10 ЖАСЫНДА ОН АЛТЫН
Қандай спорт түрін алып қарасақ та, оңайға соқпайтыны және қажырқайратты талап ететіні сөзсіз. Елімізде қазақ күресінің өресі кеңейген сайын, бұл спортпен айналысатын жастардың қатары да жыл санап ұлғаюда. Сондай жігерлі жастардың бірі, қазіргі таңда бала-балуан атанып үлгерген Рамазан Жұмағалидің да есімі елге танылып келеді.
Бозкілемде белдесудің түрлі тәсілін жетік меңгеріп жүрген Рамазан Арманұлы 2013 жылы Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген. Жасынан қазақ күресіне бейімделіп, жақында өткен республикалық байрақты бәсекеде бақ сынап, он жасында қоржынына оныншы алтынды салды. Жуырда «Балуан Шолақ» спорт клубының ұйымдастыруымен өткен кіші жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық турнирде және Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Байдүйсен Оразовты және Жомарт Оразовты еске алуға арналған облыстық біріншілікте алтыннан алқа тақты. Төл спортқа баулып, шәкірт тәрбиелеуде аянбай қызмет етіп жүрген Рамазанның бапкері – Мағжан Сейтханның жұмысы көпке үлгі. Бар білгенін шәкірттеріне үйретіп, үлкен жарыс алаңында өнер көрсетуіне ықпал етуде. – Қазақ күресі – қазақтардың ең көне спорт түрлерінің бірі. Қазірде елімізде қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан да ұлттық спортты дамытуға үлкен қолдау көрсетілуде. Бұл елімізде болашақ чемпиондардың көптеп шығуына сеп болады. Қазақ күресі қабілетпен қатар шыдамдылықты қажет етеді. Кешегі ұлы батыр, күрестің бірнеше түрінен Әлем чемпионы болған Қажымұқан атамыздың ізін басқан балуандарға ақыл-кеңесімді айтып, баулуға бар күш-жігерімді саламын, – деді жаттықтырушысы. Боз кілемде белдескеннің белін қайыратын жас балуандардың бет алысы жаман емес бүгінде. Аудан спортының қоржынын алтынмен аптап, күміспен қаптап жатқан спортшылардың әр жеңісі – бір белес.
Мейіржан Ибрагимов