Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖАРАДЫ

ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖАРАДЫ


Ақыл айту, тыңдау біздің қалпымыз бен салтымызда әлімсақтан бері бар. Сондықтан болар, «ақылды бол, балам» дейтін ата-ананың өсиетін өгейсітпей өзімізге, өңімізге сіңіріп өсеміз. Ақыл бар жерде, әрине, нақылдың да қатар жүретіні белгілі. Бала кезімізде қолымыз қалт етсе қарап қалмай, ала доптың соңынан кететін едік. Сонда үлкендер жағы «әй, жүгірмектер, асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» – деп зекитін. Бірақ, бүгінгі таңда доп ойнағандардың дені алдыңғы қатардан көрініп, оза шауып жүр.
Футболдың әлемдегі нөмірі бірінші спорт екеніне ешкімнің де таласы жоқ. Англиядан бастау алып, әлемді жаулаған футболмен бүгінде жер шары тыныстап тұр. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін футбол ойыны десе бәрін тастап, теледидарға телміретіні анық. Алаңдағы жиырма екі футболшыны ала доптың артынан жүгіртіп, миллиардтаған жанкүйердің сол жиырма екінің қимыл қозғалысына бас алмай қарайтындай қандай құдіреті барын кім білсін? Бір анығы, бүгінде футболдың сұлу қимылы мен бас айналдырар комбинациясынан артық тартымды спорт бар дегенге ешкімді сендіре алмайсың, сол сияқты мұнан артық спорттың түрін адамзат ойлап табады дегенге, кімнің болса да сенімінен күдігі басымдау. Әлем елдеріндегі танымал футболшыларды былай қойғанда, өз елімізде де талантты спортшылар жетерлік. Олардың барлығын айта берсең көп-ақ... Осындай мықты спортшылардың біршамасы бүгінгі таңда ел мәртебесін асқақтатып, абырой биігінен көрініп жүр. Осы мақалада Шиелі ауданында өмірге келіп, бүгінгі таңда еліміздің абыройын асқақтатып, мерейімізді үстем етіп жүрген жерлесімізді аудан тұрғындарына мақтан етуді жөн көрдік. Байтақ даламызды барын салып қорғаған батыр бабаларымыздың сарқыты сынды саңлақ спортшымызды әркез мақтан тұтамыз. Бүгін біз ауданан шыққан белгілі футболшы Берік Садықұлы туралы айтпақпыз.
Берік Ермағанбетов 1984 жылдың 24 қазанында Шиелі кентінде дүниеге келген. Бала күннен спортқа құмар болған ол 6 жасынан бастап аудандық «балалар мен жасөспірімдер» спорт мектебінің футбол секциясына қатысып, алғашқы ұстазы Нұрман Сақиұлынан сабақ алған. Мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, Тараз қаласындағы Н. Дулати атындағы Университеттін инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, дип­лом алып шығады. Одан кейін Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновация Университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін тәмәмдайды. Оқуда озат болған Берік түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлайды. Өзі оқыған оқу орындарының абыройын асқақтатып, көпшіліктің көзайымына айналады. Одан бөлек облыстық жарыстардың және «Алтын күз» спортакиадасының бірнеше дүркін чемпионы атанып, облыстық кубок жарысының жүлдесін иемденеді. 2021 жылдың 19-23 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында 35 жастан асқан спорт ардагерлері арасында кіші футболдан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында облыстық құрама команда сапында өнер көрсетеді. Жерлесіміз Берік Садықұлы облыс намысын абыроймен қорғап, әр облыс пен қалалардан қатысқан 32 команда ішінде аудандағы тұңғыш рет жүлделі екінші орынды жеңіп алған алғашқы «ардагер футболшы» атанады. Осы жүлделі орынды алғаны үшін чемпионаттың күміс медалымен және дипломмен марапатталады. Оның осы дәрежеге жетуі – тынымсыз жаттығулар мен жеңіске деген күш-жігерінің арқасында.
Бүтіндей Сыр елінің намысын арқалаған ардагер жерлесімізге алдағы байрақты бәсекеде сәттілік тілейміз.

Сымбат Сұлтан
07 қыркүйек 2021 ж. 325 0