ШҚО-да қазақша күрестен халықаралық турнир өтті
ШҚО-ның Тарбағатай ауданында Ырғызбай Досханаұлы атындағы орталық стадионға мыңдаған адам жиналып, 30 елден келген 90 балуанның күресін тамашалады.
Бұл турнир жетінші рет өткізіліп отыр. Осы уақыт аралығында оған қатысушылар мен мемлекеттер саны артты. Ал биыл «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер мен спорт фестивалі аясында өтуі ауқымдылығын кеңейтті.
Күні бойы спортшылар үлкен сынға түсті. Барлық 90 спортшы өз елдерінің намысын жоғары шеберлікпен қорғап шықты.
Нәтижесінде 70 келі салмақта қола жүлдеге Молдова спортшысы Геордже Року, күміске қазақстандық Өскен Төлеубеков, ал алтын жүлдеге грузиялық Звиад Одошешвили ие болды.
80 келі салмақта бірінші орынды Тәжікстан спортшысы Хамроз Раджабо, екінші орынды грузиялық Каха Момулашвили, үшінші орынды қазақстандық Бекзат Манасбаев иеленді.
80 келіден жоғары салмақта тартыс қызу өтті. Қазақстандық Айбек Нұғымаров пен өзбекстандық Мухсин Хисомудиновтің жекпе-жегін көрермен де қызығушылықпен тамашалады. Үлкен тартыс нәтижесінде Халықаралық Гран-Приді Айбек Нұғымаров иеленді. Балуан Мухсин Хисомудинов екінші орынға, грузиялық Георджи Катарадзе үшінші орынға табан тіреді. «Шығыс Қазақстанға әлемнің 30 мемлекеті келуі үлкен жетістік. Қазақ күресі танымал болып келеді. Бұл қуантарлық жайт», - деді чемпион Айбек Нұғымаров.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sport/item/322284-sh-o-da-aza-sha-k-resten-khaly-araly-turnir-tti