Жарыс күнделігі
Иорданияның астанасы – Амманда 17 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен күрестен Азия біріншілігін Қазақстан құрамасы алты қола медальмен қорытындылады. Ол жүлделердің иегерлері – Сәния Солтанғали (49 кг), Мадхия Усманова (53 кг), Анна Стратан (57 кг), Ұлдана Тілеухан (65 кг), Зейнеп Еламас (69 кг) және Ақбота Қадыр (73 кг). Одан кейін бозкілемге еркін күрес шеберлері (U-17) шықты. Жарыстың алғашқы күні Әмір Оразбаев, Ерғали Бейбарыс, Бақдәулет Әкімжанов үшінші орынға табан тіресе, келесі тәулікте балуандар толық жүлделер жиынтығына ие болды. Атап айтсақ, Едіге Қасымбек алтын, Бекасыл Асамбек күміс және Бекзат Амангелді қола медальды еншіледі.
- Қазақстанның семсерлесушілері (сабля) Кувейтте өтіп жатқан Азия чемпионатында қола медальға қол жеткізді. Бастапқы бәсекелерде Өзбекстан мен Жапонияны жеңген жерлестеріміз жартылай финалда Иранға есе жіберді. Бұл команданың сапында Бақдәулет Құралбекұлы, Артем Саркасян, Саттархан Назарбай және Жанат Нәбиев өнер көрсетті. Ал бұған дейін Ерлік Сертай шпагашылар сайысында үздік үштікті түйіндеген болатын.
- Қазақстанның туы астында өнер көрсететін кениялық желаяқ, әлем чемпионы Нора Джерутоға былтыр күзде «допинг қолданды» деген айып тағылған еді. Күні кеше ғана ол толықтай ақталды. Штаб-пәтері Парижде орналасқан Халықаралық төрелік соты істің ақ-қарасын анықтай келе, Джерутоның ешқандай да арамза әрекетке бармағанын дәлелдеп, жоғарыдағыдай шешім шығарды.
- Талдықорғанда шосседегі велоспорттан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Ерлер арасындағы 178 шақырымдық топтық бәсекеде Дмитрий Груздев топ жарды. Екінші және үшінші орындарда – Глеб Брусенский мен Иоган Штейн. Әйелдердің 100 шақырымдық сайысында Ринате Сұлтанова алтыннан алқа тақса, күміс пен қола медальды Виолетта Казакова мен Елизавета Склярова иеленді.
- Қазақстан чемпионатында бақ сынайтын Өскеменнің «Алтай» клубының бас бапкері болып Вахид Масудов тағайындалды. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. 64 жастағы Жамбыл футбол мектебінің түлегі өткен ғасырдың 80-жылдары Алматының «Қайратының» сапында жасындай жарқылдады. Үлкен спорттан қол үзген соң еліміздің түрлі командалары мен Қазақстан құрамасын жаттықтырды.