Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атты тур. Соңғы күн. Жасыбай жағасында

Атты тур. Соңғы күн. Жасыбай жағасында

Жол-жөнекей, BAQ.KZ тілшісі. 28 маусым, жұма. Бүгін Жаңатілек ауылынан Жасыбай көліне дейінгі 45 шақырымды жүріп өтуіміз керек. Және бүгін экспедицияның соңғы күні.


Жаңатілектен шыққанда жол бойындағы Егіндібұлақ ауылын соғып, сол ауылдан Баянауыл тауларының жолын жақсы білетін жолбасшы алмақ болдық. Себебі біз навигатор арқылы Жаңатілек-Жасыбай деп тура бағдар белгілеп, сол арқылы жүрсек Жасыбай көлін көмкеріп жатқан Баянауыл тауларының қиян жартастарына, батпақты бұлақтарына тіреліп, уақытымыз бен ат күшін жоғалтатынымыз анық еді.

Осы өңірді жақсы білетін, Баянауыл Ұлттық табиғи паркінде жұмыс істейтін Бақытжан Жүнісов Егіндібұлақпен хабарласып, бізге жолбасшылыққа бір жігіттің еретінін айтты.

Жаңатілектен ат басын солтүстік шығысқа қарай бұрдық. Алдымыздан әйгілі Тұзкөл көлі көрінеді.
«Бұл көлден бір кезде халық жаппай құрт терген. Ол кезде көлдің суы ащы болған екен. Құртын теріп, шетелге сатып, пайда тапқандар да болыпты. Құртынан арылған кезде көлдің суы тұщы болып кеткен. Қазіргі уақытта көл суын ауызсуы ретінде пайдалануға болады» - деген қауасет бар ауыл адамдарының арасында.
Суынан дәм татып көрген жоқпыз, дегенмен суретке түсіріп алдық. Бәлкім алдағы уақытта бір мақалаға жүк болар.

Көл жағалай шұбырған салт аттылар Егіндібұлаққа бармайтын болды. Керісінше бізге жол көрсететін Баянбек есімді азаматты Баянауыл тауының бір сілемі Өгелең етегінде күтіп алатын болдық.

Баянбек бізді Өгелеңнің бөктерінде қуып жеткенде күн түске тақап қалған еді. Баянның көз сүріндірер сұлу келбетіне тәнті болып, сапарымызды жалғастыра бердік.
Жолбасшы алғанымыз өте жақсы болыпты. «Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп» дегендей, Өгелең өлкесінде өткел бермес кедергілер көп екен.

Айтпақшы, кешегі оспадарсыздығынан кейін Дуглас расмен Шалқасқаға мінді. Бірақ бұл әрекетіне ол жол соңына таман өкінді.

Қазақта, «Өткел аузында ат ауыстырма» деген сөз бар. Дегенмен, Жасұлан әншінің Қоңыры Өгелеңнің өріне келгенде сыр берді. Күйі тайып, ұйқы көрмей жүрген Қоңыр ат жүре алмай қалды. Содан Жасұлан жетектегі Ақжал сарыны мінді.

Жол барған сайын қиындап, қиындаған сайын Баянның табиғаты тамсандырумен келеді. Қамшылар жақ қапталымызда әйгілі «Қоңыр әулие» үңгірі қалып барады. Біз ол жаққа ат басын бұрған жоқпыз. Жасыбайға тіке тарттық.

Жартасты жарып шыққан шынар, сылдыраған бұлақ, ит тұмсығы өтпес бітеу, қолдан қашап, қоладан құйғандай қатпар-қатпар жартастар. Осыдан мың жыл, бәлкім жер жаралғалы осылай тұрған болар. Осындайда "адамдар келеді-кетеді, қара жер мәңгілік" деген сөздің шынайылығына көзіңіз жетеді.

Жасыбай көліне 3-4 шақырым қалғанда ораман шетіндегі қираған құрылыстың жұртына тап болдық. Жолбасшымыз Баянбектің айтуына қарағанда бұл жерде осыдан оншақты жыл бұрын америкалықтардың арнайы зертханасы болған екен. Осы жерде Баянауылдың барлық тау-тас, орман-тоғай, өзен-көл, құм-топырақ, шөп-шаламын түгел зерттеген. Өз міндеттерін орындап болған жатжерліктер кеткенде артында дайын жұмыс орны да қалыпты. Суы, жарығы, барлығы тартылған. Осындай дайын дүниені пайдаланудың орнына, біздің халық оны жермен-жексең етіп, құртып, қиратып тастапты.

Жасыбайдың жағасына жеткенде бізді Баянауыл өңірінің жастары әнмен, жырмен, думандатып қарсы алды. Павлодардың гауһар түймесіндей жарқылдаған Жасыбайдың жағасы демалушыларға толы екен. Біз де барып солардың қатарында ат белін босаттық.

8 күнге созылған Елорда-Жасыбай «Киелі Қазақстан» экспедициясы өз соңына жетті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен шараны «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырып, «QazaqGeography» РҚБ бағдарды белгіледі.

Айтпақша, сөз басында айтқан Дугластың Шалқасқамен болған "шәлкем-шалысын" айта кетейін. Шалқасқа белі солқылдаған, жүрісі жайсыздау жылқы. Ұзақ жолда кешегі айыбын жуғысы келген Дукең жездей Шалқасқаға ер салғанына ептеп ренжулі екенін қабағынан байқадық. Өйткені тау арасындағы жолда ат басымен алысып келді. Тіпті бір рет тізгінді қатты тартып қалып, ат желкесі маңдайын соққан сәті де болды. 
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында арнайы тоқталған «атқа міну мәдениетін» дамытып, рухани жаңғыру бағдарламасында атап көрсеткендей туған жерді дәріптеп, Қасиетті Қазақстан картасын жасауда айтарлықтай орны бар бұл сапар алдағы жылда да жалғасын табады деген сенім бар.
Айтпақшы, осы экспедицияны басқарып, ұйымдастырушылықты өз қолына алған Нұржан Алғашевтің айтуынша 1 шілде күні «Киелі Қазақстан» экспедициясының екінші кезеңі Алматы облысында басталады.
Құрметті оқырман, 21-29 маусым аралығында өткен "Киелі Қазақстан" экспедициясының күнделік-барысын атпен жүрген уақытта интернет желісінің және байланыстың нашарлығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына жетіп алған соң беріп жатқаным үшін журналист ретінде кешірім сұраймын. Дегенмен, сапар барысын толықтай оқитын боласыздар (автор).
Алғашқы күннің қорытындысы мен екінші күннің қызықтарын және үшінші күн мен төртінші күнніңбесінші күн мен алтыншы күннің, сондай-ақ жетінші күннің жолжазбасын осы жерден оқыңыздар.
04 шілде 2019 ж. 438 0