Президент сайлауы – 2019. Үгіт-насихат науқаны – ең маңызды кезең
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Үндеуінде 9 маусым күні болатын кезектен тыс Президенттік сайлаудың заңды, әрі әділетті өтуін қамтамасыз етуді тапсырған. Осыған орай Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы барлық өңірдегі комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру туралы 15 сәуірде арнайы қаулы қабылдады. Соған сәйкес Жамбыл облысында 3 кезеңнен тұратын семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Оқыту шараларының мақсаты – өңірімізде құрылған барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің құқықтық сауаттылығын көтеру және саяси маңызы ерекше Президент сайлауына дайындығын қамтамасыз ету.«Бірінші кезеңде курстағы барлық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары 24 академиялық сағат оқыды. Тыңдаушыларға теориялық-лекциялық, тәжірибелік тапсырмалар беріліп, бақылау сынақтары алынды. Ал екінші кезеңде аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін бір күндік курста 8 академиялық сағаттан тұратын дәрістер ұйымдастырылды. Үшінші кезеңде барлық учаскелік сайлау комиссиялары қамтылғанын айта кеткенім жөн. Мұнда тағы бір ескеретін мәселе – өңірімізде 484 учаскелік комиссия болса, оларда 968 төраға мен хатшы бар. Сондықтан бұл азаматтардың бәрін Тараз қаласына шақыртпай-ақ көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырылып, жергілікті жерде, яғни аудандарда оқытылды», - деді Жамбыл облысының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Серғали Айдапкелов.
Ол осы шаралар арқылы сайлау комиссияларының барлық деңгейдегі мүшелерінің каскадтық тәсілмен кәсіби біліктіліктері артады деген сенімде.
Серғали Өмірзақұлының айтуынша, науқан барысында назар аударатын негізгі 5 кезең бар. Қазір барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының құрамын нақтылап бекіту, сайлау учаскелерінің шекараларын белгілеу жұмыстары өз мәресіне жеткен. Бұл – біріншісі. Ол жұмыс сәуір айының 19-24 аралығында жүргізілді. Қазір барлық комиссиялар құрамы нақтыланып, сайлау учаскелерінің шекаралары белгіленіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Екінші кезең – тіркелген кандидаттардың сенімді өкілдерін бекіту, оларға куәліктері мен қол қою парақшаларын тапсырып, сәйкестігін тексеру. Бұл шара да аяқталуға жақын.
Ал үшінші кезең – үгіт-насихат жұмысы. Бұл – өте маңызды. Мұнда аумақтық сайлау комиссиялары құзырлы органдармен бірге бұл процестің заңға сәйкес өтуін қадағалайды. Науқан 11 мамыр мен 8 маусым аралығында өтетін болады.
Төртіншісі, жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін жасақтап, оларды актімен тиісті аумақтық сайлау комиссияларына өткізеді. Бұл жұмыстар 20 мамырға дейін аяқталуы тиіс.
«Сайлау комиссиялары үшін ең жауапты бесінші кезең – дауыс беру процесі. Осы күні сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдары, халықаралық байқаушылар, сенімді өкілдер мен құзырлы орган өкілдерімен бірге үйлесімді жұмыс жүргізеді. Сайлау учаскесінің ашылуынан бастап, дауыс берілген бюллетеньдерді санау және қорытындысын шығаруды үйлестіру – осы комиссиялар төрағаларының міндеті. Өйткені, ол өз комиссиясының мүшелері арасындағы функциялардың дұрыс бөлінуін, жұмыс режимінің және учаскедегі тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді», - деді аумақтық комиссия төрағасы.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 12 аумақтық және 484 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған. Құрамында 3750 азамат бар. Биылдан бастап барлық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары тұрақты штаттық режімдегі жұмысқа көшірілді. Яғни, осы уақытқа дейін төрағалар мен хатшылар тек сайлау тағайындалған уақыттан бастап оның аяқталған мерзіміне дейін қоғамдық негізде жұмыс атқаратын.
484 учаскелік сайлау комиссиясының ішінде 25-і – режимді нысан. Соңғысына ауруханалар, әскери бөлімдер, сотқа дейінгі тергеп ұстау орындары және тағы басқалары жатады. Бұл учаскелерде сол мекемелердің тізіміне енгізілген, тіркелген азаматтар ғана дауыс беру құқығына ие болады. Басқа азаматтар дауыс бере алмайды.
Асхат РАЙҚҰЛ