Қаңтар оқиғасы бойынша 35 мыңнан астам жедел-тергеу іс-қимылдары жүргізілді – Бас Прокуратура
Қаңтар оқиғасы бойынша 35 мыңнан астам жедел-тергеу іс-қимылдары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына берген ауызша жауабында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов осындай дерек келтірді. «Өздеріңіз білетіндей, Президенттің тапсырмасы бойынша Бас прокуратураның арнайы прокурорларының басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу топтары құрылды. Бүгінде 35 мыңнан астам жедел-тергеу іс-қимылдары, оның ішінде 20 мың тексеру, жауап алу, тінту жүргізілді. 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалды. Бүкіл органдар бойынша жапы саны 766 күдікті тұтқындалған. Олардың басым бөлігі 30 жасқа дейінгі жастар, жұмыссыздар, жоғары білімі жоқ адамдар», - деді Берік Асылов. Оның сөзіне қарағанда, күдікті ретінде тұтқындалғандардың ішінде деструктивті діни ағымдардың 19 жақтаушысы, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі және кісі өлтіргені, ұрлағаны, тонағаны және қарақшылық жасағаны үшін сотталған 113 адам бар. «Мысалы, «Жабайы Арман» деп аталатын Жұмагелдиев пен оның тобының 14 мүшесі қамауда. Мұндай адамдардың жоғалтатын ештеңесі болмады және олар әртүрлі қылмыстарға оңай барды – дүкендерді қиратты, тонаумен айналысты, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасады. Жалпы, 22 мыңнан астам адамның жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілді», -деді Бас Прокрурор.
https://www.inform.kz/kz/kantar-okigasy-boyynsha-35-mynnan-astam-zhedel-tergeu-is-kimyldary-zhurgizildi-bas-prokuratura_a3910718