Азия чемпионаты: Қазақстандық екі балуан финалға шықты
Бішкекте өтіп жатқан күрестен Азия чемпионатында Ұлттық құраманың екі балуаны ақтық сынға жолдама алды, деп хабарлады turkystan.kz Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ержет Жарлықасын (63 кг) жартылай финалда Солтүстік Корея балуаны Чан Кимнің осал тұсын тапты. Есеп: 5-3. Енді финалда жапониялық Аята Сузукимен күш сынасады. Ұлттық құрама өкілі ширек финалда Сауд Арабия спортшысы Хавсавидің жауырынын жерге тигізген. Оның алдында қазақ атлеті алғашқы белдесуінде Оңтүстік Корея өкілін 6:4 есебімен тізе бүктірген.
Былтыр әлем чемпионатында Париж Олимпидасының жолдамасына иелік еткен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) жартылай финалда Рахимжон Узоковты (Өзбекстан) таза жықты. Осыған дейін Нұрсұлтан Оңтүстік Корея спортшысынан басым түскен. Кешке отандасымыз ирандық Хасем Ализадемен бас жүлдені сарапқа салады. Былтыр екі балуан Астандағы Азия чемпионатының финалында күресіп, жеңіс ирандықтың уысында кеткен.
Сондай-ақ қарсыласы финалға шыққан Ибрагим Магомадов (77 кг) жұбаныш белдесуінде бақ сынайды.
Кешкі сессия елорда уақытымен сағат 17:00-де басталады.