бәсекеде ел намысын қорғаған Рамазан Жұмағали +55 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, жоғары шеберлік пен табандылықтың үлгісін көрсетті.
Жарыс барысында ол бірнеше белдесуде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, финалға дейін сенімді түрде жетті. Тартысты кездесудің нәтижесінде күміс жүлдені еншілеп, халықаралық деңгейде өз есімін тағы бір мәрте таныта түсті.
Жас балуанның спорттық жолында оның жаттықтырушысы Мағжан Сейтханның еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Бапкердің кәсіби тәжірибесі, талапшылдығы және шәкіртіне деген сенімі Рамазанның қалыптасуына зор ықпал етті. Ол тек әдіс үйретіп қана қоймай, жас спортшының бойына жеңіске деген сенім мен рухани беріктік дарытуда.
– Қазақ күресі – халқымыздың ең көне әрі терең мәнге ие спорт түрінің бірі. Бүгінде ол елімізде қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан да ұлттық спортты қолдау кеңейіп отыр. Бұл – болашақ чемпиондардың көптеп шығуына жол ашады. Қазақ күресі тек күшті емес, шыдамдылық пен ақыл-ойды да талап етеді. Біз Қажымұқан атамыздың жолын жалғап келе жатқан жас балуандарды тәрбиелеуге бар күшімізді саламыз, – дейді жаттықтырушы.
Бүгінде бозкілемде белдесіп жүрген жас балуандардың әр қадамы – болашақтың үніндей. Олар құлаған сайын қайтып тұруды, жеңілген сайын қайта күресуді үйреніп келеді. Солардың ішінде Рамазан Жұмағали да өз жолын сабырмен, табандылықпен салып келеді. Аудан абыройын асқақтатып жүрген Рамазанның жеңіс жолы – көпке үлгі, жас буынға шабыт.
С.МАДИЯРОВА








