20 жыл күткен жеңіс
Елордада футболдан Қазақстан кубогының финалы өтті. Жарыстың үш сатысынан іркілмей өткен «Қайсар» мен «Атырау» командалары футбол алаңында бақ сынады.
Астананың төрінде өткен ала доптың бәсекесінде алғашқы есепті «Атырау» командасы ашты. Бастапқы кезде ұтымды тұстарды пайдалана алмаған қос команда қақпаға доп салу мүмкіндіктерін жіберіп алды. Екінші кезеңнің 67-минутында атыраулық Петр Гжельчак өз командасына алғашқы ұпайды сыйлаған болатын. Осыдан соң «Кайсар» командасының капитаны Асхат Тағыберген алаңнан қуылған сәтте қызылордалық жанкүйерлер демін ішке тартқан еді. Алайда, он ойыншымен додаға түскен қайсарлықтар 88-минутта есепті теңестірді. Таразы басын теңестірген Игорь Зенькович жеңіске деген үмітті оятты.
Қос команда тең түскен сәтте қосымша тағы екі кезең қосылды. Бұл кезеңде қызылордалық Думан Нәрзілдаев 122-минутта гол соғып, командаға жеңіс сыйлады. Қайсарлық танытқан «Қайсар» командасы 2:1 есебімен «Атырау» командасын басып озып, биылғы Қазақстан кубогының иегері атанды. Сонымен қатар Қызылорданың «Қайсары» сырт алаңда 1/8 финалда «Оңтүстік академиясынан», ширек финалда Павлодардың «Ертісінен» асып түсті. Қызылордалық футболшылар жартылай финалда Қостанайдың «Тобыл» командасын сүріндірді.
Жеңіс туын желбіреткен «Қайсар» командасы жайлы әріден қозғасақ, 1999 жылы кубокқа ие болып, ол жолы Өскеменнің «Востогынан» 2:1 есебімен басым түсті. 1998 жылы финалға дейін жетсе, 2007 жылы жартылай финалда бақ сынады. «Атырау» 1/8 финалда Талдықорғанның «Жетісу» клубын қапы қалдырды. Одан кейін ширек финалда Семейдің «Алтайын» ойын соңындағы пенальти тебуде артта қалдырды. Жартылай финалда атыраулықтар «Ордабасы» командасын жеңіп кетті.
«Атырау» 2009 жылы кубок иегері атанды. Сол жолы Қарағандының «Шахтерін» 1:0 есебімен жеңген болатын. Соңғы екі жылда финалға дейін жетті. Сондай-ақ 2001, 2004 және 2005 жылдары жартылай финалға шыға алды.
Г.ДҮЙСЕБАЙ