АСТАНА БАЙҚОҢЫРМЕН БИІКТЕЙ ТҮСПЕК
Еуразиядағы байсалды тұрақтылықтың алтын арқауына баланған, Есілдің бойын ен жайлаған еңселі елордамыз өзінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өрісін кеңейтіп, өркен жайып, төртінші ауданмен толықты. Астана қатарлы қазақ елінің атын жаһанға жайған тағы бір брендіміз – Байқоңырдың атымен аталған жаңа аудан алдында жаңа әрі үлкен міндеттер тұр.
Астана еліміздің экономикалық, саяси және мәдени орталығы болғандықтан, ондағы әрбір өзгеріс ел назарынан елеусіз қалмайды.
1998 жылдың маусымында «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы» Қазақстанның Тұңғыш Президентінің N3942 Жарлығы қабылданған болатын. Арада аттай он жыл өткенде, 2008 жылғы 5 тамызда Елбасының жаңа Жарлығымен бас қаламызда Есіл ауданы түндігін жаңадан түрді. Егер Сарыарқа мен Алматы аудандары елорданың Есілдің оң жағалауындағы орталығын теңдей бөліссе, ал жалпы аумағы 31 179 гектарды алып жатқан Есіл ауданы сол жағалауда жаңадан бой көтерген жаңа әкімшілік орталықты тұтасымен еншіледі. Айта кету керек, қазіргі кезде бүкіл Астананың жалпы ауданы 79 мың 733 гектарды құрайды.
Енді міне, жиырма жастың белесіне көтеріліп отырған Астананың ары қарай қанат жаюы, айналадағы жаңа кеңістіктерді игеруі Байқоңыр ауданының тарихымен байланысты болады.
Жаңа астаналық ауданның қазір жазылып жатқан тарихына тоқтала кеткен жөн. Алдымен, Астана әкімдігі бас қаламыздың төртінші ауданын қалыптастыру туралы Үкіметке ұсыныспен шықты. Алға тартылған дәлел-дәйектемелерді зерделей келе, Үкімет бұған толық қолдау білдірді.
2018 жылғы 21 ақпанда Қазақстан Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысына сәйкес, Астананың жаңа ауданына «Байқоңыр» деген жаңа атау берілді.
Осыдан кейін 27 ақпан күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында жаңа ауданның шекарасы бекітілді.
Жаңа аумақтық бірлік жалпы ауданы 18,1 мың гектар жерге құлаш жайды. Оның тұрғындарының саны ресми мәліметке сәйкес, 211,1 мың адамға тең.
Сонымен, Байқоңыр ауданы мына аумақта құрылып отыр:
теміржолдан бастап, Астана – Қостанай бағытынан –солтүстікке қарай қаланың қазіргі шекарасы бойымен Ақбұлақ өзеніне дейінгі аралық;
Ақбұлақ өзені жағалауынан Рақымжан Қошқарбаев даңғылына дейінгі аралық;
Осы даңғылдың оң жағынан (жұп санды жақтан) Сауда көшесіне дейінгі аралық;
Сауда көшесі бойынан А 184 (жобалық атауы) көшесіне дейін.
Ары қарай Ақбұлақ өзені бойымен осы өзеннің Есіл өзеніне қосылатын тұсына дейін;
Есілден Қараөткел көпіріне дейін;
Александр Бараев көшесінен бастап, Республика даңғылына дейін;
Республика даңғылының оң жағынан (жұп санды жақтан) Бөгенбай батыр даңғылына дейін;
Бөгенбай батыр даңғылы және Алаш тасжолы бойымен теміржолға дейін;
теміржолдан қаланың батыс шекарасына дейін жалғасады.
Осылайша, жаңа ауданының аумағы қазіргі Алматы мен Сарыарқа аудандарының бөліктерінен құралып отыр.
Мәслихат депутаттары жаңа ауданның осы шекарасын мақұлдап, бірауыздан дауыс берді.
– Астананың жаңа ауданына айрықша миссия жүктеледі. Ол қала әкімі Әсет Исекешевтің «Шет қалған бөлігі жоқ қала» жобасының бағыты бойынша, сондай-ақ елорда инфрақұрылымын жетілдіру, кәсіпкерліктің дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмысты ілгерілетеді, – дейді Астана әкімі аппаратының жетекшісі Берік Жәкенов.
Астана әкімдігінің түсіндіруінше, жаңа Байқоңыр ауданының ең бірінші кезектегі қызметі елорданы «шеткері қалған қаламаңы аумағы жоқ қалаға» айналдыру бойынша тың бастаманы іске асыруға және «32 әлеуметтік стандарттың» халық үшін неғұрлым жақын жерде қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталады.
Астаналықтар мен қала қонақтары көлік қызметіне жүгінуге мәжбүрленбей, жаяу-ақ жетуіне болатын жерде орналасуға тиісті әлеуметтік стандарттар қатарына – мектеп, балабақша, саябақ, спорт алаңдары, емханалар, учаскелік полиция пункті, тамақтану және азық-түлік сату орындары, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бейнебақылау камералары және басқалары жатады.
Бұл бастама жаңа даму концепциясын қажет етті. Өйткені қаланы абаттандыру үрдісі құрақ көрпеге ұқсамай, шаһарды тұтас қамтығаны жөн.
«Соңғы бес жылда Астана тұрғындарының саны 35 пайызға артып шыға келді. Яғни, 645 мың адамнан 1 миллион он мыңға дейін жетті. Өткен жылы қала аумағына тағы 8 мың гектардан астам жер қосылды. Оның құрамында Майбалық көлі, пантеон аумағы бар. Жаңа мектептер, балабақшалар, емханалар салу, инженерлік инфрақұрылымды түзу мәселелерін ұтымды шешу үшін жеке басқарылатын жаңа төртінші ауданды құру қажеттілігі туындады», – дейді Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақтыбай Тайталиев.
Ол Байқоңыр ауданының аумағы шығыс бетте Алматы ауданымен, батыс пен оңтүстікте – Сарыарқа ауданымен, Есіл өзені бойында – Есіл ауданымен шектесетінін айтады.
Бұл ретте Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов елордада Байқоңыр ауданының құрылуы заман талабына сай үрдіс екеніне сенімді.
– Астана қас-қағым сәтте, аз уақыт ішінде өсіп-өркендеп, ірі қалаға айналды. Оған еліміздің әртүрлі өңірлерінен ғана емес, өзге елдерден де адамдар келіп, қоныстануда. Нәтижесінде, тұрғындар саны күрт өсті. Миллионнан астам адам өмір сүріп жатқан қаланы тек тиімді әкімшілік-аумақтық басқару әдістері арқылы дамытқан жөн. Осы ретте, елордада төртінші ауданның құрылуын орынды деп санаймын, – дейді ол.
С.Есілов жаңа ауданның атауы да кездейсоқ қойылмағанын айтады.
«Байқоңыр – адамзат баласы тұңғыш рет ғарышқа аттанған тарихи және стратегиялық маңызды орын. Ол туралы тек қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем біледі. Демек, жаңа елордалық ауданның «Байқоңыр» атауын иеленуі – дұрыс шешім. Өйткені Астананың көшелеріне, оның аудандарына тарихи маңызды орындардың аттарын беру дәстүрі қалыптасқан. Еліміздің бас қаласындағы ономастикалық нысандардың атаулары оның мәртебесіне, идеологиялық мақсат-мүдделеріне сай келуге тиіс», – деп атап өтті Сансызбай Есілов.
Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев та Байқоңыр атауы жаңа аудан үшін бекерден бекер таңдалмағанын айтады.
– Астана – еліміздің бас қаласы ретінде мемлекетіміздің барлық өңірлері үшін үлгі. Сол себепті, оның құрамдас бөліктерінің атауы да елорданың бейнесі мен мәртебесіне лайық болуы қажет. Байқоңыр – Қызылорда облысындағы Сырдарияның оң жағалауындағы қазақ халқының ежелгі қасиетті мекені. Оның аумағында әлемдегі ең алғашқы әрі ең ірі ғарыш айлағы орналасқан. Ертеде «қоңыр» деп топырақты айтқан, яғни «байқоңыр» бай жер дегенді білдіреді, – дейді Т.Қышқашбаев.
Мәжіліс депутаты, соғыс ардагері Бақытбек Смағұл «Байқоңыр» атауының басқа, байырғы түп-төркіні барлығын айтады.
– Елбасы рухани жаңғыру аясында қазақстандықтардың орта мектептен бастап, туған жердің тарихын танып-білуін «патриотизмнің ең жақсы үлгісі» деп атағаны мәлім. Біз де бала жастан данагөй ақсақалдарды тыңдап өстік. Олар Байқоңыр жер атауы Бәйдібек бабаның қызы Қоңыр бикемен байланысты екенін айтушы еді. Шежіреге жүгінсек, алты ата Әлімнің ішіндегі Есенәлі ұлы Кішкене деген атамыз жас кезінде, қиын-қыстау шақта оңтүстікке барып, Бәйдібек бабамызды паналаған. Бауырын іздеген ағайындар таба алмай әрі оның астындағы тұлпардың қасқырға таланып, үстін қан жауып оралғанын көріп, өлдіге санайды, ас береді. Бәйдібек атаның ол кезде ұлы болмаған, «Жаратқан Ие көктен сұрағанымды жерден берді!», – деп қуанып, мерген әрі өнерлі ұланды қасына алады.
Содан Кішкенеге Бәйдібек баба барлық жылқысын сеніп тапсырады. Арада жылдар өтеді. Төскейі төрт түлікке толған далаға жұт келеді. Халықтың тіршілігіне тірек болған мал қырыла бастайды. Сол тұста Бәйдібек бабаның да жылқылары жоғалады. Осыған орай кейбір ағайын-туған оған келіп: «Балаңдай көріп едің, бұл қылғаны не? Малыңнан, барыңнан айырды», – деп қынжылыс білдіреді. Сөйтсе, Кішкене бар малды бір таудың ар жағындағы шұрайлы жерге айдап, бағып-қағып, басын көбейткен де, бір уақытта кері айдап әкеледі.
– Осылай, Кішкене елдің алғысын алып, үлкен қошеметке бөленеді. Бәйдібек баба оны өз қызы Қоңырға үйлендіреді. Жастар өз алдына отау құрған соң, Қоңыр бике: «Атама сәлем берейін, келін болайын», –деп жұбайына қолқа салып, оның ел-жұртқа оралуына ықпал етеді. Бұл ойды құптаған Бәйдібек баба ұлан-асыр той жасап, төрт түліктен жүз-жүзден дүние беріп, тең-тең жүк тиеп, қасына малшыларын қосып шығарып салады. Бұл хабар Кішкененің ағаларына жетеді. «Кішкене аман-есен! Онымен бірге бай қызы Қоңыр келе жатыр!» деп жар салады жұртшылық. Келінді қарсы алған жер Байқоңыр аталған екен деген дерек бар, – дейді Бақытбек Смағұл.
Депутат Астананың жаңа ауданмен толығуын елорда тарихының маңызды белесі деп біледі.
Шын мәнінде, қазақ елінің қарыштап өсуінің, серпінді дамуының символына айналған Астана енді орталық-қазығын ғана көркейтпей, тұтас түлеуге, толық түрленуге ден қойды.
Жаңадан құрылған Байқоңыр ауданының тізгінін 35 жасар жас басқарушы Ерлан Каналимов өз қолына алды. Осы бейсенбіде, 29 наурыз күні өткен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы барысында депутаттар Астана қаласының Байқоңыр ауданының әкімі лауазымына соның кандидатурасын мақұлдады. «Жас келсе – іске» деген. Целиноград қаласында дүниеге келген, бұған дейінгі еңбек жолы қалпымен Астана әкімдігінде өткен жас әкімнің туған жерді көркейтуге бар күш-жігерін сарқа жұмсауы оның азаматтық парызы болса керек. Бұл міндетін қаншалықты жүзеге асыра алғанына енді уақыт төреші.
Айхан ШӘРІП