Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Милан мұзындағы мәртебе

Милан мұзындағы мәртебе

Қысқа Олимпиада ойындарында 32 жылдан кейін Қазақстанның қоржынына мәнерлеп сырғанаудан алтын жүлде түсті. Айтулы додада тарихи алтынды сыйлаған 22 жастағы алматылық – ­Михаил Шайдоров.
Италия жерінде 7 ақпанға қараған түні XXV қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Тарихи оқиға Миландағы әйгілі Сан-Сиро стадионында ұйымдастырылды. Сонымен қатар мерекелік шара Кортина-д’Ампеццо, Ливиньо және Предаццо қалаларындағы алаңдарды да қамтыды. Бұл – қысқы Олимпиада тарихындағы ең ауқымды географиялық кеңістікті біріктірген салтанаттардың бірі болды.
Биылғы Олимпиаданың басты ерекшелігінің бірі – гендерлік теңгерімнің сақталуы. Қазақстан құрамасы сапында 36 спортшы – 18 ер, 18 әйел ел намысын қорғауда. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда екі спортшыға артық көрсеткіш. Қазақстан үшін бұл – тоғызыншы қысқы Олимпиада ойын.
Ұлттық құраманың туын Миланда шорт-трекші Денис Никиша, Ливиньода Аяулым Әмренова көтеріп шықты. Құрама сапындағы спортшылардың тең жартысы алғаш рет қысқы олимпиадаға қадам басып отыр. Ұлттық құраманың ең жас мүшесі – 16 жастағы Асан Асылхан.
Жалпы төртжылдықтың басты додасына 90-нан астам мемлекеттен 3 мыңнан аса спортшы қатысуда. Онда 16 бағдарлама бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатыр. Дүбірлі дода 22 ақпанда өз мәресіне жетеді.
Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров 14 ақпанда мәнерлеп сырғанаудан алтын жүлдеге ие болды.
Қысқа бағдарламада бесінші орынға тұрақтаған спортшы еркін бағдарламада мұз айдынында нағыз шеберлік көрсетіп, қарсыластарын шаң қаптырды. Шайдоров техникалық тұрғыда аса күрделі бес бірдей төрттік секіру элементін мінсіз орындап, 198,64 ұпай еншіледі. Қос бағдарлама қорытындысы ­бойынша жинаған 291,58 ұпаймен ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Осылайша Қазақстан қысқы ­Олимпиада ойындарының тарихында екінші алтын медалін еншіледі. Бұған дейін Олимпиадада еліміз атынан алғаш рет 1994 жылы алтын медаль алған шаңғышы Владимир Смирнов еді.

Әлемге танылу жолы
Мәнерлеп сырғанаушы Михаил ­Шайдоров – қазақ спортының жаңа буын өкілдерінің бірі. 2004 жылы Алматы қаласында дүниеге келген ол спортқа әкесі – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Станислав Шайдоровтың жетекшілігімен келген. Жастайынан еңбекқорлығымен көзге түскен спортшы кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында 2018 жылы Сочи қаласына барып, олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың қол астында жаттыға бастады.
Тәжірибелі бапкермен жұмыс оның техникалық мүмкіндігін арттырып, бағдарламаларын күрделендіруге жол ашты. Нәтижесінде 2022 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізіп, осы додада жеңіс тұғырына көтерілген алғашқы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды. Бұған дейін бұл деңгейде ең жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар – Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева еді.
Михаилдың табысты өнеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары баға беріп, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Президент спортшының жоғары шеберлігі мен жеңіске деген жігерін ерекше атап өтті.
Қысқы Олимпиада – ел мерейін үстем етер үлкен сын. Милан–Кортина төріндегі жарыстарда аудан жұртшылығы да ұлттық құрамаға сәттілік тілеп, жанкүйер болуда.
Ендеше, ел намысын арқалаған спортшыларға жеңіс пен толағай табыс тілейміз.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
17 ақпан 2026 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (9379)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728