Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мхитарян, Кокориннен кем емес». Ресей Исламханды қалай қабыл алды?

«Мхитарян, Кокориннен кем емес». Ресей Исламханды қалай қабыл алды?

Төрт күн бұрын Prosports.kz порталында Бауыржан Исламхан мен «Зенит» жайлы ақпарат тарағалы бері Қазақстан мен Ресей басылымдарында тыным болмады.
Көрші елдің атақты сайттары Исламханның «Зенит» футболшысы атануы қаншалықты мүмкін екенін саралап та үлгерді.

Әрине, біз білетін Бауыржанның осал тұстарын олар да жақсы біледі. Дегенмен, өз футболшыларының еркіндігі мен еркелігінен шаршаған, бірнеше миллиондаған долларға жасалған келісімшарттары болса да, команданы алға жетелей алмай жүрген шетелдік ойыншылардан әбден көңілдері қалған ресейліктер «Қайраттың» бұрынғы футболшысын жылы қабылдады деуге болады.
Ресейлік «Чемпионат» порталы Бауыржан Исламханды 2020 жылдың қаңтар айынан бастап танымал еркін агенттердің ТОП-бестігіне кіргізді.
«26 жастағы шабуылдаушы жартылай қорғаушысы «Қайратпен» келісімшартын аяқтап, еркін агент атанды. Бір қарағанда, Исламхан күтпеген жерден «Зениттің» оқу-жаттығу жиынына шақырылды. Алайда саралай келсек Сергей Семакқа әбден керек футболшы. Сапалы плэймейкер. Бірге-бір кез келген қарсыласты артта қалдырып кете алады. «Қазақстанда келешегі зор жастар бар», - деген еді екі жыл бұрын Андрей Аршавин. - Исламхан армян Генрих Мхитаряннан кем емес. Тек қабілетін ары қарай дамыта түсу керек - деп жазды сайт өз материалында.

Soccer.ru «ЕАЭО футболшыларының ең басты минусы» деген үлкен мақала шығарды. Мақала Исламхан мен өткен жылы бірнеше ай түрмеде жатып шыққан Александар Кокоринді салыстырумен басталды:

«Зенитте» Қазақстанның үздік футболшысы жүр. Деңгейі жоғары ойыншы. Кокоринмен салыстырғанда, жан-жақты. Себебі, Александр жиі финт жасамайды, алыстан соққы бағыттау мықты тұсы емес, қарсылас қорғанысын қиып түсіретін пастарға дер кезінде ашылмайды, өзі де ондай пастар бере алмайды»
Сосын, Исламханды Месси, Депай және Марез секілді әлем футболының жұлдыздарымен бір қатарға қоюдан қысылмады:
«Қайрат» капитаны өз отанында қалған футболшылардан бір бас жоғары тұрды. Соған лайық ойнады. Әдемі әрі нәтижелі. Алыстан естен тандырар голдарды жиі соқты. Еуропаның үздік бес чемпионатында бұндай ерекше қасиетпен айып соққылардың патшалары Месси, Депай, допты шиіре тебетін Марез стиліндегі футболшылар ғана мақтана алады»
Одан кейін, Исламханның осал тұсын дөп түсіп жазды:
«Кокоринмен бір байланыстыратын жері, екеуі де алаңда шешімді кеш қабылдайды. Неліктен, 27 жасында еркін агент? Неге, Ла Лига, Италия А Сериясы және Бундеслига клубтары Исламхан үшін кезекте тұрған жоқ? Себебі, жылдамдығы төмен лигада ғана өзін көрсете алатынын барлық скауттар біледі. Допты өзінде көп ұстайды, алаңдағы бос аймақтарда ғана еркін ойнай алады. Бәрі қолынан келеді, бірақ Еуропа чемпионаттарындағы жылдамдыққа шыдамайды»
Бұл порталдың мақаласының қысқаша мағынасы: Ресей, Қазақстан, Армения секілді елдерде таланттар көп. Бірақ бала кезден арнайы дайындық болмаса, Еуропадағы интенсив футболға бұл елдердің футболшылары шыдай алмас. Мысалы, Аршавиннің өзі жалғыз талантымен Англияда тұрақтап қала алмады. Soccer.ru мақаласына толықтай қосылуға болады. Қарапайым ғана түсіндірсек: «Ливерпульде» Клопптың өз футболшыларынан 90 минут бойы жоғары әрі жылдам прессингті талап ететінін білеміз. Біздің Бауыржан Клопп талап ететін футболдың қанша минутына шыдай алады деп ойлайсыз?

«Матч ТВ» де сырт қалған жоқ:

«ЕАЭО футболшылары РПЛ-де келесі маусымнан бастап легионер болып саналмайды. Бұл тұрғыда болуы мүмкін трансфер петерборлықтар үшін өте пайдалы.
Шабуылдаушы хавбек орталық алаңда тіреуші жартылай қорғаныстан басқа кез келген позицияны жаба алады. Әмбебап ойыншы. Бауыржандай футболшыларды қанша іздесең де, табу қиын. «Арсенал» немесе «Урал» деңгейіндегі командалардың жаттығуына қосылғанда, келісімшарт жасалу мүмкіндігі өте жоғары болатын еді.
Бірақ, бұл жер «Урал» емес, «Зенит». Дәл қазір алдыңғы шепте Семак командасында бәсекелестік жоғары. Әйткенмен, «Зенит» Исламханмен келісімшарт жасап, РПЛ-дың ортаңқол командаларының біріне маусым аяғына дейін жалға береді. Бірақ, міндетті түрде практика болуы керек. Сосын, жазда футболшыны қайта сынақтан өткізіп, ары қарай дұрыс шешімді қабылдайды. Бұл ақылға қонымды секілді.
Қоса кетейік, «Қайрат» ФК Бақылау кеңесінің басшысы Қайрат Боранбаев ұзақ уақыт бойы паритеттік негізде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Газпром» ААҚ құрған «КазРосГаз» АҚ бас директоры болды. Ал Санкт-Петербургтен Алматыға уақытында Анатолий Тимощук пен Андрей Аршавин кеткенін ескерсек, екі клуб арасында тығыз байланыс бар екенін аңғару қиын емес».

Bobsoccer.ru Бауыржан «Зенитке» алаңдағы ойынымен қатар, тағы қай жағынан пайдасын тигізетінін жазды:

«Жақында ЕАЭО спортшылары жайлы жаңа заң шыққаннан кейін, Исламхан «Зенитпен» келісімшартқа отырса, таңғалудың қажеті жоқ. Қазақстандық футболшы петерборлықтарға маркетинг жағынан да пайда әкелуі мүмкін. Қазақстанның үздік ойыншысы «Зенитке» қосылса, көрші елде бұл клубтың танымалдылығы еселеп артуы ықтимал. Бірақ «Зенит» мықтылардың біразын қосалқы құрам футболшысына айналдырып жібергенін де жақсы білеміз. Сондықтан таяқтың екі ұшы барын ескере кеткен де жөн» - деп қорытындылады сайт.
Қазақстан құрамасының капитаны бұл күндері петерборлық командамен бірге Катарда жаттығып жүргенін айта кетейік. «Зенит» қысқы үзіліс кезіндегі алғашқы жолдастық кездесуін ертең, 21 қаңтарда «Аль-Увайнах» клубына қарсы өткізеді. Араға төрт күн салып австриялық «Зальцбургпен» кездеседі. Дәл осы екі матч қорытындысы бойынша, Сергей Семак бастаған бапкерлер штабы мен клуб басшылығы Исламханның «Зенитте» қалу-қалмауын шешеді.
23 қаңтар 2020 ж. 322 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9188)

23 наурыз 2024 ж.

№23 (9187)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (9186)

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031