Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелілік балуандар бос қайтпады

Шиелілік балуандар бос қайтпады


Қазақ күресі – ұланғайыр жерін жаудан қорғап, ат үстінде аламанға түскен, белдескеннің белін майыстырған жауынгер қазақ халқының ұлттық жекпе-жек түрі. Қазақ халқы жасағалы келе жатқан ұлттық күресіміз Тәуелсіздік тұсында қолға алынып, жүйеленіп, дербес спорт түріне айналды. Федерациялар құрылып, ережелері түзіліп, республикалық, Әлем чемпионаттары өткізіле бастады. Бүгінде халықаралық командалық «Еуразия Барысы» ең үлкен жүлде қорымен Президент жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы, «Әлем барысы» сияқты дәстүрлі турнирлер өткізіліп тұрады. Республикамызда әлемдік аренаға шығуды мақсат тұтқан Қазақ күресімен айналысушылар саны 100 мыңнан асып жығылады екен. Ал, Шиелі ауданында осы ұлттық спорт түрімен 500-ге тарта шәкірт тәрбиеленуде.
Жуырда Алматы қаласында қазақ күресінен 2003-2004 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Райымбек Хангелдіұлының жүлдесіне арналған республикалық турнир өтті. Аталған додада бақ сынау үшін Шиеліден 10 балуан аттанған болатын. Жерлесіміз Әлемжар Ыдырысов 81 кг салмақта І орынды иеленсе, ­Досымжан Айтбай 72 кг салмақта, Диас Рүстемов 51 кг салмақта жүлделі ІІ орынды қоржынға салды. Жауырыны жер иіскемеген қазақ балуандарының ізін басқан шиелілік спортшыларды жаттықтырушысы Бауыржан ­Мырзалиев бастап барды. Сонымен қатар, жаттықтырушы Ержан Әлиев, Ержан Мәмбетовте балуандарға рух беріп, турнирде қолдау танытты.
–Қазақ күресінде аяқтан ұстау, ауыртатын, тұншықтыратын әдіс-тәсілдер жоқ. Керісінше, күрестің бұл түрі спортшының денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке машықтандырады. Күрескенде қарсыласының шеберлігін байқап – соған сай тез ойланып, оңтайлы әдісті дер кезінде қолдана білуге үйретеді. Сонымен бірге қазақша күреспен шұғылданатын спортшы күшін жетілдіруі тиіс, себебі күрестің бұл түрінде әдіс-айланы шебер қолданумен қатар күштің молдығы да жеңіске жеткізеді. Өйткені қазақша күрес – алыптар күресі. Салмағы 70 келіден жоғары келетін балуандар салмақ айырмашылығына қарамай күресе береді. Сондықтан балуандар қарсыласын көбіне көп күшпен жығып жатады, – дейді Б.Мырзалиев.
Енді ғана қолдау тапқан қазақ күресінің даму тарихын тарқатып айтар болсақ, күрестің бұл түрі ­бойынша тұңғыш ресми жарыс 1938 жылы еліміздің ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиадада өткен. Содан бері қазақша күрестен еліміздің қалаларында тұрақты түрде жарыстар өткізіліп келеді. Ал алғашқы халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өтіп, ұлттық күресіміз елімізден тысқары жерлерге де белгілі болды.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
05 қазан 2019 ж. 1 638 0