Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайсардың су жаңа бапкерінен не күтеміз?

Қайсардың су жаңа бапкерінен не күтеміз?

Қызылордалық «Қайсар» жаңа бас бапкер Сұлтан Әбілдаевтың жетекшілігімен алғашқы оқу-жаттығу ойындарын желтоқсан айында өткізді. Жиынға тек жергілікті ойыншылар шақырту алып, ал қалған құрамға қосылатын өзге футболшылар қаңтар айындағы оқу-жаттығу жиынына шақыртылатын болды.
Биылғы маусымда 7-ші орын алған Қайсардан 4 жыл бапкерлік еткен білікті маман Стойчо Младенов қызметінен кеткен болатын. Өткен маусымдағы жетістіктерін қайталай алмаған Қызылордалық ұжым алдымен Қазақстан Суперкубогында Елордалық Астанадан ұтылып, кейіннен Еуропа Лигасында да сүреңсіз ойынымен жанкүйерлерін қынжылтты. Еуропа Лигасындағы қарсыластары да осал болған жоқ. Кипрлік Апоэлмен жолыққан біздің ұжым 1-4 есебімен ойсырай ұтылды. Айтпақшы ойын Қазақстанда өтті. Бірақ Қызылорданың күрделі жөндеуден өткен стадионында емес, Шымкенттегі Қажымұхан Мұңайтпасов атындағы жасыл алаңда өтті. УЕФА-ның сөзінше біздің жергілікті стадион 1-ші іріктеу кезеңінің кездесуін өткізуге жарамайтын көрінеді. Қазақстан Премьер-лигасындағы ойындар да оңбады. Алғашқы кездесулер де Оқжетпес, Шахтер, Жетісу, Тобыл командаларын жеңгенде жергілікті ұжымнан чемпиондыққа таласатын әлеует сезінгеніміз рас. Кейіннен команданың ішінде ауызбіршілік жоғалып 13 кездесудің тек 2-еуінде ғана 3 ұпай еншіледі. Бапкермен қазақ спортшыларының сөзі жараспай команда да алауыздық пайда болды. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл кикілжіңді жарыса жазып, мәселені ушықтырды. Команда спортшыларының сөзінше бапкер оларға бір-бірімен қазақша сөйлесуге шектеу қойғанын айтты. Көп ұзамай бас бапкер өз орнын босататындығын жариялады. Болгар бапкері өз елінің БАҚ-на берген сұқбатында бұл жайытты былай баяндап берді.
– Коронавирустық инфекция ешбір елді айналып өткен жоқ. Бұл тізімде Қазақстан да бар. Вирустың салдарынан көптеген Чемпионаттар тоқтатылып жатқанда Қазақстан Футбол Федерациясы нақты шешімдер қабылдап, Чемпионатты Алматыда өткізуді мақұлдады. Бұл қалада арнайы жаттығу базалары мен қонақ үйлер жеткілікті болғандықтан бізге айтарлықтай оңай болды. Орын алған төтенше жағдайды ескерсек біздің команда орныққан 7-ші орынды үлкен жетістік деп санаймын. Ал менің өз орнымнан кетуіме кикілжіңдер себеп болған жоқ. Мен бұл командадағы уақытым аяқталды деп санадым және жаңа клубта өзімді сынап көргім келді, – деп бапкер өз сөзін аяқтады.
Ал жаңа бапкерге келер болсақ. Енді Қайсарды жергілікті бапкер Сұлтан Әбілдаев жаттықтырады. Сұлтан Әбілдаев 1970 жылы 21 наурызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Кәсіби футболшы. Алаңда жартылай қорғаушы қызметін атқарған. Мансабының басым бөлігін «Қайсар» футбол кубында өткізген. Тек 2002 жылы бір маусым «Атырау» командасында ойнаған. Сұлтан Әбілдаев «Қайсар» футбол клубының тарихында ең көп ойын өткізген футболшы. Қазақстан Ұлттық Құрамасының намысын қорғаған. 2005 жылы мансабын аяқтаған соң, бапкерлік қызметке ден қояды. Алдымен футбол орталығында шәкірт тәрбиелеумен айналысса, 2009 жылы «Қайсар» командасын жаттықтырады. 2010 жылы бас бапкердің көмекшісі қызметін абыроймен атқарды. 2016 жылға дейін клубта түрлі бағытта қызмет атқарып, 2016 жылы «Қайсар» футбол клубына бас бапкер қызметіне тағайындалып, команданы Бірінші лигадан Премьер-лигаға шығарады. Сол жылы Бірінші лига арасында ең үздік бапкер атағына ие болды. Бүгінде жергілікті жаттықтырушы өңір футболының дамуына үлес қосып келеді. Сонымен қатар үстіміздегі жылдан бастап осы уақытқа дейін «Байқоңыр» футбол клубының бас бапкердің кеңесшісі қызметін атқарып келді. Айта кетейік, Сұлтан Әбілдаевқа жергілікті жаттықтырушылар Қанат Шерімбетов пен Ерлан Шойтымов көмек көрсетеді. 2016 жылы Қайсарды Бірінші Лигадан шығарған бапкердің неге сол уақытта қызметінен босатылғаны әлі күнге дейін түсініксіз болып қала бермек. Дегенмен алдағы уақытта бапкердің жетекшілігімен Қайсар командасынан толағай табыстар күтеміз.

Рамазан Бектұрғанұлы
11 қаңтар 2021 ж. 370 0