Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰРПАҚТЫ РУХТЫ ЕТЕДІ

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰРПАҚТЫ РУХТЫ ЕТЕДІ

Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салтдәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз. Сонау жаугершілік заманда алты айлық алыс жерлерді ат үстінде өткерген бабалардың ұрпағы атқа мініп, қамшы ұстауды ұмытпауы керек. Әсіресе, «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Көкпар», «Бәйге» сынды ұлттық спорт түрлеріне үстемдік бермесек, темір тұлпарды тізгіндеген бүгінгінің батырлары ат жалын тартып мінбек түгілі, ат әбзелдерінің атауынан жаңылып қалуы бек мүмкін. Белгілі жазушы Жүніс Ахметов қазақтың ұлттық спорт түрлері баланы батылдыққа, ептілікке, төзімділікке және адамгершілікке баулитынын баса айтыпты. Олай болса, ұлттық спортты тек ұлыстың ұлы күнінде ғана еске алғанымыз жарамас...
Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз, жаутаң қаққан.
Мінсең – ат, ішсең қымыз, жесең – қазы,
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан, – деп қоғам қайраткері, ақын Ілияс Жансүгіров қазақтың жылқы малына деген көзқарасын көркем сипаттап қана қоймай, пайдалы тұстарын айшықтаған. Ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешкен қазақ аттың қыр-сырын жетік білген. Жаугершілік кезде ел мен жерді жаудан тұлпардың үстінде жүріп қорғаған. Мысалы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Шұбары, Ер Тарғынның Тарланы, Ақанның Құлагері сол тұлғалармен бөлінбес, ажырамас бір ортақ ұғымға айналып кетті. «Ат – ер қанаты» деген. Жалпы жылқы өсіру, ат баптау мен сәйгүлік жарату – үлкен мәдениет. Сондай дәстүрінен жаңылмаған, қазіргі кезде Шиелі ауданы Бала би ауылында ат баптап, сәйгүлігін топқа қосып жүрген атбегілер: Бекболат Сейтжаппаров, Бекболат Бегайдаров, Асанбек Арғынбаев, Пернебай Күзембаев, Асанәлі Назарбеков, Серік ¬Маханов сияқты азаматтардың есімін ел жақсы біледі. Осы атап өткен ағаларымыздың өзі қазақ даласындағы атбегілікті айшықтай түсуге тамшыдай үлес қосуда. Доспамбет жыраудың «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деген екен. Расында, арыстан – аң патшасы, жылқы – мал патшасы емес пе?
АУДАРЫСПАҚТА АЛЫП ЖЫҒАДЫ, КӨКПАРДА АЛЫП ҰРАДЫ
Барлық ұлттық спорттың өзіне тән қызықтары мен ерекшелігі бар. Сондықтан жаужүрек қазақ үшін жауынгерлік рухты дамытатын көкпар ойынының алар орны бөлек. Сол себепті аттың шабысын көргенде қаны қызбайтын қазақ жоқ шығар. Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Осы ретте этнограф ғалым, марқұм Ақселеу Сейдімбектің «Көкпар – бұл қазақтың ұлттық ойыны, төл мұрасы, ойынның ең мықтысы. Бұған жүректі жігіттер ғана қатысқан.
Көкпар – ата-бабаларымыздың асыл аманаты. Ол біз барда бізбен бірге мәңгі жасасып, бірге дамып отырады. Әлем спортында футбол, волейбол, баскетбол дегендер бар. Сол сияқты көкпар деп ат қойып, айдар таққан біздің бабаларымыз» деген сөздері ойға оралады. Көкпар аламанына барлық тұлпар мінген шабандоздар сақадай дайындықпен келеді. Ондағы атты көкпаршылар екі бөлікке бөлініп, өзара қызыққа толы ойынның көркін кіргізетіні белгілі. Көкпар жаппай және дода тартыс деп екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім өзі иелік етуге тырысса, ал дода тартыста әркім өзара сынға түседі. Ортаға тасталған сойылдай серкені тақымға қысу үшін зіңгіттей жігіттер жиналады. Бұл көкпарға семіз серкені тастайды. Салмағы 25-30 кг шамасында болады. Көкпар шабатын алаң ауқымды болғандықтан көсіле шабуға мол мүмкіндік жасалынғаны дұрыс. Бұл ойынды тамашалауға келген дүйім жұрттың қарасы қалың болмаса, аз емес. Ерте көктем мен күз – бәйгенің науқаны. Аттың бәйгеден қалмай келуі ат баптаушылар мен шабандоздардың жетістігі. Сондай-ақ еліміздің әр аймағында осы бір көкпарға қызығып жүрген жастар қатары артып жатыр. Сәйгүліктің құлағында ойнайтын қазақ жігіттері ауылдан да табылады. Мәселен, Бала би ауылында көкпарды жиі-жиі тартуды дәстүрге айналдырған. «Бала күннен тартып мінсең ат жалын, онда сенің көкірегің от жалын» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, бала биліктер ұлттық спортты дамытуға барынша ат салысуда. Ең бастысы жүрегінде оты бар тақымы тастай шабандоздар Дастан Жақыпов, Жалғас Сейдахметов, Бағлан Амангелдиев, Рахат Арыстанбеков, Ертуған Бегайдаров және Асхан Бектұров, Фархат Арғынбаев, Рүстем мен Дастан Сейтжаппаровтар ата салтынан айнымай тартысты бәсекеде топ жарып жүр. Осы аталған жігіттердің ішінде білекті де жүректі жігіт Дастан Жақыповтың жетістіктері бір төбе. Ол «Жігіт сұлтаны – 2019» байқауының жеңімпазы. 2018 жылы Атырау облысындағы дүбірлі додада аударыспақтан «дарабоз-2018» турнирінің жеңімпазы, Шиелі ауданында өткен «Алтын күз – 2019» мерекесіне орай ұйымдастырылған аударыспақтан 70 кг салмақта 1-ші орын иегері атанып, тақымы мен білек күші басқасынан басым түскен еді. Осылайша Дастан ауылдың абыройын асқақтатып, ұлттық спорттың өрісін кеңге жаюға талпынып келеді. Тіпті Қызылорда облысы, Қарауылтөбе ауылындағы көкпарда тай салымын салып мықтылығын танытты. Айтулы спортты ауыл тұрғындарының бағалайтыны сондай қалтасынан ақша шығарып, жүлде тағайындайтынын қалай айтпайық. Көбіне ат спортына демеушілік жасап жүрген арда азамат, белгілі кәсіпкер Пернебай Күзенбаев ірі көлемде сыйлықтар табыстап жүр. Ауылда көкпар алаңында арнайы жасақталған құмдар, аттың аяқ алысы мен шабысына жақсы әсер береді. Көпшіліктен оқ бойы қазандыққа серкені көп салған көкпаршы жігіттерге қой, тай, түйе мен қомақты ақшалай сыйақылар беріледі. Бұл шабандоздарды жігерлендіріп тың дайындықпен келуіне мотивация береді десек те болады. «Көш – жүре түзеледі» дейді дана халқымыз. Ауылда ат спортында ең бастысы – алға басу бар. Қазақстанда әр бала атқа мінуді, ат ерттеуді үйренсе, асаудың қалай үйретілетінін, бәйге аттардың қалай бапталатынын көрсе, сонда ғана баланың атқа деген қызығушылығы оянар еді. Атқа қонып шабатын жастардың қатары арта түсер еді. Сырттай тамашалайтын қара халықтың қатары қалыңдаса, шабандоздардың саны артып, ұлттық спорт түрлері әлемдік ареналарда да бой көрсетер күнге жететініне сенеміз. Отанның тірегі болар ұландарыңызды аттан алыстатпаңыз, ағайын!

Г.ДҮЙСЕБАЙ

27 ақпан 2024 ж. 231 0