Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Барыстар» бәсі Қызылордада тағы бір айтулы турнир өтті

«Барыстар» бәсі Қызылордада тағы бір айтулы турнир өтті

2-3 наурыз күндері Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының кубогіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Барысы» республикалық турнирі өткізілді.



Ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл шараның Сыр өңірінде ұйымдастырылуы аймақ үшін үлкен абырой екенін атап өтті.
– Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп бабаларымыздың ізі қалған Сыр жерінде батырлар сабақтастығы үзілген емес. Былтырғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, жерлесіміз Мақсат Исағабылов ел мерейін тасытты.
Өткен жылы Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлде иеленді. Осынша жетістік күш-қуаттың ғана көрсеткіші емес, ол – ұлттық рухтың көрінісі. Спортшыларымыздың дайындығы, жеңіске деген жігері арқасында өткен жыл Сыр спорты үшін нәтижелі әрі табысты болды. Аймақ спортшылары Қазақстан Республикасы чемпионаты мен кубогында 1078 медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарынан 218 медальға қол жеткізді. Осылайша Сыр спортшылары соңғы бесжылдықтағы рекордты жаңартты, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, турнирге қатысушыларды ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев құттықтады.
Кейінгі жылдарда өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілуде. Бүгінде 10 денешынықтыру және спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл облыс орталығынан құны 6,9 млрд теңгені құрайтын көпсалалы спорт кешенінің іргетасы қаланбақ.
Ал жергілікті «Қайсар» футбол клубы үшін заманауи жабық стадион салу демеуші есебінен атқарылмақ. Былтыр «Балалар жылы» аясында демеушілер көмегімен 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынып, тарту етілді.
Турнирде еліміздің үш қаласы мен 17 облысы,  ҰҚК-не қарасты құрылымдардан барлығы 24 команда құрамына жинақталған 120-дан аса балуан бақ сынады.
Жарыстың алғашқы күнінде жеребе тарту рәсімі өткізілді. Республикалық турнирге келген қонақтар этноауыл көрмесінде ұлттық спорт ойындарынан сайысқа қатысты.
Алдымен балуандар командалық есепте сайысқа түсті. Бұл сында ҰҚК орталық аппараты атынан шыққан балуандар жеңіске жетіп, оларға 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Одан кейінгі орындарды Қызылорда және Түркістан облыстарының командалары бөлісті.
Жарыстың екінші күнінде екі салмақ дәрежесі бойынша түйе балуандар анықталды. Алдымен 90 келіге дейінгі салмақта ҰҚК орталық аппаратынан Қайыр Мұхамедия жеңімпаз атанса, атыраулық Демеу Бақыт пен Шекара академиясынан Дулат Қасымов жүлделі орындарды бөлісті.
Ал 90 келіден жоғары салмақта жерлесіміз Ғалымжан Әбдірахмановқа тең келерлік ешкім болған жоқ. Ол финалда ақтөбелік Айбек Зарлықты қапы қалдырды. Үздік үштікті ҰҚК-нің Үкіметтік байланыс қызметінен Айдос Мүсіров түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 200-500 мың теңге аралығында ақшалай сыйақы берілді.

«СБ» ақпарат
04 наурыз 2023 ж. 277 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930