Қызылордада түн ішінде жоғалып кеткен оқушы табылды
ҚазАқпарат - Қызылордада түн ішінде жоғалып кеткен 7-сынып оқушысы үйіне аман-есен қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға 19 ақпан күні сағат түнгі 3.40-тар шамасында болған. Анасымен сөзге келіп қалған ол ашуға беріліп, үйінен шығып кеткен. Бұл жөнінде Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына хабарлама келіп түседі. Полиция қызметкерлері дереу іске кірісті. Жасөсіпірімді іздеу жұмыстарына ювеналды полиция, патрульді полиция нарядтары жұмылдырылды. Көпқабатты үйлердің өжіресі мен шатыры, ауласы, құрылыс жүріп жатқан нысандар, мекемелердің аулалары араланды. Тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Жоғалған қыз Қызылорда қаласының орталық аумағында орын тепкен ескі базар аумағынан табылды. «Жыл басынан бері облыс бойынша кәмелетке толмағандар арасында осындай 7 оқиға дерегі тіркелді. Олардың барлығы ата-анасына аман-есен табыс етілді. Осыған орай, ата-аналардан балаларға деген бақылауды және жауапкершілікті күшейтуін сұрайды. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге селқос қарамау қажеттігін қатаң ескертеді», - деп жазылған Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
inform.kz