Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » UFC-дегі қазақ батырлары

UFC-дегі қазақ батырлары


UFC әлемге әйгілі ережесіз жекпе-жек алаңы. Турнир бізге Конор Макгрегор, Хабиб Нурмагомедов, Нейт Диас, Тони Фергюсон, Энтони Петтис, Дастин Порье, Джастин Гэйтжи секілді түрлі спорт шеберлері арқылы белгілі. 1-2 жылдың көлемінде UFC-ге қазақ балалары да қадам баса бастады. Дегенмен көбінің көрсеткіштері көңіл көншітпей келеді.
Ultimate Fighting Championship негізі сонау 1993 жылы қаланған турнир. Алғашында тек бір рет ең үздік жекпе-жек түрін анықтау мақсатында өткізілгенімен, кейіннен бөлек бір промоушенге айналады. 2006 жылдары ерекше танымалдылыққа ие болып, көрермендер саны артты. Бірнеше жекпе-жек түрлерін қамтитын бұл спорт алғашқы жылдары АҚШ-та қатігез спорт түріне жатқызылып, телеарналарда көрсетуге шектеу қойылды. Себебі алғашында кез келген салмақтағы спортшылар бір-бірімен айқаса алатын еді. Тіпті құлақтан тістеп, шаштан тартуға рұқсат берілген. Ал спортшылардың салмақ айырмасы 180 киллограмға жеткен кездер де болды. Дегенмен алғашқы турнирлер салмақтың көп нәрсені шешпейтінін көрсетті. Өйткені алғашқы 3 турнирді салмағы бар болғаны 78 киллограм болатын Ройс Грейси жеңіп алған. Сонымен бірге көпшіліктің көкейінде бір сұрақ болды. Ол «балуан боксшыны тізе бүктіре ала ма?» деген сұрақ еді. Көпшілікті таңқалдырып алғашқы турнирде балуандар жеңіске жетті. Үкіметтің қысымынан кейін UFC Нью-Джерси Штатының спорттық коммисиясымен бірігіп өз ережелерін бекітті. Ережеге сай титулдық кездесулер 5 раундқа, жай кездесулер 3 раундқа созылады. Спортшылар қалыңдығы 2,5 см болатын жеңіл қолғап, капа мен кең шорты киуге міндетті. Промоушен тіпті «Чемпиондар аралы» деп аталатын Дубайда үлкен жекпе-жек алаңын тұрғызды. Турнирде спортшылардың гонарары әртүрлі болады, бір спортшы 4 мың доллар ғана алса, екіншісі 1 миллион доллар гонарар алуы мүмкін. Ең алғаш 1 миллион доллар гонарар алған ол Конор Макгрегор болды. UFC дің одан әрі танымалдылығын осы Макгрегормен байланыстыруға да болады. Кейіннен әрине Хабиб, Дастин, Гэтжи бұл турнирдің көркін қыздырды. Ал Қазақстандық спортшыларға келер болсақ, ең алғаш UFC-де кездесу өткізген Дамир Исмағұлов болды. Ол бұл турнирге келмей тұрып 17 кездесу өткізіп, 1 кездесуде жеңілген. Промоушінге келгеннен кейін 3 кездесу өткізіп барлығында төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Бұл кездесулерде Дамир бауырымыз Алекс ­Горджис, Хоэль Альварес, Тиагу Мойзис сынды шеберлермен жұдырықтасты. Ресейдің Оренбург (Орынбор ертеректегі Қазақстан территориясы) қаласында туылғанына қарамастан ­Дамир атажұртын ұмытпай қос елдің туын қатар алып шығады. Жалпы Дамирдың аяқ алысы жаман емес, көктемде келесі жекпе-жегін өткізуге дайындалуда. Ал тағы бір отандасымыз Жалғас Жұмағұловтың промоушіндегі жағдайы мәз емес. Көпшілігіміз үміт артқан спортшы UFC-дегі қос кездесуде де жеңіліп, турнирден шығып қалудың аз-ақ алдында тұр. Алдымен ол бразилиялық ­Раулиан ­Пэйвадан, кейіннен армиян спортшысы Амир ­Албазиден жеңіліс тапты. Менеджерінің айтуынша Жалғасқа тағы бір мүмкіндік берілуі мүмкін. Сондықтан отандасымыз ендігі жекпе-жекте барын салуы керек. Келесі отандасымыз ­Шавкат Рахмонов есімді қарағандылық азамат. Өзбекстан республикасында туылған ­Шавкат 2010 жылы Қарағанды қаласына көшіп келген. Әуесқойлар арасында ең жас Әлем Чемпионы атанған ол 2019 жылы M-1 Global турнирінің чемпионы атанып, ең үздік промоушен UFC-мен келісім шартқа отырды. UFC-де 2020 жылы 24 қазан күні алғашқы кездесуін Хабиб-Гейтжи мен ­Алекса «Cowboy» ­Оливейры ивентінде (бокс кеші) өткізді. Жай өткізіп қана қоймай қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңді. Тіпті бұл кездесу кештің үздік кездесуі аталуға шақ қалды. Себебі Шавкат күрес әдістерін ғана емес жұдырықтасуды да жетік меңгергенін аңғартты. Бастысы миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленіп, өзге қазақстандық шеберлерге үлкен үміт сыйлады. 27 жастағы ережесіз жекпе-жек шебері үшін бұл жеңіс 13-ші болды. Әлі күнге дейін жеңіліс таппаған ­Шавкатты көпшілігі Хабиб Нурмогамедовтың ізін жалғайды деп болжап отыр.
Енді UFC-мен келісімшартқа отыруы мүмкін отандастарымызға тоқталайық. Оның алғашқысы бәрімізге танымал Арман ­Оспанов есімді азамат. Оның қазіргі көрсеткіші (11-3). «Сұңқар» лақаб атымен белгілі спортшы өткен жылы келісім шарт жасасады деген әңгімелер болған. Дегенмен әлі күнге дейін ресми ақпарат таралмай отыр. Арманның промоушінде жұдырықтасуына ең бірінші ықпал ететін жайт оның АҚШ-та бұрын жаттығу өткізгендігінде. Келесі маңызды фактор Хабиб, Гэтжи сынды алыптардың өкілі болып жүрген Али Абдель-Азиздің біздің Арманның да өкілі болып келіссөз жүргізуінде болып тұр. Соңғы 5 кездесуінің 3 еуінде жеңіліс тапқанына қарамастан ­Арман Оспановтың әлемдік промоушінде жасындай жарқырайтынына сенеміз. Екінші үміткер жекпе-жектен бұрын интернетте танымал спортшы Қуат Хамитов. Өзінің UFC-де кездесу өткізетінін бірнеше жыл бойы айтып келе жатқан Қуат әлі күнге дейін промоушінмен келісімге келе алмауда. Жақында Максим ­Пантелеевты жойқын нокаутпен жеңгеннен кейін ол тағы да промоушінде жұдырықтасу ниетін білдірді. Дегенмен 32 жасқа келіп қалған «Найманның» енді әлемдік промоушінде өнер көрсетуі екі талай. Жалпы алғанда отандастарымыздың бұл спортта аяқ алысы жаман емес. Жаңадан қалыптасып келе жатқан бұл спорт түріне тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп, жаттығу алаңдары бой көтеруі тиіс. Себебі бокстың айналасындағы қызығушылық біршама төмендеп, қазір UFC жаңа деңгейге көтерілді.

Рамазан Әнәпия
23 ақпан 2021 ж. 765 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930