Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азия чемпионатын бағындырған қос зілтемірші

Азия чемпионатын бағындырған қос зілтемірші

Тау көтерген Толағай тек ертегіде ғана кездеспейді. Ауылдан шығып, аз уақыттың ішінде талай үздікті басып озып, әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегері атанған зілтемірші Асылжан ­Бектай мен Айзада Мүптилда сөзімізге дәлел. Жуырда олар ауыр атлетикадан Азия чемпионатында топ жарып, алтыннан алқа тағынды.
Зілтемірші жігіт Асылжан Бектай 89 келі салмақта қатысты. Жұлқа көтеруден 165, серпе көтеруден 197 келі, қос сайыс қорытындысымен 362 келіні бағындырған шиелілік толағай жүлделі І орынды жеңіп алды. Ең бастысы Асылжан осы жеңісінен соң халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.
Сонымен қатар тағы бір ауыр атлетикадан жерлесіміздің жеңісін сүйіншілемекпіз. Жуырда Айзада Мүптилда Бахрейннің ­Манама қаласында өткен ауыр атлетикадан жеңіспен оралды.
Бидайкөл ауылының тумасы Айзада Мүптилда қыздар арасында Манама қаласында өткен жарыста 87 келі салмақта өнер көрсетіп, серпе көтеруден 120 келі, жұлқа көтеруден 157 келі көрсеткішпен рекорд орнатты. Сөйтіп, қоссайыс қорытындысы бойынша 277 келіні бағындырған Айзада алдына жан салмай, чемпиондық тұғырға көтерілді.
– Бүгінде ел үмітін арқалаған Айзада уақытының басым бөлігін жаттығу залында өткізеді. Ол өзіне артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін сезінеді. Сондықтан да бар-күш жігерін салып жаттығуда. Нәтиже жаман емес. Міне Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Шәкіртімнің әлі талай бәсекеге толы сындарда топ жаратынына үміт артамын, – дейді бапкері А.Абдраев.
Иә, «Шын талантқа тұсау жоқ» депті ескінің есті сөзінде. Жігері мықты, мұраты асқақ Асылжан мен Айзада әлі талай Әлем чемпионатында топ жаратынына бек сенімдіміз.

Ш.Тілеубаев
19 қазан 2022 ж. 644 0