Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көзжасын жұтып ішіне, жылап тұр бүгін Шиелі...

Көзжасын жұтып ішіне, жылап тұр бүгін Шиелі...


Алтай Айып қазасындағы сөз
Жүректің кені қазылған,
Ақынның болмыс мінезі.
Беймезгіл кезде жазылған,
Жоқтау ма, жыр ма бұл өзі?..
Пешенедегін көрем мен,
Ине ұшындағы оймақпын.
Жаназаларда өлеңмен,
Жұбату айтқан бейбақпын.
Көрісіп кісі кісіге,
Кемсеңдегені-ай иегі.
Көзжасын жұтып ішіне,
Жылап тұр бүгін Шиелі.
Қатқан шеменді еріткен,
Қайғыға келдім ілесіп.
Сүрмедің өмір неліктен,
Бес күн жалғанда түгесіп.
Бес күннің аға, бір күнін,
Іздедің бе екен абаттан.
Қарызға берген тірлігін,
Қайтып алады Жаратқан.
Қоғамға мүмкін бөтенбіз,
Қолымызда жоқ дәнеңе.
Тамырлас едік екеуміз,
Тағдырлас едік және де.

Өлшегендей-ақ қас көзді,
Осы ма өмір дегенің.
Қара сиямен ақ сөзді,
Қырық жыл жазған еренім.
Тірліктің тартқан несібі,
Қара орман елің – қадірің.
Пейіштің болғай есігі,
Қаратопырағың қабірің.
Жатқанда тәнің көлденең,
Хабарың жеткен Хақтан бар.
Рухыңды аға, өлмеген,
Көтеріп кетті пәк қолдар.
Көрісіп кісі кісіге,
Кемсеңдегені-ай иегі.
Көзжасын жұтып ішіне,
Жылап тұр бүгін Шиелі...

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
әріптес інісі.
14 тамыз 2018 ж. 1 791 0