Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Атты тур. Екінші күн. Айғыржалдың өткелі

Атты тур. Екінші күн. Айғыржалдың өткелі

Жол-жөнекей, BAQ.KZ тілшісі. 22 маусым. Атты турдың екінші күні. Айғыржал өзенінің сұғымынан басталды.


Дала қосындағы ұйқы тез қанады. Кеше кеш жатсақ та, барлығымыз ерте ояныппыз. Сағат таңғы 7-де ас ішіп, аттарды ерттеп, жолға дайын тұрдық.

Бүгінгі сапарда бізге «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бөлім директоры Орынбасар Шаймуханбетов қосылды. Сонымен 11 адам ат басын оңтүстік-шығысқа бағыттадық.

Айтпақша, біз 10 адам атқа мінгенде, 2 қосар ат алып жүргенбіз. Берік Ақылбековтің мінгені «Бурыл» есімді жорға айғыр. 

Ең жас қатысушымыз – Алар Ақылбеков «Алаш» есімді ала атқа мініп, Құнаншұбарды жетекке алды.

 Ал Дмитрий Ругис өзі «Nikon» атап алған күреңге мінсе, Дуглас «Деми» есімді бедеуге мінген.

Әркім өзі мінген атына есім қойып алу біздің құрамда қалыпты жағдай. Серік балуан – Шалқасқаға, Жасұлан әнші – Қоңырына, Ержан атбегі – Принцке, атшы бала Райд – Қаратқа, ал оператор Ерлан – Бесқасқаға аяқ артты. Біздің мінгеніміз – Сұлусары жорға. Құнаншұбар мен Ақжал сарыны жетекке алғанбыз. Орынбасар Шаймуханбетов сол Ақжал сарыға мінді.

Барлығымыз атқа қонып, Айғыржал өзенін жағаладық. Өткел табу қиын. Өзеннің екі жағасы қопа-қамыс, батпақты сор. Болмаған соң кеше кешке ат суарған жәйлақтау жерінен Сұлусарыны салып көрдік. Арғы жағаға жеткенде таңбалықтан батпаққа батып қалдық. Жағада тұрған сапарластар кері қайт деп айғайлады, өзеннен өте алмадық.

Ақыры өзенді жағалап шығысқа қарай, өзен ағысына қарсы жүріп кеттік. Біз түнеген орыннан 10-12 шақырымнан кейін өзен өткеліне кез болдық.
Сағат тілі күндізгі 14-ті көрсеткенде Айғыржал өзенінің жағасында түскі ас ішуге ат басын іріктік. Айғыржал деп аты айғайлап тұрса да, бұл тұста өзен момақан ғана бұлаққа айналады екен.
Айтпақшы, осы жерге жеткенше Дуглас әжептәуір шаршап қалды. Ағылшын тілінен басқа тілде сөйлемейтін қонағымыз үшін Демидің жүрісі тынышсыз болған түрі бар. Десе де кешкі қоналқыға – Жаушоқы табиғи қорықтағы этноауылға жетуіне тура келді. Ол үшін Дуглас пен Деми әлі де 27 шақырым жолды артқа тастау керек.

Айғыржалдың жағасындағы түскі ас өте жақсы болды. Аттарды да суарып, жайылтып, бір сергіп қалдық.

«Өткен жылы күніне 90-100 шақырымнан жүрген едік. Биылғы жүрісіміз аса ауыр емес. Ат аман болса 45-50 шақырым жол деген не тәйірі. Демалып отырып барамыз. Биыл автоэкспедиция да бірге жүріп, кешкі астың, түскі астың мәселесі де оңынан шешілді ғой. Бұрынғы жылдары өз тамағымызды өзіміз артып жүрген едік. Биыл санымыз да көбейіп қалды. Өткен жылы Мажарстаннан келген мадиярлар бірге жүріп еді, биыл АҚШ-тан келген Дуглас үзеңгілес болып келеді» - дейді 2006 жылы қазақ күресінен ел чемпионы атанған Серік Есжанов.

Жаушоқыдағы этноауылға жеткенше Дмитрий Ругистің орнына автоэкспедициядағы туроператор Әбді Мұратов бізбен бірге жүрді.
Павлодар өңірінің ең көрікті мекендерінің бірі – Жаушоқы алқабы сулы-нулы өңір. Біз ат басын тірегенде сенбі-жексенбі күнгі демалысты пайдаланып, осында келіп демалып жатқан жұрттың қарасы мол екен.

Кешегідей шатыр тігіп, кешкі астың қамын жасап әуіре болған жоқпыз. Нағыз «салулы төсек, салқын үйге» тап болдық.
Алда осы сапардың ең ұзақ бағдары – 60 шақырымға созылатын Жаушоқы-Алғабас арасы күтіп тұр еді бізді.
Құрметті оқырман, 21-29 маусым аралығында өткен "Киелі Қазақстан" экспедициясының күнделік-барысын атпен жүрген уақытта интернет желісінің және байланыстың нашарлығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына жетіп алған соң беріп жатқаным үшін журналист ретінде кешірім сұраймын. Дегенмен, сапар барысын толықтай оқитын боласыздар (автор).
Алғашқы күннің қорытындысын мына жерден оқыңыздар.
01 шілде 2019 ж. 138 0

Соңғы жаңалықтар

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (8748)

13 желтоқсан 2019 ж.

№96 (8747)

10 желтоқсан 2019 ж.

№95 (8746)

06 желтоқсан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам