Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Элизабет Тұрсынбаева ресейлік жаттықтырушының командасына қайта оралды

Элизабет Тұрсынбаева ресейлік жаттықтырушының командасына қайта оралды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева ресейлік маман Этери Тутберидзенің командасына оралды, – деп хабарлайды Vesti.kz. Спортшы мен жаттықтырушының келісімі 2022 жылғы Пекин Олимпиадасына дейін жасалған. 18 жастағы отандасымыз Новогорскіде Тутберидзенің командасымен жаттығуға кірісіп те кетті. Элизабет Тұрсынбаева ресейлік маманмен 2012-2013 жылдары жаттыққан. Одан кейінгі 5 жылда канадалық Брайан Орсер жаттықтырды. Бір қызығы, Этери Тутберидзенің командасында болған ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Евгения Медведева канадалық жаттықтырушыға ауысты. Этери Тутберидзе жаттықтырған тұста Евгения екі дүркін әлем чемпионы және Еуропа чемпионы, сондай-ақ екі рет Гран-Приде бас жүлде алды. Пхенчхандағы қысқы Олимпиадада күміс жүлдегер атанды. Ал сол Олимпиадада жеңімпаз атанған Алина Загитованы да Этери жаттықтырады. Оның командасында Юлия Липницкая, Александра Трусова сынды танымал спортшылар да бар. Элизабет Тұрсынбаева Мәскеуде дүниеге келген. 2013 жылға дейін Ресей атынан жарыстарға қатысып келді. Кейіннен Қазақстан атынан қатысуға мүмкіндік алып, ел спорты жанкүйерлерінің мақтанышына айналды. 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарында 12-орын алды. Ең үздік нәтижесі - 2017 жылы өткен әлем чемпионатында 9-орын алды.  Жасөспірімдер арасында Олимпиада ойындарының (2016) және қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері.

24.kz
06 маусым 2018 ж. 1 197 0