ӘРБІР ДАУЫС МАҢЫЗДЫ
20 қарашада өтетін бұл жолғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. Бұған баршамыз бір кісідей атсалысуға міндеттіміз. Алайда қоғамда ел тағдыры шешілетін маңызды науқанға атүсті қарап, сайлауда дауыс беруге ынтасы жоқ жандарды да жолықтырып жатамыз. «Отан отбасынан басталады» демеуші ма еді? Қараша халық неге отбасылық тұрғыдан ғана ойланып, елдік маңызы бар шаруаларға бас ауыртпайды? Осындайда идеологиялық жұмыстың ақсап тұрғаны шығар бәлкім деген бір ой келеді.
Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдаудағы тұздықты тұстың бірі – 5 күннен соң өтетін сайлау. Президент мандатының 7 жылға және бір-ақ сайлануы жұртшылықты елең еткізгені рас. Алайда саяси науқанға барлығы қатыса бермейтінін жасыруға келмес. Дауыс беруге бармағандардың өзі «Кім жеңіске жетті екен?» деп сайлаудың қорытындысын білуге асығады. «Менің дауысым не шешеді?» деп маңызды науқанға мән бермей жүретіндер жоқ емес. Сайып келгенде елдің тағдыры шешілетін бітімі басқа науқанға байланысты әр тұрғынның өзіндік пікірі бар. Ендігі жерде сайлаушылардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру маңызды.
Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдаудағы тұздықты тұстың бірі – 5 күннен соң өтетін сайлау. Президент мандатының 7 жылға және бір-ақ сайлануы жұртшылықты елең еткізгені рас. Алайда саяси науқанға барлығы қатыса бермейтінін жасыруға келмес. Дауыс беруге бармағандардың өзі «Кім жеңіске жетті екен?» деп сайлаудың қорытындысын білуге асығады. «Менің дауысым не шешеді?» деп маңызды науқанға мән бермей жүретіндер жоқ емес. Сайып келгенде елдің тағдыры шешілетін бітімі басқа науқанға байланысты әр тұрғынның өзіндік пікірі бар. Ендігі жерде сайлаушылардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру маңызды.
Елдегі демократиялық құндылықтың бастауы сайлау жүйесін жаңғыртудан басталмақ Себебі бүгінгі таңда көпшілік адам депутаттарға сену былай тұрсын, олардың біразын танымайды да. Мәжіліс депутаттары өз алдына, жергілікті атқарушы билік тұрғындармен дұрыс байланыс орнатпаған. Соның салдарынан халық сайлауға селқос қарайды. Әр дауыстың маңызды екеніне сенбейді. Осындай олқылықтан кейін Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған болатын. «Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді» делінген еді сол Жолдауда.
Есіңізде болса, өткен жылы елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланып, тұрғындардың белсенділігімен есте қалған болатын-ды. Жаңа форматта ұйымдастырылған саяси науқан өз тиімділігін дәлелдеді. Таңдау тұрғындардың өзіне берілсе, кез келген тұрғын өз ауылының болашағына бейжай қарамайтынын білдік. Көпшіліктің көптен бері тосқаны да сол. Бұған дейін ауыл әкімін халықтың өкілі болып саналатын жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, бұдан былай жұртшылық елге басшылық етуге лайық азаматты өзі таңдай алады. Таңдайды да. Осы кезге дейін мұндай жүйе дауыс берушілерге де, әкім креслосынан үміткерлерге де таңсық дүние болғаны рас. Жаңа үлгідегі ауқымды реформа өтеді дегеннен бері атқарушы органдар мен кандидаттардың алаңдағаны өз алдына, тұрғындар да кәдімгідей қобалжыған. Сарапшылардың сөзінше, кез келген жаңа бастамада қателік, жобаға жатсыну болады. Бірақ бұл реформа дұрыс әрі дер кезінде іске асты. Ұтымды шешім! «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылай жүзеге асуға тиіс. Билік пен қоғам арасында нәтижелі диалогтің басталғаны көңілге қуаныш ұялатады.
20 қарашада өтетін маңызды науқанға дайындық жұмыстары тиісінше жүріп жатыр. Ұйымдастыру, үгіт-насихат та өз деңгейінде өтуде. Тек дауыс беруге ниет болса жеткілікті. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтарға олардың өтініші негізінде комиссия мүшелері үйлеріне барады. Тіпті уақытша ұстау изоляторларында дауыс беру орны қарастырылған. Сонда темір тордың ар жағындағы азаматтың өзі таңдау жасап жатқанда, тепсе темір үзетін азаматтың дауыс беруден қалыс қалуы ақылға қонымсыз емес пе? Қоғамдағы кемшілік пен олқылық көптің көмегімен, таңдауымен түзелмей ме? Еліміздің жағдайын, кемшін тартқан тұстарын сырттан келіп біреулер жөндеп бермейтіні бесенеден белгілі. Елдік мәселе де көптің ұсынысымен, кез келген деңгейдегі сайлауға барып, өз таңдауын жасаумен шешілетіні анық. Демократиялық сайлау мен елдік мәселені ойлау бір-бірімен етене байланысты. Ендеше сайлауда дауыс беру – әр азаматтың міндеті. Ал азаматтары немқұрайдылық танытқан қоғамның тасы өрге домаламайтыны айдан анық. Өсетін елдің азаматтары сайлауда өз таңдауын жасайтыны сөзсіз.
С.МАДИЯРОВА