Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ат спорты фестивалі. Көкпар

Ат спорты фестивалі. Көкпар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақмола облысы, Аққөл ауданы Ақкөл қаласының ипподромында ат спорты түрлері бойынша облыстық фестиваль өтті.

Фестиваль барысында көкпар, жамбы ату, теңге ілу және 7 шақырымға ат жарысы өткізілді.
Ұлттық ат спортын дәріптеу, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайысқа Ақмола облысының Ерейментау, Шортанды, Целиноград, Аршалы, Ақкөл, Зеренді аудандарынан ұлттық спорт жанашылары, спортшылар қатысты.
Сондай-ақ, фестивальге Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ұлттық спорт мектептерінің басшылары келді.
Сайыстың өтуіне облыс әкімдігі, «Кенесары сарбаздары» қоғамдық қоры және облыстағы ұлттық спорт мектептері мұрындық болған.
Сонымен, Ерейментау, Ақкөл, Целиноград және Аршалы аудандарынан келген көкпаршылар өзара мықтыны анықтады.
Алғашқы ойын Ерейментау ауданы мен ақкөл ауданы арасында өтті. Тартысты ойында ерейментаулықтардың десі басым болып, 3:1 есебімен ақкөлдіктерді өз алаңында жеңілуге мәжбүр етті.
Екінші ойын Аршалы ауданы мен Целиноград ауданы Софиевка ауылынан келген команда арасында өрбіді. Өте тартысты өткен ойында екі команда да бір-біріне есе жібермеуге барын салып бақты. Дегемен, айласы мен аты, әдісі мен тақымы мықты алатын ойында Софиевкадан келген саңлақтар Аршалыға сан соқтырды. Есеп – 2:1.
Үшінші ойында Ақкөл мен Аршалы үшінші орынға таласты. «Жеңілгеннің ызасы ішінде» дегендей екі команда да «өліспей беріспеуге» бекінді. Бірақ, серке салмағының ауыр болуына байланысты ойын тым қызып кетпеді. Десе де екі команда арасындағы тартыста Ақкөлдіктер жеңіске жетіп, фестивальдің үшінші орнын иеленді.
Финалдық бәсекеде Ерейментау командасы мен Софиевканың жігіттері жолықты. Фестиваль аясындағы ерекше тартысты ойында Ерейменнің жігіттері ерледі. Есепті 5:0 болдырған ереймендіктер Софиевканың «Құлатай» командасын екінші орынды қанағат тұтуға мәжбүрледі.
Жарыс соңында жеңімпаздарды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов бұл фестиваль келесі жылы басқа бір ауданда өтетінін айтты.
Соңғы 5-6 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл фестиваль келесі жылдан бастап басқа аудандарда ұйымдастырылатын болады. Әйтпесе жылда Көкшетауға, жылда Ақкөл ауданына ғана керек секілді осы аудан өткізіп келеді. Биылдан соң әр аудан ұйымдастырып, содан кейін Көкшетауда облыс бріншілігі секілді өтетін болады – деді ол.

Көкпар ойыны бойынша жүлдегерлер марапатталып, жеңімпаздарға құтты болсын айтылды.

1-орын – Ерейментау ауданы - 300 000 тг
2-орын – Целиноград ауданы - 200 000 тг
3-орын – Ақкөл ауданы - 100 000 тг
4-орын – Аршалы ауданы - 50 000 тг
17 қазан 2021 ж. 550 0