Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлай сүю – сирек қонар бақ құсы

Құлай сүю – сирек қонар бақ құсы



Астана. 15 сәуір. Baq.kz - Бүгін Ұлттық ғашықтар күні. Осы мерекеге орай, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы ақын-журналист Ғабит Сапарбековтің «Құлай сүю – сирек қонар бақ құсы» атты өлеңін ұсынамыз.  

«Ғашықпын» деп айту оңай болғанмен,
Ғашық болу қиындардың қиыны.
Көрінгенге кезігіп көз салғанмен,
Шешілмейді жүректің сыр, түйіні.
«Махаббат» деп айтушы еді үлкендер,
«Ол не екен?» деуші едім таңданып.
Сөйтсем сезім болып шықты мұң тербер,
Қапияда қала-тұғын арбалып.
Мектеп бардым, хат таныдым, оқыдым,
Сезінгендей болдым білім асқарын.
Ең алғашқы шығармамды ақырын,
Отан, Ана жайлы жырдан бастадым.
Бала едік, балаң едік, пәк едік,
Күлкіміз де болушы еді риясыз.
Ойын ойнап, қызықтарға сан еріп,
Жүрген шақты қалай ғана қиясыз?
Нәзік қана сары қызбен сүйкімді,
Бірге оқыдық, кітап бетін сан ашып.
Бір партада отырам деп сол қызбен,
Жүруші едік бір топ бала таласып.
Оралмастай ғажайып бал шақ кетті,
Сағынамын сол күндерді кейде осы.
Сары қыздың жанарында қап кетті,
Бала махаббатымның ақ бейнесі.
Жүрек – патша, әрбір сөзі заң маған,
Әмірі де орындалар мүлтіксіз.
Алғаш рет жан-дүниемді арбаған,
Сол жанарды іздеп жүрмін кіршіксіз.
Балалығым кетті және келді күз,
Дүниені таныдым да селк еттім.
Қиялдағы жанды күтем белгісіз,
Өзгесіне бұрылмауға серт еттім.
«Ғашықпын» деп айту оңай болғанмен,
Құлай сүю – сирек қонар бақ құсы.
Сол бақытқа жолығады түбінде,
Сезімге адал, жан-жүрегі ақ кісі.
Ғабит САПАРБЕКОВ (ОҚО)
 
03 желтоқсан 2018 ж. 1 514 0