Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем чемпионы Дидар Мұхамеджановқа спорттық арба сыйға тартты

Әлем чемпионы Дидар Мұхамеджановқа спорттық арба сыйға тартты

Әлем чемпионы Дидар Мұхамеджановқа спорттық арба сыйға тарттыЕліміздің абыройын асқақтатқан пара каратэшілермен Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Ермекұлы, «BI Group» басқарма төрағасының Бизнес-сервис жөніндегі орынбасары, Астана қаласы мәслихатының депутаты Талғат Кожахметов және қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев паралимпиадалық жаттықтыру орталығына арнайы барып Әлем чемпионатынан жеңiспен оралған пара каратэшілерді құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған жарыста қос алтын иеленген астаналық Дидар Мұхамеджанов пен Ләззат Жүсіповамен кездесу барысында Ерлан Ермекұлы Астана қаласының спорт саласындағы жетістігі тағы бір үлкен жеңіспен толыққанын, бұл жетістіктің күшті рух пен үздіксіз шынығу және үлкен еңбектің арқасында келгенін айтып өтті.
Сіздерді жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Кез келген спортшыға бұйыра бермейтін Сіздердің айқын жеңістеріңіз барша қазақ елінің жеңісі, оның ішінде Астана қаласы үшін зор мақтаныш. Ата-аналарыңыздың көз қуанышы болып, осындай жетістіктеріңізбен қуанта беріңіздер. Осы орайда, спортшылардың айтулы жарыста алтыннан алқа тағынып, жеңіс тұғырынан көрінуіне, осындай каратэ шеберлерін спортқа баулыған жаттықтырушыларының еңбегі өлшеусіз, – деді қалалық мәслихат хатшысы.
Мәслихат депутаты Талғат Қожахметов спортшы Дидар Мұхамеджановты әлем чемпионы атануымен құттықтап, арнайы спорттық арбаны сыйға тартты.
Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Талғат Тімкенұлы осындай спорттық арбаны сыйға тарту етеді дегенде қатты қуандым. Қуанышымда шек жоқ. Алдағы уақытта сенімдеріңізді ақтап, биік белестерден көрінуге бар күш-жігерімді саламын, - деді әлем чемпионы Дидар Мұхамеджанов.
Қонақтар кездесу барысында паралимпиадалық жаттықтыру орталығын аралап, спортшылармен тілдесіп, алдағы желтоқсан айында Ташкентте өтетін пара каратэден Азия Чемпионатында ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі. 
Еске сала кетейік, ағымдағы жылғы 25 мен 30 қазан аралығында Италияның Бергамо қаласында өткен пара-каратэден әлем чемпионатына әлемнің 16 елінен спортшылар қатысып, астаналық пара каратэ шеберлері әлем чемпионатында топ жарған болатын.
12 қараша 2022 ж. 1 699 0