Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ордабасы» Чехия командасынан аса алмады

«Ордабасы» Чехия командасынан аса алмады

Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Чехияның «Млада-Болеслав» командасын қабылдап, 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

  Шымкенттің «Ордабасы» командасы да үшінші кезеңге өтеді деп күткенбіз. Оған себеп те жоқ емес болатын. Чехияда өткен алғашқы ойын 1:1 есебімен тең түскен. Осы жолы жерлестеріміз қақпасына гол жібермесе болғаны еді. Сондай-ақ кез келген есеппен жеңсе де «Ордабасы» үшінші кезеңге шығуына кепілдік болатын. Бірақ Кахабер Цхададзе шәкірттері бұл екі тапсырманы орындай алған жоқ.
«Млада-Болеслав» Шымкенттегі ойында 3 гол соқты. Алдымен, 8 минутта Чехия құрамасынң экс-ойыншысы Марек Матейовски есепті ашты. Ал 32-минутта пенальтиден ресейлік Николай Комличенко екінші голды соқты.
Әйтеуір, үзіліске шығатын тұста «Ордабасы» ойыншылары бір доппен жауап қайтара алды. Ұлттық құрама шабуылшысы Алексей Щеткин мергендігімен көзге түскен болатын.
Алайда, екінші таймның басында «Млада-Болеслав» үшінші голды кіргізіп, жағдайды қиындатып жіберді. Бұл жолы босниялық шабуылшы Мурис Мешанович Чехия командасына жеңіс сыйлады. Дегенмен, «Ордабасының» да соңына дейін берілмегенін айта кету керек. Матчтың 55-минутында сенегалдық жартылай қорғаушы Абдуллаи Диакате есеп айырмасын тағы да қысқартқан еді. Бірақ одан әріге Шымкент командасының шамасы жеткен жоқ.
«Ордабасы»  (Қазақстан) – «Млада-Болеслав» (Чехия) – 2:3 (жалпы есеп – 3:4)
Голдар: Матейовски, 8 (0:1). Комличенко 33-пенальтиден (0:2). Щёткин, 45 (1:2). Мешанович, 47 (1:3). Диакате 56-пенальтиден (2:3).
«Ордабасы»: Непогодов, Досмағамбетов, Фонтанелло, Малый (Пауло, 46), Ерланов, Быстров, Диакате, Махлангу (Ковальчук, 59), Механович, Бадибанга, Щеткин (Жаңғылышбай, 72).
«Млада-Болеслав»:Шеда, Паула, Пудил, Токач, Кржапка,   Буха (Ауэр, 82), Матейовски, Губинек, Ладра (Фулнек, 66), Мешанович (Клима, 90+3), Комличенко.
Бас төреші: Мадс-Кристоффер Кристофферсен (Дания)
Шымкент, Қажымұқан атындағы стадион.
02 тамыз 2019 ж. 666 0