Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛИХАН БАЙМЕНОВ: ЖАҚСЫ МЕНЕДЖМЕНТ СЫЙЛАСТЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

ӘЛИХАН БАЙМЕНОВ: ЖАҚСЫ МЕНЕДЖМЕНТ СЫЙЛАСТЫҚТАН БАСТАЛАДЫ


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында тиімді мемлекеттік басқару жайына кеңінен тоқталды. Тиімді мемлекеттік басқару қай салада болсын жұмыс қарқынын арттырып, еңбек өнімділігі еселене түсуге себеп болары сөзсіз. Біз Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменовты әңгімеге тартып, осы саладағы елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтармен бөлісуін өтінген едік.
– Елбасы Н.Назарбаев өзіңізбен кез­дес­кенде отандық мемлекеттік қызмет істері саласын жетілдіру мақсатында жаңа инновациялар мен алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелерді енгізу жайына тоқталған еді. Жалпы, мемлекеттік қызмет істері саласында біз қай мемлекеттердің озық тәжірибесін үлгі етіп алып отырмыз?
– Әр мемлекет ерекше әлеуметтік-экономикалық-тарихи ортада жұмыс істейтіндіктен, әрқайсысының жүріп өт­кен өз соқпағы бар. Қазақстан да әлемдік озық тәжірибеден алып қана қоймай, өз үлгісімен бөлісе алады. Хабқа қатысатын 39 ел арасындағы Корея Республикасы, Эстония – электронды басқару сала­сындағы әлемдік көшбасшы мемлекеттер. Былтыр сол елдердің өкілдері қатысуымен халықаралық семинар өткізіп, элек­тронды үкімет бойынша да Альянс құруды қолға алдық. Альянс – елдердің «ұстаз бен шәкірт» форматындағы емес, тең дәрежеде пікірлесіп, тәжірибе алмасатын алаңы.
Мемлекеттік қызметті жетілдіруде инновацияларды қолдану – заман талабы болса, оларды халыққа көрсетілетін мем­ле­кеттік қызметтер сапасын көтеруде пай­далану – бір бағыты. Сондықтан Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) әдістемесімен былтыр Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия ара­сында мемлекеттік қызмет көрсету сала­сындағы практиктер Альян­сын құрған едік.
– Мемлекеттік қызметте жаңа техно­логияларды электронды үкіметтен өзге қан­дай бағыттарда пайдалануға болады? 
– Жалпы инновациялардың күтпеген жерден пайда болып, ойламаған ба­ғыт­тарда қолданылатынын аңғардық. Мы­салы, Хабтың тағы бір қатысушы-елі – Бангладештің үкіметі қант құрағын өсі­ретін фермерлерге көмек ретінде ұялы телефонға қосымша жасап шығарған. Мың­даған фермер алыпсатарларға алда­нып қалмауы үшін электронды қо­сым­ша арқылы әлемдік нарықтан бастап өз елінде, тіпті шағын аудандардағы қант құрағын өңдеудің әр кезеңіндегі бағасын сол мезетте біліп отырады.
Біз аймақ елдерінде озық шешімдерді пайдалану үшін мемлекеттік басқарудағы инновациялар бойынша конкурс өткізген едік. Оған оннан астам мемлекет өкілдері қатысып, Ирландия, Молдова және Қазақстан ғалымдары жеңімпаз атанды. Мысалы, Молдовада заң жобаларының мәтіндерін жемқорлыққа күрес тұрғы­сынан сараптайтын бағдарлама бар екен. Осы бағдарламаны Қазақстанның Әділет министрлігі мен тиісті институт­тарға жіберіп, олар оған қызығушылық таны­тып, тереңірек зерттеу үшін Молдоваға барып, озық тәжірибемен танысып қайт­ты. Биыл инновациялық шешімдерге екінші конкурс жарияланады.
Блокчейн технологияларын жемқор­лықпен күресте пайдалану да – өте өзекті бағыт. Яғни, шешім қабыл­данған соң ақпаратты ешкім өз ыңғайына қарап өз­герте алмайды, сақталып тұрады, оларды басқа адамдар да көре алады. Бұл әсіресе, жекешелендіру, салық, кеден, жер телім­дерін, пәтерлер бөлу туралы шешімдерде өте маңызды.
Озық технологияларды мемлекеттік қызметкерлер пайдалана білуі қажет. Сондықтан «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасы жүзеге аса бастаған кезде мем­лекеттік органдардағы смартфондарға тыйым алынып тасталады деп үмітте­немін. Өйткені бұл – ақпараттық техно­логияларды кеңінен пайдалануға тежеу.
– БҰҰ-ның ғаламдық рейтингінде бұрнағы жылы «Электрондық үкіметтің» даму деңгейі бойынша 1-орынды – Ұлы­британия, 2-орынды – Австралия, 3-орынды Оңтүстік Корея алды. Қазақстан барлық ТМД елдерін басып озып 33-орында тұр. Бұдан басқа, БҰҰ есебіне сай, Азия елдерінің арасында Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша Қазақстан 2016 жылы жетінші атанды. Бұл нені білдіреді? 
– Иә, сарапшылар Қазақстанның электрондық басқаруда табыстары бар екенін айтады. Бірақ бұл – өте тез дамитын сала болғандықтан, тоқмейілсуге болмайды. Мәселе – қай орында тұрға­нында емес, сапалы, тиімді техноло­гияларды қолдана білуде. Мысалы, бізде халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істесе, эстондықтар сондағы қыз­мет­тің барлығын қалтафон арқылы ала ала­ды. Олардан үйренетін маңызды нәрсе – әртүрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларын, ақпараттық жүйелерін бір-бірімен тоғыстыру.
Денсаулық сақтау саласында ақпа­раттық жүйе баршаға маңызды. Эсто­нияда әр адамның өзінің дәрігері, қойыл­ған диагнозы мен тағайындалған дәрісіне дейін – барлық ақпаратты қалта­фонмен ортақ порталдан көре алатынына куә болдым. Осындай игі тәжірибелер бізде де пайдаланылуы тиіс.
Ақпараттық технологияларды енгізу қомақты қаржыны қажет етеді. Кейбір IT компаниялар артында лауазым иелері тұруы мүмкін екені жасырын емес. Мем­лекеттік мүдде жеке мүдде қалтарысында қалмауы тиіс. Осыны ескере отырып, мысалы, Ұлыбритания үкіметі ақпараттық технологияларды пайдалану мен мемле­кеттік сатып алу мәселелерін министр­ліктер құзырынан шығарып, бөлек агент­тік қарамағына берген. Осы бағыт­тағы дұрыс шешімдер Қазақстанның Елбасы межелеген биіктерге шығуына мүмкін­діктер береді.
– Осыдан бес жыл бұрын Астана мем­лекеттік хабы құрылды. Сол кезден бері бұл қызметтің тізгіні – өз қолыңызда. Мем­лекеттік қызметтің тиімділігін, сапа­сын арттыруда хабтың рөлі қандай? Құрылғалы бергі уақытта өз бағыт-бағдарын айқындап үлгерген болар? 
– Біздің негізгі мақсат – аймақ елдері үкіметтеріне мемлекеттік қызмет сапасын көтеруде қолдау көрсету. Яғни, хабтың күн тәртібі сұранысқа орай қалып­тасады. Себебі, әр үкімет рефор­маны өзінше жасайды. Біз тек: «Осындай әлемдік тәжірибе, әлемдік дамудың мынадай заңдылықтары бар» деп көрсе­теміз. Әрі қарай қажет үлгіні таңдап, оны жүзеге асыру – үкіметтердің өз ісі.
Қазақстан хаб арқылы өзара ынты­мақтастық пен әріптестікті дамытуға үлес қосуда. Хабтың жұмысына қызығушылық артуда. 2013 жылы ұйымды 25 мемлекеттің өкілі құрса, қазір хабқа қатысушы мем­лекеттер саны 39-ға жетті. Олардың қата­рында Америка, ЕО, ТМД, Кавказ және AСEAН елдері бар. Мысалы, Эсто­ния, Индонезия, Босния және Герцего­вина кейін қосылды. Қазір Өзбекстан, Черно­гория, Африка елдері Астана хабы ауқы­мында бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Мемлекеттер санын көбейту – арнайы мақсат емес, өзінен-өзі қалыпта­сып отырған үдеріс.
Халықаралық саясатта «жұмсақ күш» деген ұғым бар: бұл – өзара түсіністік пен еріктілік негізінде тәжірибе, білім бөлісу және үлгі арқылы бедел мен ықпалды арттыру тәсілдері. Біз мамандардың сая­саттандырылмаған басқосу алаңдарын ұйымдастырамыз. Мамандар өзара пікір алмасу арқылы әрқайсысы өзіне қажетін алады. Екінші жағынан, үкіметтердің қолы тимей жүрген кейбір жаңа бастама­ларды да көтереміз. Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің ынтасын зерттеу бойын­ша соңғы уақытқа дейін тек дамыған мемлекеттерде зерттеу жасалды. Алғаш болып Қазақстан мен Пәкістанның мем­ле­кеттік қызметшілерінің ынтасын, ынталандыру тетіктерін зерделеп, нәти­жесін үкіметке ұсындық. Бұған қоса бірнеше әлемдік жетекші сарапшыларды тартып, «Мемлекеттік қызметтің жаһан­дық және аймақтық даму трендтері» атты ауқымды еңбекті басып шығардық. Оның қосымшасы ретінде осы аймақтағы 11 елдің мемлекеттік қызметінің қысқаша анықтама-сипаттамалары бар. Бұл мем­лекеттік қызметте реформалар жасауда әр елдің тиісті органдары үшін пайдалы болмақ.
Астана хабы құрылтайшыларының бірі – әлемнің озық 35 елін біріктіретін ЭЫДҰ-мен бірлесе отырып, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лықпен күрес агенттігіне көмек ретінде былтыр «Қазақстанның мемлекеттік бас­­қаруындағы адам ресурстарын стра­те­гиялық басқару» деген зерттеу жасап, Па­риждегі ЭЫДҰ штаб-пәтерінде тұсау­ке­серін өткіздік. Қазақстанда жаңа жа­ла­­қы жүйесін әзірлеуде шетелдік сарап­шы­ларды тартуды хаб өз мойнына алған.
Хаб негізгі миссияны жүзеге асыру үшін үш бағытта жұмыс жасайды. Бірін­шісі – әріптестікті және желілерді дамыту. Екіншісі – «терезесі тең» қағида­тымен бір-бірінен үйренуді ұйымдастырып, әлеуетті көтеру. Үшіншісі – ғылыми зерттеулер және білім көздерін игеру.
– Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы – аймақтағы мемлекеттік қызмет сала­сындағы тәжірибе мен білім алмасудың институттық алаңына айнала алды ма? 
– Біз хабтағы 39 қатысушы елден өзге әлемнің 30-дан астам маманданған оқу орындары және ғылыми-зерттеу орта­лық­тарымен де әріптестік орнаттық. Оның ішінде Америка және Азияның мемле­кеттік басқару қауымдастықтары бар. Хабтың сарапшылар тізіміне 25 елдің 100-ге жуық мемлекеттік басқару сала­сындағы озық мамандары кіреді. Тарихи себептерге байланысты мемлекеттік бас­қару ғылымы бұрынғы кеңес одағы елде­рінде нашар дамығандықтан, осы саланы жетілдіруге де көбірек мән бермекпіз.
Жиындарға барғанда Астана хабының сапалы еңбегі жайлы әлемдегі жетекші мамандар білетіні байқалады. Соның бір көрінісі ретінде Мемлекеттік басқару бо­йынша Ғаламдық энциклопедия (Springer International Publishing) даярланып, соның бір бағыты маған тапсырылып, таяуда еңбек жарық көрді.
– Сіз бұған дейін де Мемлекеттік қыз­мет істері жөніндегі агенттікті басқар­дыңыз. Мемлекеттік қызметті кәсіби­лендіруге барынша назар аудардыңыз. Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби шеберлігіне, мәдениетіне көңіліңіз тола ма? Әрбір мемлекеттік қызметкердің жұмыс кестесінде ашық есік күндері белгіленген. Ол күні кез келген адам өз сұ­ра­ғымен кіріп, мәселесін шешуге ұмты­лыс жасай алады. Дегенмен осы бір күн көп жерде жай формальды түрде белгіленген сияқты. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметкер қаншалықты қолжетімді?
– Мемлекеттік қызметшілердің кәсібиленуіне, олардың деңгейіне бір­неше фактор әсер етеді: біріншісі – олардың бастапқы ниеті. Бұл жағынан алғанда, әрине, көпшілігі мемлекетіме қызмет жасасам деп жұмысқа кіріске­німен, өмірдің шындығымен бетпе-бет келгенде кейбіреуі бұрылып кетеді. Мы­салы, жалақы деңгейі. Қазақстан ман­саптық жүйеге ауысты. Енді, ең төменгі деңгейдегі қызметшілердің жала­қысын көтеру керек. Жоғары лауазымға, мәсе­лен, департамент директорлығы қыз­метіне өтуге сырттан келетін адамдардың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, бастапқы жұмысқа кірген жастардың арасынан еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды тарту үшін олардың жалақысы нарықтағы жалақымен салыс­тырмалы түрде тең болуы керек. Министр немесе әкімдердің айлығы мен қатардағы қызметшілер жалақылары арасындағы айырмашылықты азайту керек.
Назар аударатын мәселе – ұжымдарды басқару мәдениеті. Бұған қазір әлемде үлкен мән беріліп отыр. Себебі, мықты мамандарды іріктеп, жинап алғанымен, олардың жұмысын дұрыс үйлестіріп, еңбегін бағаламаса, оның пікіріне құлақ аспаса, онда маманның әлеуеті жайына қалады. Осы тұрғыдан алғанда барлық деңгейдегі басшылар қазіргі заманауи менеджмент тәсілдерін үйренуі керек.
Жалпы жақсы басшылық, жақсы менеджмент сыйластықтан басталады. Басшылар қарамағындағылардың уақы­тын, еңбегін бағалау, абыройын құр­мет­теу­­ді негізге алып, жиындарда маман­дар­ға жекімей, орынды сыйластықтың үлгі­сін көрсетсе, онда қатардағы мем­лекеттік қызметшілердің білімі, кәсібилігі қажетке асады және өздері білімге ұмтыла бастайды.
– Осы жерде мына бір сұрақтың реті келіп тұр. Сіз бір кездері мемлекеттік қыз­меткерлердің жұмыстан тым кеш қайта­тынын, бұл еңбек өнімділігін қайта төмен­дететінін айтып сынап едіңіз. Бұл сыннан қорытынды жасағандарды байқадыңыз ба? 
– Мысалы, кейбір тіпті жастау басшы­лардың өздері кешкі 6-7-ге жиналыс таға­йындайды да, өздері өзгелерді күтті­ріп қойып, 8-9-да келетінін естиміз. 1997 жыл­дары Президент әкімшілігінің орын­басары қызметін атқарған кезімде қара­мағымда істеген, кейін жоғары лауазымда жүрген бір кісі маған: «Сіз дұрыс жаса­майсыз. Адамдарды қабылдауыңызға шақырып, келген сәтте қабылдайсыз», – дегені есімде. «Не істеуім керек еді?» д­еген сауалыма: «Адамдарды кемінде 20 ми­нут күттіріп қойыңыз», – деді. «Оның сыры неде?» деп сұрағанымда, «Келген адам кабинеттің маңыздылығын түсінуі керек» деп жауап берді. Міне, осындай идеологияны басшылыққа алып жүрген­дер әлі арамызда бар.
Бір заңдылықты байқадым: өз бас­шысына жағымпаздар қарамағын­дағыларға озбыр болып келеді. Олар өз қарамағындағыларды езіп-жаншып ұстағанды ұнатады. Одан мемлекеттік қызмет сапасы нашарлайды. Себебі, үрей емес, ынтамен жасаған жұмыстың сапасы жоғары болады. Басшылардан тек жеку еститіндер халықпен қатынаста дөрекілік көрсетеді. Жақында Агенттіктің төрағасы алқа отырысында бұл істе тың бастамалар көтерді. Енді қоғам өкілдері, кәсіподақ бірлесіп, оны дамытуы қажет.
Тағы бір мәселе – қағазбастылықты азайту. Мысалы, cтратегиялық жоспар мен бюджет қабылданарда егжей-тегжейлі талқыланса, кейін қаптаған жиналыстың да керегі болмайды. Ішкі есеп беру де азайтылуы тиіс.
Вице-министрлер операциялық бас­қарумен емес, стратегиялық және сая­си менеджментпен айналысқаны ха­лық­аралық тәжірибеге сай. Ал ішкі менедж­мент, мекеменің күнделікті жұмысы – «А» корпусына кіретін аппарат жетек­шілері мен жауапты хатшылар жауапкершілігінде болуы керек. Мысалы, Канадада біздегі жауапты хатшы лауа­зымына пара-пар министрдің тұрақты орынбасары қызметіндегілер министрден де жоғары айлық алады. Себебі, министр­ліктердің іс-қимылы мен шешімдерінің заңдылығына солар жауапты. Осы тұр­ғыда алда тұрған міндет – саяси лауазым және әкімшілік лауазым иелерінің аражігін әрі қарай ажырату.
– Әңгіме арасында төменгі лауазымдағы қызметкерлер жалақысының аздығы айтылып қалды. Жалақының аздығы бізде парақорлыққа, жемқорлыққа, шаруасын бітірем деп келгендерден бір нәрсе дәметуге алып келмей ме?
– Ол – маңызды факторлардың бірі. Әрине, үлкен жемқорлықпен айналы­сатындар үшін жалақы ешқандай рөл атқармайды. «Түйені түгімен, биені бүгімен» жейтіндер үшін олардың көлденең табысының қасында жалақы ештеңе болмай қалады. Сондықтан бұл тек жалақыға ғана емес, тәрбие, әдеп пен ынтаға байланысты. Әрине, төменгі, орта лауазымдағы қызметкерлерге жалақы маңызды. Жалақысы өз жеке мәселелерін шешуге жетпейтін болса, оны бөтен жолға бұру да оңайырақ болады.
– Бір әңгімеңізде «Тарихы сан мың жылдық тоғызқұмалақ ойыны – қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан жарқын үлесінің бірі» деген едіңіз. Ұлттық ойынымыздың есіктегі басын төрге сүйреп, ұмытылып бара жатқан дәстүрі­мізге жан бітіру бүгінде көп айтылып жүрген рухани жаңғырудың жарқын үлгісі іспетті. Ұлттық құндылық дегенде тағы нені ескермей келеміз?
– Бала кезімізден зияткерлік ойын­дар­ға әкеміз бейімдеді. Тәуелсіздікке дейін наурыз кезінде өзіміздің ұмытылып бара жатқан ойындарды жаңғырту мақ­сатында тоғызқұмалақ ойнауды бастадық. Зияткерлік ойындардың жалпы адам­заттың дамуында ерекше орны бар. Ол – тек қана сайыс емес, сонымен қатар тәрбие құралы. Осыны ескере келе тоғыз­құмалақ жарыстарында «Бұл жарыстарда жеңімпаздар бар, бірақ ұтылатын ешкім жоқ» деп айтатын қағидатым бар. Өйткені ұтатын – біздің мәдениетіміз.
2003 жылы Ұлттық құраманың жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева мен тоғызқұмалақ жұлдызы Әсел Далие­ваның жаттықтырушысы – Еркетай Иманбаев келіп: «Сіз осы тоғызқұмалақты қолға алсаңыз» деп қолқа салған. Ұлттық мұраларымызға жанашыр бірнеше кәсіпкердің, спорт саласы басшылы­ғының назарын аудартып, тоғызқұма­лақты дамытып, қазір әлем чемпионат­тарын ұйымдастыру деңгейіне жеттік. Былтыр тоғызқұмалақтан өткен төртінші Әлем чемпионатына отызшақты елден командалар қатысты. Келесі әлемдік дода 2019 жылы Түркияда, Еуропа чемпионаты биыл Францияда өтеді. Тоғызқұмалақты дамыту – қазақ баласы ретінде парызым деп білемін.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында қандай мәселелерге назар салынуы керек деп ойлайсыз?
– Бірнеше басым бағыт белгіленуі тиіс: біріншіден – қазақ тіліндегі ақпарат, білім көздерін толықтыру. Өйткені қазақ тілінде көп салада жақсы оқулықтар, кітаптар жетіспейтіні мәлім.
Ұлы ойшылдар еңбектерін қазақшалау әлі де жеткіліксіз. Кезінде «Зерде» қорын басқарып жүргенде осы бастаманы көтеріп, Поппер, Монтескье, Руссолар­дың еңбектерін аударып, жарыққа шы­ғарған едік. «Мәдени мұра» ауқымында «100 оқулық» жобасы қолға алынуда. Осы ретте кітаптарды қазақшаға аудару бойынша өз еркімен бастама көтерген­дерге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек.
Жалпы, аударылатын кітаптарды екіге бөлуге болады: хрестоматиялар және түпнұсқалар. Біріншіден, хрестоматиялар адамзат өркениеттерінің негіздері – ис­лам, христиан, будда индуистік, Қытай-Тынық мұхиттық өркениеттердің туындауы және дамуын түсіндіретін кітаптар болуы тиіс.
Екіншіден, өмірді өзгерткен ұлы жа­ратылыстанушылардың негізгі ең­бектері кіріспелерін бір кітап етіп шығару керек. Кезінде осыған ұқсас Сергей Капицаның орысша кітабы жарық көрген. Осындай еңбектер қазақтілді оқырмандарға да қолжетімді болуы тиіс. Бұл – қазақ жастарына қажет ғаламат дүние болар еді.
Үшіншіден, Нобель сыйлығын алған жазушылардың шығармаларын серия қылып шығарып, олардың Нобель дәрістерінің мәтіндерін қазақ тілінде бір кітап етіп шығару қажет.
Төртіншіден, Конституцияда демо­кратиялық қоғам мен нарықтық эко­номикаға негізделген жүйе құратын­дығы­мыз көрсетілгендіктен, осы қоғамның негіздерін түсіндіретін Токвильдің «Аме­рикадағы демократия» сияқты еңбек­терін, Шумпетер, Хайек, Фридманның негізгі еңбектерін қазақ тіліне аударуымыз қажет.
Бесіншіден, ұлы тарихшылар ішінде Тойнби және өркениеттің дамуын антро­пологиялық тұрғыда түсіндіретін ғалым­дардың еңбектерін де аударған жөн.
Бүгінгі күнге келсек, осы күнге дейінгі жаңа ізденістердің тәсілдеріне сүйене отырып, адамзаттың, мемлекеттердің, нарықтық экономиканың дамуын түсін­діретін Хантингтон, Фукуяма, Фергюс­сонның еңбектерін аударса, бұл еңбектер тек білім көзіне деген мұқтаждықты өтеп қана қоймай, қазақ тілінің дамуына үлес қосып, қазақ қоғамының дүниетаным көкжиегін кеңейтер еді.
Бағдарлама аясында назар салынуы тиіс екінші бағыт – әлемге қазақтың өз көзімен қарауын қамтамасыз ету. Біз әлемге Мәскеудің де, Вашингтонның да, Брюссельдің де көзімен емес, қазақтың көзімен қарауымыз керек. Ол үшін ұлттық телеарналарымыздың әлемнің негізгі өңірлерінде өз тілшілері болуы тиіс. Сөйтіп қазақ тілінде ақпаратты жедел алып беруіміз керек. Бұл іске сол елдерде оқып жүрген қазақ студенттерін тартуы­мызға болады. Біздің ақпараттық сала­ға қосымша күш, оларға қосымша табыс болады. Қытай, АҚШ, Еуропаның үш-төрт елі, Түркия, Ресей сияқты елдер­де ұлттық арналардың, «Егемен Қазақ­стан», «Айқын» сияқты басты басылым­дардың тілшілері болса, әлемге өз көзімізбен қарауды үйретеді.
– Тарихты жаңғыртуда қандай мәселе ойға оралады?
– Өз тарихымызда ұлы тұлғалар жет­кілікті. Әл-Фараби, Яссауи, Баласа­ғұн, Қашқари, Махамбет, Шәкәрім мен Абы­лай хан, Кенесары, Қасым хан, Әбіл­қайыр, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы өмірі көркем фильмдерге сұранып тұр. Абайдың өміріне жеке сериал шығарған жөн. Тарихи тұлғала­рымыздың өмірі арқылы сол кездегі рухани өзгерістер мен құндылықтарды, ұлттық ерекшеліктерді бүгінгі ұрпаққа жеткізу маңызды.
Былтыр Атлантада (АҚШ) өткен жиында адамзат тарихында мемлекеттік басқару ғылымына үлес қосқан оншақты ғұламаның бірі ретінде әл-Фарабидің есімі алдымен аталды. Оның қала, ел басшысына қатысты он екі талабы әлі де өзектілігін жоймаған әрі көшбасшыға қойылатын әлемдік талаптардың негізіне айналған. Жүсіп Баласағұн мемлекетті басқару қағидаттарын өлеңмен жазып қалдырған.
Сондай-ақ еліміздің басынан өткен бес-алты дүркін қуғын-сүргін мен ашаршылық туралы да көркем шығар­малар қажет деп ойлаймын. Азапты, қуғын-сүргінді 20-30-жылдарды түсінуде Мұстафа Шоқайдың редакторлығымен шыққан «Яш Түркістан» журналының маңызы зор. Бірде «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп Лондонда бір кісіде «Яш Түркістанның» 70 санының түпнұсқасы бар екенін айтқан еді. Cол кісіге ақысын төлеп, журналды алдырт­тым. Оның түптұсқасын Ұлттық мұра­жайға тапсырып, оларды еліміздің кез келген оқу-ғылыми мекемесі сұраған жағдайда көшірмесін беруге міндеттейтін келісімге келдік. Журналдың бір көшір­месін Ұлттық кітапханаға, екіншісін Мұстафа Шоқайдың ауылындағы мектеп­ке тапсырдық. Төте жазумен жазылған осы мақалаларды латын қарпіне көшіріп, ойшылдарымыздың осындай басқа да құнды еңбектерімен бірге жарыққа шы­ғаруымыз керек. Қытай, Иран мұра­ғат­тарында да тарихымызға қа­тысты көп­теген ақпараттар бар. Меніңше, соларды да хрестоматия ретінде шыға­ратын кез келді. Сондықтан алдымызда әлі тың зерт­теулер, жаңа шығармашылық идея­лар күтіп тұр.
– Қазіргі жаһандану заманында ұлттық мүдде қандай болуы тиіс?
– Мәдени ерекшелігімізді сақтай отырып, тәуелсіздігіміз бен мемлекет­тігі­мізді нығайтып, бәсекеге қабілетті қоғам мен экономика құру.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
07 ақпан 2018 ж. 920 0