Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бойында бұла күштің қайнары бар

Бойында бұла күштің қайнары бар

Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ болмасы аян. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз де осы» деген жолдарды ой жібере оқып, зердемізге тоқып жүрген жайымыз бар.

«Жігіттің жақсысы – нағашыдан»
Әр халықтың, әр аймақтың атын асқақтатқан атақты тұлғалары бұрын да болған, қазір де бар. Солардың бірі – көптің аузында «Ғабит палуан» атанып жүрген Ғабит Тәжбенов. Ол 1968 жылы қаңтар айының бірінші жұлдызында Шиелі ауданы, Бала би ауылында дүниеге келген. Әкесі Рантай мен анасы Алмагүлдің тәрбиесін көріп өскен Ғабит ес жиып, оңды-солын тани бастағанда-ақ спортқа үйірсек болды. Оның үстіне нағашы жұртында бар палуандық жас Ғабитті де айналып өтпеді. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, нағашы аталарында бар палуандықты өз бойынан байқағаннан кейін, онымен шындап шұғылданды. Әрине, спорт саласына өз бетінше келмеді. Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қанатты сөз бар емес пе? Көптің ішінде Ғабиттің бойындағы талантын алғашқылардың бірі болып байқаған – Әлімбай Дәулетов еді. Бойында бұла күштің қайнары бар екенін көрген Ә.Сағынбайұлы сол сәттен бастап Ғабиттің алғашқы ұстазына, жаттықтырушысына айналады. Жас спортшыны бесінші сыныптан бастап-ақ күреске шыңдап, боз кілемде белдесуге баулиды. Бүгінде алғашқы жаттықтырушысы әлі күнге дейін қазақтың қара баласы қандай ыждағаттылықпен жаттығу залына келіп, дайындалатынын еске алып отырады. Сірә, көптің ішінен суырылып шығып, ұстаздың есінде қалғаны Ғ.Тәжбеновтың спортқа деген сүйіспеншілігінің арқасында шығар.

Боз кілемде белдескен алғашқы жылдар
Орта мектепті тәмамдағаннан кейін Ғ.Тәжбенов Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт ата атындағы жоғары оқу орнына түседі. Бірақ ол студент атандым, жаңа өмір бастадым деп спорттан жырақ кетпейді. Керісінше, үлкен өмірдің баспалдағын аттаған соң спорттағы жетістігі де ұлғайып, палуандық өнері де дами береді. Кілемге сан рет шығып, облыс намысын абыроймен қорғап шығады. Ә дегенде қазақша күрестің айла-тәсілін меңгеріп, кейін классикалық күрес, самбоны үйреніп, қарсыластарына есе жібермейді. Ал, 1990 жылы Кентау қаласында қазақша күрестен өткен республика біріншілігінде 90 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, спорт шеберінің нормасын орындайды. 1991 жылы Павлодарда самбодан екінші орынды иеленеді. 1992 жылы Қостанайда студенттер арасындағы универсиадада қазақша күрестен бірінші орынды жеңіп алады. Дәл осы жылы Ақтөбеде самбо күресінен республика чемпионаты атағын иемденді. Сол жылы Қарағандыда дзю-до күресінен республика біріншілігінде екінші орынды қанжығасына байласа, Жамбылда өткен классикалық күрестен республика чемпионы болды. 1993 жылы Қызылордада өткен республика біріншілігінде чемпиондық атақты жеңіп алып, биік тұғырға көтерілді. Сол жылы еліміздің командасы сапында Бұхарадағы турнирге қатысып, жүлдегер атанды. Әлде де тізімді жалғастыра беретін болсақ Ғабит Тәжбеновтің жеңіске жетіп, олжа салған кезі аз емес. Әрине, жеңіс бар жерде, жеңіліс те болады. Сол сияқты Ғ.Тәжбеновтің де бәсекеде бағы емес, бабы шапқан кездер де бар. Мұндай сәтте нар тұлғалы азамат сағын сындырмай, керісінше әр жеңілістен тәжірибе жинақтауға тырысады. Бұл туралы өзі «Жеңіліс тапқан кездер де кезігеді. Ондай да жағдайлар болған. Әсіресе, есімнен кетпейтіні Павлодар қаласында өтіп жатқан біріншіліктің финалында Нұрғалиев деген палуанды жеңіп тұрып, соңғы секундтарда жеңіліп қалдым. Әрине, қарсыластың оңайы болмайды. Сондықтан әрқашан сақ жүріп, әбжіл қимылдау керек» дейді бір сұқбатында түйе палуан.

Спортта саңлақ, еңбекте ер
Бапкер болу – жігер мен табандылықты талап етеді. Сол себепті болашақ спорт саңлақтары өз жаттықтырушыларына үлкен сенім артады. Спортта саңлақ, еңбекте ер атанған Ғабит Тәжбеновтің бұл салада да бағы жанып, талай шәкірттің қанатын қомдап, биік белесті бағындыруға мұрындық болатыны белгілі. Себебі, ол өзі жастайынан спортпен айналысып, күрестің де айла-тәсілін толық меңгерген еді. Міне, осындай қабілет-қарымының арқасында ол 1993 жылы еңбек жолын Шиелі аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып бастайды. Арада бес жыл өткен соң осы спорт мектебінің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне ауысады. Меңгеруші болып жеті жыл жұмыс істеген соң, 2005 жылы №9 Шиелі ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры болып тағайындалып, бүгінге дейін осы қызметті табан аудармастан абыроймен атқарып келеді.
Егер шәкірті жетістікке жетсе, ұстазына одан асқан қуаныш жоқ. Жаттықтырушы немесе спорт мектебінің директоры үшін де солай. Егер өз мектебіндегі оқушылар жеңімпаз атанып, бәйгеде оқ бойы оза шапса бақыт емес пе? Олай болса спорт мектебінің директоры Ғ.Тәжбенов үшін мұндай қуанышты сәттердің аз болмағанын сеніммен айта аламыз. Себебі, Шиелі ауданының намысын қорғап, туған жерге жүлдемен оралып жүрген жасөспірімдеріміз жеткілікті. Атап айтар болсақ, Д.Маратұлы, А.Мүптілда, А.Сансызбаева, С.Төрехан, Ұ.Әбдіғани, Н.Нұржанұлы, Ш.Төлебаева, Р.Ертай, А.Сейтман, Ж.Сейдахметов, Ж.Әбубәкір, С.Ажарбай, Ж.Әмірхан, И.Хазуев, А.Кенжебек, И.Серикбаева, М.Шадманұлы, Б.Төлепов, Ж.Әбубакиров, М.Қоқантаев сынды болашақ чемпиондардың барлығы білегі мығым бапкерлерден дәріс алып жүрген, Ғ.Тәжбенов басқаратын №9 Шиелі ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің шәкірттері. Ғабит Рантайұлының шәкірттерінің арасында бүгінде беделді қызмет иесі, елге сыйлы азаматтар да жеткілікті. Олардың қатарында Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасындағы «Нұр жолы» (жүктік) шекаралық бақылау бөлімінің бастығы, майор – Нұрман Арысбаев, Шиелі аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нариман Сапарбаев, Талаптан ауылдық округінің әкімі Амангелді Өмірәлі де бар.
Ғабит Тәжбенов директорлық қызметте жүріп, өзін ұйымдастырушылық жағынан да жақсы таныта білді. Ол басшылық еткен жылдары қазақ күресінен жыл сайын турнир өтіп, ұлттық күрестің жалауын желбіреткен спортшылардың аты ауданға таныла бастады. Мәселен, 2006 жылдан бастап М.Шоқай атындағы республикалық турнир өткізілуде, ал Бала би баба атындағы турнир 2010 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Тек қазақша күрестен ғана емес ауыр атлетикадан да турнир өткізуді Ғ.Рантайұлы қолына алған. Оның бастамасымен ауыр атлетикадан 2016 жылдан бастап Ы.Жақаев атындағы турнир болып жүр. Ал қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты жылына бір рет ұйымдастырылады. Осындай турнир мен үздіксіз жаттығудың арқасында жыл сайын мектептен 10-15 спорт шебері, 20-25 спорт шеберіне үміткер, 40-45 І разрядшы спортшылар дайындалуда.
Әрине, спорт шеберлері дайындалып, байрақты бәсекеде топ жарып жатқаны жалғыз жаттықтырушының ісі емес. Қандай да бір оқушы уақыт өте келе чемпион атанып жатса, оның артында бір адамның ғана емес, бүтіндей бір ұжымның еселі еңбегі жатқаны мәлім. Осы орайда, №9 Шиелі ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің атын асқақтатып, болашақ чемпиондарды даярлауда тынымсыз еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларды да айтпай кетпесек болмас. Ғабит Рантайұлы айналасына өзі секілді спортта саңлақ, еңбекте ер азаматтарды жинай білген. Олардың қатарында волейбол бөлімшесінің жаттықтырушысы Өтепберген Әбдраманов, ауыр атлет бөлімшесінің жаттықтырушысы Мұхаммед Тұрысбеков, таеквондо бөлімшесінің жаттықтырушысы Сүндетхан Смайл, қазақ күресі бөлімшесінің жаттықтырушысы Бауыржан Мырзалиев, греплинг бөлімшесінің жаттықтырушысы Нариман Елупановтың және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Серік Рахметовтің есімі ерек.

Еткен еңбек, төккен тердің жемісі
Бүгінде еңселі елуді бағындырған Ғабит Рантайұлы әлі де еселі еңбек етіп келеді. Оның түрлі марапат биігінен көрініп, көпке сыйлы болуы мамандық майданындағы жемісті жұмысын айғақтайды. Әңгіменің әлқиссасында айтқанымыздай нар тұлғалы азаматтың жетістігін санамалай берсек, оның олжа салған, марапат алған сәттері аз емес. Алайда, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар емес пе? Осы орайда кейіпкеріміздің спорт мектебінің директоры болып қызмет атқарып жүргендегі жеткен жетістіктеріне тоқтала кетуді жөн санадық. Ол «Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына 60 жыл» төсбелгісімен, «Ыбырай Жақаевқа – 125 жыл» медалімен, «Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері» медалімен марапатталған. Сонымен қатар, 2012 жылы қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының жоғары дәрежедегі ұлттық спорт төрешісі» атағын иеленеді. Сол жылы аудан әкімі болған Н.Нәлібаев Ғ.Рантайұлын «Үздік спортшы» номинациясымен марапаттайды. Қазақ күресінің өркендеуіне қосқан үлесі және сіңірген еңбегі үшін дүниежүзілік «қазақ күресі» федерациясының атынан дипломға ие болады.

Қызметте абыройлы, отбасында сыйлы
Адам ұрпағымен мың жасайды. Осы ретте тұғырлы тұлғаның ізін басар ұрпағы туралы айтпай кетпеске болмас. Ғабит Рантайұлы – отбасының ұйытқысы. Бір шаңырақтың астында зайыбы Гүлназ екеуі тату-тәтті өмір сүруі де тегіннен тегін емес. Отбасы шағын мемлекет болғандықтан барлығы оның қалай басқарылуына, басшылық жасауына байланысты. Ал біздің кейіпкеріміз қоғамда ғана емес, тұрмыста да үлкенді кішірейтпейді, кішіні алаламайды. Соның арқасында ұл мен қыз тәрбиелеп отыр. Қызы Гүлжанат Шиелі ауданы әкімдігінің есеп бөлімінде бас бухгалтердің көмекшісі қызметін атқарса, ұлы Райымбек «Әке көрген – оқ жонар» дегендей, әкесінің салған сара жолымен спортты таңдап, бүгінде ауданның ғана емес, еліміздің де атын асқақтатуда. Райымбек Ғабитұлы жас болса да талай бәсекеде бақ сынап, қазақ күресінен жасөспірімдер арасында екі мәрте Қазақстан Чемпионатының жеңімпазы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, ҚР спорт шебері атанды. Райымбектің жаттықтырушысы – әкесі Ғабит Тәжбенов. Бүгінде Райымбек аудандық спорт клубында жаттықтырушы болып қызмет атқаруда. Алдағы уақытта Райымбек те әкесі әрі жаттықтырушысы бағындырған белесті бағындырады деген сенімдеміз.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
05 қазан 2021 ж. 765 0