Билік транзитін 40 жыл бұрын бастап, әлі аяқтай алмай келе жатқан елдер бар
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қоғамда «бұл сайлау не шешеді, менің қатысқанымнан не өзгереді» деп қолды бір сілтей салушылық бар. Меніңше, ең күрделі, қауіпті үдеріс осы. Сайлаудан бас тарту айналып келгенде азаматтарды мемлекеттің денесінен бөлек ажыратып алады. Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым президент сайлауына арналған отырыста айтты.
Оның айтуынша, биылғы президенттік сайлаудың басты ерекшелігі оған Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды. Бұл саяси алаңның біршама жаңаруына, жаңа кейіпкерлердің, қайраткерлердің пайда болуына жол ашады.«Осы жолы сан-алуан саяси идеология өкілдерінің өзі туралы мәлімдеме жасап, сайлауға өздерін ұсынып жатқанын айтақ жөн. Оның ішінде ұлттық бағыттың азаматтары бар, дәстүрлі саяси партиялардың өкілдері де бар. 2006-2007 жылдардан бері тұңғыш рет демократиялық опозициялық күштердің өкілдері сайлауға түсіп жатыр. Егер қол жинау науқаны дұрыс өтетін болса Қазақстан тарихында тұңғыш рет сайлауға әйел адам түсейін деп отыр. «Ақ жол» партиясынан Дания Еспаеваны айтып отырмын. Мұның өзі қоғамның біршама жаңаруына, әйел затына деген көзқарастардың өзгеруін көрсетеді. Сонымен қатар бұл әйел адамдардың болашақта түрлі сайлауларға қатысуына жол ашатын жақсы мүмкіндік деп білемін», - дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар ол, қазіргі қоғамға 1990-2000 жылдардағы ережелерді білмейтін, оларды мойындай бермейтін жаңа тәуелсіз ұрпақ келгенін және олардың талап, міндеттеріне де құлақ асу қажеттігін жеткізді.
«Олардың сайлауға деген және сайлау институтына деген құрметі, сенімі қала ма, жоқ па деген мәселе тұр. Соңғы кездері Алматыда, елорда да жастардың қатысуымен болып жатқан жайттарға көңіл аудару қажет. Бұл да өзін-өзі іздеу. «Бізде бармыз, осындай қоғамның ішінде жүрміз, бізге не дейсіздер» деген талап. Менің ойымша, егер біз ақылды қоғам болатын болсақ, ақылды билік болатын болсақ осы жастарды итермей, керісінше ішке тартып, олардың сайлау мәдениетін қалыптастыруға, олардың жалпы саясатқа араласуына, басқасына мүмкіндік беруіміз керек», - дейді ол.
Саясаттанушының айтуынша, 19 наурыз күні қоғам ішінде зор үміт пайда болды, осы үмітті қоғамның энергиясына айналдыра білуіміз керек.
«Қоғамның елдегі түрлі мәселеге, кәсіпкерлікке, әлеуметтік басқа да мәселелерге араласуға деген ынтасын арттыру. Билік өзінің жалғыз кандидатын ұсынып, өз бірлігін дәлелдеді. Бәрі бірауыздан осы адамды ұсыныамыз деп қоғамға сигнал берді. Ендігі мәселе осы сайлау дұрыс өтетін болса онда біз әлемге Қазақстан қоғамы бір екенін дәлелдей алатын жақсы мүмкіндік аламыз және болашақта сайлауға деген жалпы қоғамның көзқарасын өзгертеміз», - дейді Айдос Сарым.
Сонымен қатар ол, сайлауға түсіп жатан адамдардың тек бет-әлпеті ғана бізді қызықтырмау керектігін, олар қандай бастамамен шығып жатқаны басты орында тұру керектігін айтты.
«Олар қоғамға және кәсіпкерлерге не береді, қандай мәселені қалай шешпек деген сұрақтар мазалау қажет. Егер осы сайлаудың нәтижесінде жақсы идеялар, ұрандар, саяси бағдарламалар пайда болатын болса, ол болашақ Парламент сайлауларының өзегі болатын, оны алдыға қарай қозғайтын дүниеге айналады. Меніңше сайлауда осы мәселелер бірінші орында тұру керек», - дейді ол.
Сондай-ақ ол, билік транзиті өте күрделі мәселе екенін, ертең не болатынын ешкім дөп басып айта алмайтындығын жеткізді.
«Көптеген елдердің жағдайына қарасақ, мәселен Африка, Азия елдері, Латын Америка елдерінде транзитті осыдан 30-40 жыл бұрын бастап, аяқтай алмай келе жатқан елдер де бар. Алысқа бармай-ақ қояйық, көрші Қырғызстан, кешегі Украинадағы сайлаулар транзиттің басталып, әлі мәресіне жетпегенін көрсетеді. Украинада тіптен қызық жағдай болып жатыр. Зеленский факторы деген мәселе жалпы қоғамның саяси тап аталуы, кез-келген партия мен кәсіби саясаткерге наразылығын танытты. Егер осындайға жеткізбейміз дейтін болсақ сайлаулар әділ өтуі керек. Екіншіден, қоғам оларға сенуі керек әрі олардыңдауысы шығу қажет, оны билік есепке алу керек. Сондықтан транзитке кіру оңай, ал одан қалай шыға аламыз? Біздің конституциямыз жаман болсын, жақсы болсын біздің саяси құрылым, осыны қамтамасыз етуге жарай ма, жарамай ма деген мәселелер бар. Ертең сайлау аяқталып, басқа да жағдайлар туындаған кезде осы конституциямыздың әлеуеті жете ме деген мәселелер бар», - дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, қоғамның өз мәдениеті де үлкен мәселе болып отыр. Ұзақ жылдар бойы саяси үдерістерден сырылып келген қоғам, енді қайтадан саясатқа араласу бастады әрі оның белсенділігі бұрынғыдан өзгеше.
«Қоғамның билік атауына, табиғатына деген көзқарастары өзгерді. Біз осыған дайынбыз ба? Осы өзгерістер айналып келгенде ертең түсініксіз жағдайлар орын алғанда мемлекет ұстап қала ала ма? Елдің тұтастығын, бірлігін ұстап қалуға бізде саяси мәдени жауапкершілік бар ма, жоқ па деген мәселе тұр. Біз Кеңес үкіметінің тарихын көп айтамыз, сол үкімет қираған кезде ешбір жан қолына күрек алып «айналайындар бұл менің мемлекетім, бұл мемлекет үшін кез-келген нәрсеге дайынмын», деп ешкім шыққан жоқ. Біздің қоғам ішінде осындай жауапкершілік бар ма? Дұрыс сайлаулар осыны қалыптастыра алады», - дейді ол.
Сондай-ақ, ол қоғам ішінде сайлауға, жалпы елдегі түрлі саяси жағдайларға енжарлық танытатындар қатары өкінішке қарай көбейіп келе жатқанын да жеткізді.
«Қоғамда «бұл сайлау не шешеді, менің қатысқанымнан не өзгереді» деп қолды бір сілтей салушылық бар. Меніңше, ең күрделі, қауіпті үдеріс осы. Сайлаудан бас тарту айналып келгенде азаматтарды мемлекеттің денесінен бөлек ажыратып алады. «Біз елімізде болып жатқан мәселелердің барлығына қатысымыз бар» дегенді қалыптастыруымыз керек. Бір қуанарлығы кешегі наразылық танытып жүрген жастар жиналып, сайлауға бақылаушы боламыз деп мәлімдепті. Меніңше, бұл тамаша. Сондай мүмкіндікті беру керек. Азаматтарды өсіретін, саяси тапқа айналдыратын бірнеше мектеп бар, біреуі осы», - дейді Айдос Сарым.