Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЦИФРЛЫ ОРТАЛЫҚТАР АШЫЛАДЫ

ЦИФРЛЫ ОРТАЛЫҚТАР АШЫЛАДЫ


Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Отырыс барысында «Цифрлы Қа­зақстан» бағдарламасын іске асыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын цифрландыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету және цифрлы дағдыларды дамыту мәселелері талқы­ланды.
Жиында Ақпарат және коммуни­кациялар министрі Д.Абаев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясының төрағасы А.Оспанов және «Зерде» холдингінің төрағасы Р.Еңсебаев айтылған бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы баян­дады.
Бүгінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында 120 іс-шара қарас­тырылған. Электрондық сауданы дамытуды ынталандыратын салық кодексіне заңнамалық өзгерістер ен­гізілді. ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркінің жобасы іске асырылуда. Астана қаласында ақпараттық техно­логиялар бойынша халықаралық университетті құру тұжырымдамасы әзірленді.
Білім беру саласында Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында цифрландыру бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мектепке дейінгі білім беруде балабақ­шаларға кезекке қою және бағыт беру (13 қала мен 1 облыста) жүйесі жұмыс істейді. Республика бойынша 4 500-ден астам мектеп электрондық журналдар мен күнделіктерге қосылған, ол 3,5 млн қолданушыны қамтиды (оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар).
Денсаулық сақтау саласын цифрлан­дырудың архитектурасы медициналық деректер және медициналық құжаттарды қағазсыз басқаруға көшіруге мүмкіндік беретін медициналық ақпараттық жүйені (МАЖ) енгізуді көздейді. Қазіргі кезде денсаулық сақтау ұйымдарында МАЖ енгізу үлесі 87,6 пайызды құрайды. 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарда бар.
Дәрігердің қабылдауына жазылу, зерттеу нәтижелеріне және рецептілерге қол жеткізу, емделушілермен кері байланыс та электрондық форматта жүргізіледі. Электронды денсаулық паспорты құрылуда. Дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін компьютерлік техникамен жабдықтау 83,1 пайызды құрайды. Денсаулық сақтау ұйымдарының 51 пайызы интернетке қосылған. 2021 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіштерді 100 пайызға жеткізу көзделген.
Мемлекеттік қызметтер саласында Электронды үкімет порталы 235 қызмет түрін алуға мүмкіндік береді, eLicense.kz электрондық лицензиялау порталында 399 автоматтандырылған қызмет бар. 2017 жылы электронды үкімет порталы арқылы 34 миллионнан астам қызмет көрсетілді, E-лицензиялау арқылы 922 мыңнан астам лицензиялар мен рұқсат құжаттары берілді. Бизнес желісі бойынша электронды үкімет порталында 44 онлайн қызмет қолжетімді. 2012 жылдан бері еgov арқылы 135 377 астам компания ашылған. 2017 жылы 33 мыңнан астам заңды тұлға тіркелген.
Астана қаласында алғашқы «Цифрлы ХҚКО» іске қосылды, онда азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсетеді, немесе қоғамдық қолжетімділік пунктері арқылы өз бетінше электронды қызметтерді алып, сондай-ақ электронды қызметтерді алу бойынша оқыту курсынан өте алады. Жыл соңына дейін еліміздің барлық облыс орталықтарында цифрлы ХҚКО-лар ашу жоспарланған.
Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірлердің экономикасын дамыту бойынша 2018 жылға арналған мақсатты индикаторларға қол жеткізу мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Кеңес барысында Астана әкімі Ә.Исекешев, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов биылғы жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар және экономика салаларын дамыту, индус­трияландыру, технологиялық жаңғырту және цифрландыру жұмыстарын жүргізу, инвестициялар тарту және еңбек өнім­ділігін қамтамасыз ету мәселелері бойын­ша 2018 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.
Елорданы дамыту тұрғысынан туризм, сауда, жаппай кәсіпкерлік, инвестициялар тарту және өнімді жұмыспен қамту, оның ішінде еңбек нарығының инфра­құрылымын жаңғырту және еңбекке жұмылдыру мәселелеріне баса назар аударылды. Облыстардың жұмыстарының бағыттары АӨК-ті, туризмді, білім беру саласын, денсаулық сақтау саласын, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ индустрияландыру, өнімді жұмыспен қамту, қаржылық тұрақтылық, техно­логиялық жаңарту және экономиканы цифрландыру салаларына негізделген.
Кеңес барысында мәселелерді талқылауға Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Қаржы министрі
Б.Сұлтанов, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р.Скляр және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Г.Исаева қатысты.
 Айхан ШӘРІП
13 сәуір 2018 ж. 1 356 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930