Астанада үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды
Астана қаласының әкімдігінде Спорт күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Шара барысында елордалық дене шынықтыру және спорт қайраткерлері, сондай-ақ Президенттік дайындық деңгейі нормативтерін сәтті орындаған жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.
Шараға ірі халықаралық жарыстарда Астананың намысын қорғаған спортшылар, еңбек сіңірген жаттықтырушылар мен елордалық спорт мектептерінің жетекшілері, сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов қатысты.
- Сіздерді төл мерекелеріңіз – Спорт күнімен құттықтаймын! Жылдан жылға Астанада спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатындар саны артып келеді. Бүгінде 288 мыңға жуық астаналық тұрақты түрде спортпен айналысады. Баршаңызға алғыс айтамын! Сіздер қоғамның игілігі үшін еңбек етіп жүрсіздер, мықты, дені сау жастарды тәрбиелеп жүрсіздер! – деді Ермек Аманшаев.Президенттік дайындық деңгейі нормативтерін сәтті орындағаны үшін Астана қаласы мәдениет және спорт басқармсының ведомствоға қарасты ұйымдарының қызметкерлері «Сергектік пен денсаулық» және «Шынығуды жетілдіру» төсбелгілерімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тестілеріне 105 адам қатысты. Оның ішінде, 13 қызметкер Президенттік дайындық деңгейінің нормативтерін тапсырды. Атап айтқанда, №9 БЖСМ жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Ирина Щетинина, «Алау» мұзайдын сарайының спорт бөлімінің басшысы Эльмира Аджибаева, Олимпиадалық резервті дайындау орталығының психологы Анастасия Бибикова, «Жастар» театрының бас бухгалтері Руслан Аленов, №5 ОРБЖСМ жетекшісі Қуат Тілегенов, Олимпиадалық резервті дайындау орталығының басшысы Самат Қабдулин, №9 БЖСМ басшысы Айдын Тоқбаев, «Жастар» театрының директоры Ернар Жұматаев, №4 ОРБЖСМ басшысының орынбасары Георгий Степанов, «Алау» мұзайдын сарайының спорт жөніндегі менеджері Ерлан Өнербек.
Президенттік тестілерге жақын және алыс қашықтықтарға (60м, 100м, 1000м, 3000м) жүгіру, бір орыннан ұзындыққа секіру, шалқалап жатып, денені көтеру, тартылу, пневматикалық винтовкадан 5 рет ату, жүзу, сондай-ақ граната тастау кіреді.
«Астана - 20 жыл» төсбелгісімен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиадалық резерв дайындау орталығы директорының орынбасары Николай Дрютов марапатталды.
Спорт күні қарсаңында «Дәулет» спорткомбинатының директоры Қуандық Елжановқа, Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Имашевқа, «Жігер» спорт клубының директоры Азамат Хамзинге, «Достық» спорткомбинатының директоры Азамат Иманбаевқа, сондай-ақ, Астана қаласының спорт мектептері мен мекемелерінің жаттықтырушылары мен қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды.
Қазіргі кезде Астана қаласының 10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 7416 бала білім алуда, оның ішінде 6586 – олимпиадалық спорт түрінен, 830 – олимпиадалық емес спорт түрінен. Спорт мектептерінде 50 спорт түрінен спортшылар дайындайды, соның ішінде 39 - олимпиадалық, 11 – олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері.
2018 жылдың І жартыжылдығында республикалық және халықаралық жарыстарда елордалық спортшылар 2500 аса медаль олжалады. Сонымен қатар 91 спортшы «Спорт шебері», 331 – «Спорт шеберіне кандидат» атағын иеленді, 235 – «I разряд» алды. Аталған кезеңде елордалық спортшылар қалалық, республикалық және халықаралық деңгейлердегі 1133 спорттық шараға қатысты.
Жыл басынан бері Астанада 300 жуық спорттық-бұқаралық шара өткізілді, оның ішінде 43 - халықаралық, 47 – республикалық және 200 астам қалалық шара.
Қалалық құрама жазғы және қысқы спорт түрлерінен республикалық кешенді жарыстарда көш бастап келеді. Оның үстіне, Астана қаласының спорт мектептері Қазақстан Республикасының ұлттық құрамаларын жасақтауда басты донор болып табылады. Елордалық бапкерлер 20 жуық Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлерін тәрбиелеп шығарды, оның ішінде Данияр Елеусінов, Василий Левит, Гюзель Манюрова, Марина Вольнова, Сергей Яшкин, Асхат Жіткеев, және т.б. бар.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2017 жылдың қорытындысы бойынша қалада 671 спорт ғимараты бар. Елорданы Астанаға ауыстырғалы қалада халықаралық стандарттарға сай жаңа бірегей нысандар бой көтерді, мысалы, «Астана-Арена» стадионы, «Барыс Арена» көпфункционалды кешені, «Алау» мұзайдын сарайы, «Сарыарқа» республиклық велотрегі, «Қазанат» атшабары, бүгінде жекпе-жектер сарайының құрылысы жүргізілуде.
Үстіміздегі жылы 4 шілдеде Паралимпиадалық жаттығу орталығы ашылды. Бұл әлемдік стандарттар бойынша жобаланған, паралимпиадашы атлеттер үшін барлық жағдайлар жасалған жалғыз Паралимпиадалық жаттығу орталығы.
Алдағы уақытта елордалық спортшылар Индонезияда XXVIII Жазғы Азия және Паралимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғайтын болады. Дүбірлі дода 18 тамыз - 2 қыркүйек аралығында өтеді. ҚР ұлттық құрамасының сапында 20 спорт түрінен 50 жуық астаналық спортшы жарысқа түспек.
Baq.kz сайты