СЫР СПОРТЫНДАҒЫ ЖАҢА БЕЛЕС

Өткен сенбіде қаланың сол жағалауында ел спорты тарихында алтын әріппен жазылар сәт орын алды. 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның есігі ресми түрде айқара ашылды. Бұл – жай ғана спорт нысанының ашылуы емес, бұл – Сыр елінің, тұтас Қазақстанның спорттық болашағына салынған үлкен инвестиция, жаңа серпіннің бастауы. Салтанатты шараға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері мен мыңдаған футбол жанкүйерлері жиналды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған қауымды ерекше тебіреніспен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бастамаларының нақты жемісі дәл осы сәт екенін атап өтті: – Бүгін Қазақстанның спорт тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионымыздың ашылуы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл - сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Баршаңызды жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшымызға, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Финалдық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйымдастырған Қазақстан футбол федерациясына зор ризашылығымызды жеткіземіз. Бүгінгі ойынға жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін! Қазақстан футболының даңқы арта берсін! – деді Нұрлыбек Машбекұлы. Бұл сөз – жай ғана құттықтау емес, ел мен өңірдің даму бағытын айқындайтын ұстанымның көрінісі еді. Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров бұл күнді ел спорты үшін маңызды белес деп атап өтті: – Құрметті қызылордалықтар және футбол жанкүйерлері! Сіздерді жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы болсын! – деді Марат Талғатұлы. Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді қамтитын жаңа спорт кешені – қазіргі заман талабына сай салынған көпсалалы арена. Мұнда футбол алаңы ғана емес, бокс, күрес, ауыр атлетика, фитнес, спорттық гимнастика секілді бағыттарға арналған олимпиадалық деңгейдегі залдар бар. Бірінші қабатта спортшылардың дайындық және сауықтыру аймақтары орналасса, жоғары қабаттарда әкімшілік кабинеттер мен үлкен мәжіліс залы орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға толық жағдай жасалған. Бұл – инклюзивті қоғам құрудағы маңызды қадам. Стадион УЕФА-ның 4-санатына сай салынған. Халықаралық стандарттағы жасанды төсеніш, қуатты жарық пен дыбыс жүйесі, заманауи LED экрандар – мұның бәрі Қызылорданы алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі ойындар мен мәдени іс-шаралар өткізе алатын орталыққа айналдырады.
ЖАҢА СТАДИОНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ТАРИХ
Жаңа стадионның алғашқы шымылдығын ел күткен Қазақстан Кубогының финалы ашты. Шымкенттің «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобыл» командалары бас сынасты. Матч нағыз тартысты өтті. Бірінші таймда-ақ қостанайлықтар басым түсті – Николай Сигневич пен Ислам Чесноковтың соққылары арқасында «Тобыл» есепте алға шықты. Көрермендердің толассыз қолдауы мен эмоциясы стадионды шынайы спорт рухына толтырды. Қорытындысында, «Тобыл» 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан Кубогының иегері атанды. Ойыннан кейін жеңімпаз «Тобыл» командасына кубок пен медальдарды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, министр Ербол Мырзабосынов және федерация президенті Марат Омаров табыстады. Стадион ауласында орнатылған алып LED экран арқылы мыңдаған көрермен ашық аспан астында матчты тамашалады. Бұл – спорттың елді біріктіретін ұлы күш екенін тағы бір дәлелдеді. Иә, Қызылорданың сол жағалауы соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келеді. Тұрғын үйлер, мәдени орталықтар, саябақтар мен жаңа нысандар бой көтеріп, қала заманауи келбетке ие болуда. Ал жаңа стадион – сол дамудың тәжін киген туындысы іспетті. Бұл тек спорт нысаны емес, қаланың әлеуметтік және мәдени өмірін түрлендіретін орталық. Мұнда жастар жаттығып, халықаралық жарыстар өткізіліп, қала тұрғындары спорттық өмірге белсенді араласатын болады. Спорт – адамның мінезін, ұлттың болмысын қалыптастыратын ең қуатты күш. Облыстағы жаңа стадион – дәл сол рухтың ордасы. Мұнда ертеңгі чемпиондар өседі, ел намысын қорғайтын жастар қанаттанады. Сыр бойы ежелден батырлар мен өнерпаздардың мекені болса, енді ол спортшылардың шаңырағына айналмақ. Жаңа стадион – сырбойылық рухтың жаңа тынысы, елдік өрлеудің жарқын нышаны.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ