ЕЛБАСЫ БЕЛГІЛЕГЕН МІНДЕТТЕР
Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Г.Исимбаеваның төрағалығымен фракция жиналысы өтті. Ол фракцияның үшінші сессиядағы жұмысының қорытындысына және Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың VI сайланған ел Парламентінің жаңа, төртінші сессиясының ашылуында қойған негізгі міндеттеріне арналды. Фракция жетекшісі Г.Исимбаева өзінің кіріспе сөзінде партия лидері Н.Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында қалаулылардың Үкіметпен ұтымды өзара қатынасты жолға қойғанын айта отырып, алтыншы шақырылымның депутаттық корпусының жұмысына жоғары баға бергенін атап көрсетті. Сондай-ақ ол палатаның жаңа сессиядағы бірінші жалпы отырысы барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төртінші сессияның ашылуында Елбасы қойған кеңауқымды міндеттерді орындау бойынша алдағы жұмыстың барлық бағытын, сондай-ақ жалпы заң шығару жұмысындағы негізгі басымдықтарды нақты анықтап бергеніне назар аудартты. Г.Исимбаеваның айтуынша, депутаттар Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасын және Жолдауын заңнамалық қамтамасыз етуді жалғастыратын болады. Сонымен бірге, депутаттар жаңа міндеттердің жүзеге асуы үшін барынша күш салады. «Біз, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері, қол жеткізген межені және деңгейді төмендетпей, заңнамалық және депутаттық қызметті әрі қарай жалғастыруымыз керек. Елбасы тапсырмаларының мүлтіксіз әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету біздің заң шығару және депутаттық қызметіміздің негізгі міндеті. Алға қойылған міндеттердің барлығы еліміздің одан әрі үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған» деді вице-спикер Г.Исимбаева. Ел Президенті белгілеген міндеттер заңнамалық тұрғыдан барынша толық, баянды қамтамасыз етілуі үшін фракция нақты іс-қимылдар жоспарын түзді. Елбасы тапсырмалары жоғары деңгейде орындалуы үшін енді олар жұмыс жоспарында нақтыланып, фракция жанындағы кеңестердің, комиссиялардың жиналыстарында, сарапшылық топтардың жұмыстарында талқыланып отырады және заң жобаларында көрініс табады. Жиналыста фракцияның III сессиядағы жұмысының қорытындылары мен фракция мүшелері үшін IV сессияда белгіленген негізгі міндеттер туралы фракция жетекшісінің бірінші орынбасары А.Базарбаев сөз сөйледі. Оның мәліметінше, «Нұр Отан» партиясы төрағасының тапсырмаларын және жетекші партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын тиімді орындау – фракция жұмысындағы басты бағдар болып қалады. Жиналыс барысында ашық талқылау кезінде депутаттар, фракция мүшелері Н.Сабильянов, С.Омаров, Б.Мамраев, З.Аманжолова, Б.Оспанов және басқалары. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген басымдықтарды заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті. Жиналыс жұмысына қатысқан «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ф.Қуанғанов партияның көшбасшысы Н.Назарбаевтың VI сайланған ел Парламентінің төртінші сессиясының ашылуында қойған негізгі міндеттерін жүзеге асырудағы партияның орталық аппараты мен фракциясының алдағы уақыттағы бірлескен жұмысына тоқталды. Сондай-ақ депутаттық корпусқа 2019 жылы партияның 20 жылдығын атап өту бойынша жоспарланған маңызды іс-шаралары туралы айтып берді. Жиналыстың қорытындысы бойынша төртінші сессияға арналған Іс-шаралар жоспарын бекіту бойынша фракция қаулысы қабылданды. Жиналыс жұмысына «Нұр Отан» фракциясының мүшелері болып табылатын Мәжіліс депутаттары және Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттық тобының мүшелері қатысты. Елдос СЕНБАЙ
https://aikyn.kz/2018/09/08/66659.html
https://aikyn.kz/2018/09/08/66659.html