«ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫ АҚ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫН КӨРСЕТЕДІ
9 ақпаннан бастап 25 ақпанға дейін «Хабар» телеарнасы Пхёнчхан қаласында өтетін XXIII Қысқы Олимпиада ойындарын көрсетеді.
Телеарна 100 аса трансляция жасайды, эфирлік уақыттың жалпы көлемі 208 сағат, оның 136 сағаты тікелей эфирде көрсетіледі.
Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттары 9 ақпан күні 17.00-де және 25 ақпан күні 17.00-де тікелей эфирде көрсетіледі.
Пхёнчхан қаласына арнайы жіберілген тілшілер қосыны мәнерлеп сырғанау, фристайл, шаңғымен сырғанау, хоккей, коньки спорты, биатлон, шаңғы спорты, керлинг, тұғырдан секіру, екі сатылы шаңғы сайысы, скелетон, сноуборд, бобслей сынды жарыс түрлерінен хабар таратып, қызықты (эксклюзивті) материалдар әзірлейді.
Түсірілім тобы тәжірбиелі журналистер мен операторлардан жиналған, олардың арасында бұрыннан бері Олимпиада ойындарынан хабар таратып жүрген тілші Амангелді Сейтхан мен телеоператор Ерсін Мұхамбеталин, Сочи қаласындағы Олимпиадада қызмет атқарған Қанат Базылханов, сондай-ақ бірінші рет Олимпиада ойындарынан хабар тарататын жас тілші Сәби Байбосынов бар.
«Хабар» Агенттігінің Оңтүстік Кореядағы арнайы тілшісі Владислав Цойға Пхёнчхандағы жағдай, Олимпиада ойындары төңірегінде хабардар етіп отыру міндеті жүктелген.
Дүбірлі доданың комментаторлары: Жандос Айтбай, Ержан Жиренбаев, Айбек Қабылшаев, Сергей Райлян, Андрей Нехлюдов, Аскат Жакаев.
Сондай-ақ Олимпиада үшін арнайы olympics.khabar.kz интернет ресурсы ашылды, онда өзекті жаңалықтар, жарыс кестесі, спорт саласындағы сарапшылардың пікірлері, сұхбаттар мен фотолар, эксклюзивті материалдар салынады. Аталмыш қосымшадағы ақпарат үнемі жаңартылады.
Әзірлеген: Д.Балабекұлы