Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Батырбаев баяндаған бейне

Батырбаев баяндаған бейне



1952 жылы Сырдарияның арғы беті Таштоптағы 4 жылдық мектепті бітіріп, Шиеліге көшіп келген кез еді. Отбасымыз бұрынғы Қызылорда, қазіргі Шыныбеков көшесіндегі Ұлы Отан соғысының ардагері, яғни туыс ағайын Жүніс Шаукебаевтың үйіне уақытша орналастық – деп бастады сөзін Абдішүкір Батырбаев ағамыз. 2009 жылдан бері кент ардагерлер ұйымының төрағасы, аудандық ардагерлер ұйымының алқа мүшесі, аудандық сотта медиатор қызметін атқарып жүрген қазыналы қарияның темір мінезді болуы мамандығымен байланысты болса керек...
Бала күнгі арман
–Біз көшіп келгенде Ж.Шәукебаев Арал ауданындағы газеттің бас редакторы болып, сонда кеткен екен. Ол кісінің үйіне орналасуымызға соғыс ардагері Асыл Омаров ағамыз көмектесті. Өзі бізге жиен. 4 класты Жетпісбай Молдажанов, Мирам Аханов, Отто неміс баласымен бітіріп, №45 қазақ орта мектепте 5 класта Балтабек Сыздықов, Садуақас Рсымбетов, Амангелді Айтуғанов, Серік Сәрсенбаев, Зина Ибраева, Шәпи Шакенов, Ақыл Жұманқұлов, Қалихан Алимбетов, Серік Мауенов, Бектас Қоянбаев, Төлеген Айбелетов, Телман Палманов, Зәкім Жайлыбаев, Шәкірбек Кемелов сынды балдармен бірге оқып, достасып кеттім. Бір көшеде тұрып, бір партада отырып, Ертай Баубековпен сырлас болдым. Ұмытпасам, 1953 жылы Сталин қайтыс болған кез болатын, Ерахан Жүсіпов ағай класқа кіріп келіп, «балалар Сталин өлді» – деп, орамалымен бетін басып, орындығына жайғаса кетіп жылай бастады. Біз не дерімізді білмей, партаға жатып алып жыладық. Бір уақытта бәрімізді далаға шығарып, мектеп директоры Адамбаев «жыламаңдар, қайта мектепте тәртіпті болыңдар, жақсы оқыңдар», – деп жиын өткізді – деп, маңдайын орамалымен бір сипады.
–Төлебай ағамыз Таштопта жүргізуші болатын. Таңғы сағат 5-те дарияның арғы бетінен сексеуіл әкелу үшін жинала бастайды. Көлік айдауға қызыққан мен де таң бозарып атқаннан киініп алып, ағамды күтіп тұрамын. «Көлік айдайсың ба?» деп жанарын бір қадайды да жанына серік етіп ертіп кететін. Жаңатұрмыс тұсындағы «Шайтан көпірден» өткен соң көлік тізгінін маған ұстатады. Қуанышымда шек жоқ. Ауысып айдап отырамыз. Аласа бойыма қарап, арқама көрпеше салады да «енді айдай бер» деп өзі ұйқыға кірісетін. Көлік айдауға құмартқаным соншалық, паромға 1 км. жетпей тоқтат, Сырдарияға түсіп кетесің деп қорқытқан сөзін де елей бермейтінмін. Паромға шығатын басқышқа тіреп, бірақ тоқтаймын. Ол кезде дария суы бетпе-бет ағып жататын. Төлебай аға оянған сәтте машина жардың басында тұрғандай көрінсе керек,тежегіші ұстамай қалса, дарияға түсіп кетер едік деп қабағы қатулы күйде ұрысып алатын. Сол кездері Сыр бойында дариямен ерсілі-қарсылы кемелер Ташкеннен Аралға дейін жүк тасып, жиі өтетін. Содан болар, балалық шақта кеме жасауды армандайтынмын. Қиялыма қанат бітіріп, ұзындығы 60 см. кемені жасағаным да есімде.
Қоғамдық жұмыстың белсендісі
– Мектептің ауласында 1955-1956 жылдары ДП-14 трактор және Газ-АА деген 1,5 тонналық машина пайда болды. ДТ-14 екі тілді соқасы бар трактор. Ертай Баубеков екеуміз мектептің жерін айдап беретінбіз. Мен мектепте үнпарақ жазатынмын. Шеруге 25-30 үнпарақ алып шықса, мектепті айнала осы үнпарақтар ілінетін. Үнпарақ жазатын Ли Боном жалғыз өзі үлгере алмайтын болған соң, директор Адамбаев класқа келіп, Батырбаев шық бері үнпарақ жазасың, сабаққа соны жазып біткен соң келесің дегеніне мәз болып сабақ оқымадым. Куәлігімде барлығы 3 деген баға, сызудан ғана 5-ке тапсырғанмын. Алайда, қоғамдық жұмыста белсенді болдым. Мектеп қабырға газетінің редакторы Закім Жайлыбаев, мүшелері Жұмакүл Құдиярова,Серік Мауенов, Зина Ибраева т.б. болды. Мен суретшімін. Екілік баға алған оқушыларды екіні құшақтатып суретін саламын. Көбісі сол үшін реніштерін білдіріп те жататын. Ал, мақаланы ақын қыз Жұмакүл Құдиярова дайындап беретін. Сол №45 қазақ орта мектепке Төлеген Батырбаев ағамыз соғыстан келген бойда «әскери іс» сабақ беретін. Тіпті, сол жақтан Абайдың кітабын ала келіпті. Көршілерді жиып сол кітапты зулатып оқи жөнелгенімде ақсақалдар «балам осы жерін қайталап оқып жіберші» дейтін. Сонда ұлы Абайдың кемеңгер екендігін айтып, үлкен кісілер таңдай қағып отыратын.
Мамандығым – мақтанышым
1961 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтының механика факультетіне түстім. Сол жылы Ақмола облысына 3 айлық комбайнерлер курсына Алматының зауыттарының жұмысшыларына 2 жыл сабақ бердім. Ауылшаруашылықинститутының механика факуьтетінде трактор-комбайн сабақтары кезінде Тұрсынбай Ахметов мына Батырбаев тракторист демесі бар ма? Мұғалім укасканы маған ұстата сала «учи их» деп өзі шылым шегуге кетті. Сөйтіп курстас студенттерге трактор-комбайннан сабақ бердім. Институтты 1966 жылы желтоқсанда бітіріп, 1967 жылы қаңтар айынан Шиелі РТС Сельхозтехника мекемесінде бақылаушы-механик, 1968 жылдың тамыз айынан 1982 жылдың тамыз айына дейін дарақ бір жерде көгереді, өседі демекші сол мекемеде 14 жыл бас инженер-механик болып жұмыс істедім. Сол кезде байқағаным Қызылорда Гурьев облыстары ремонт жөнінде республикада ең төменгі орында болды. Оны жақсартудың шешімі біреу-ақ, ол облыс көлеміндегі барлық шеберханаларды мамандандыру керек. Оған облыс сельхозтехника басшылары, әсіресе бірінші орынбасары Голденберг Петр қарсы болды. Сол кездегі мекеме басшысы Ергешбаев Жолдасбекке осы мәселе төңірегінде ұсыныс жасап, қолдауға ие болдым. Республикалық «Сельхозтехника» басшысы Забежанскийге хат жолданды. Соның арқасында Жаңақорғаннан Аралға дейін барлық шеберханалар мамандандырылды. Өнімнің сапасы өсті, біздің шеберхана осыған дейін жылына 50 мотор жөндесе, енді қуаттылығы артып, жылына 1200 қозғалтқыш жөндейтін болды. Жұмысшылардың айлықтары өсті. Харьков заводымен келісім шартқа отырып, жаңа технология енгізуге кірістік. Өнертапқыш мамандарға жол ашып, пневмогайковиктерді іске қостық. Барлық көрсеткіштерден біздің шеберхана облыс бойынша 1 орында болды. 1972 жылы Шиелі РТС мекемесі бес жұлдызды сапа белгісіне ие болды. Осындай белгіні облыс бойынша 3 зауытқа берді. Олар «Арал-соль», «Арал-сударемонтный», «КЭРМЗ» зауыттары және Қызылорда темір жол депосы. Төккен тер еш кеткен жоқ. Партия еңбегімді бағалап, Лениннің 100 жылдық медалімен марапаттады. Осы мекеме мені тәрбиеледі, инженер-механик мамандығына шыңдады. Сондықтан, сельхозтехника мекемесіне шексіз ризамын. Менің инженер-механик болып машықтануыма Жолдасбек Ергешбаев, Киікбай Исмаилов сынды ұстаздарымның еңбегі зор. 1991 жылы Сейілбек Шаухаманов Қызылорда облысы бойынша инженерлер советінің төрағасы болса, сол жылы Шиелі аудандық инженерлер советінің төрағалығына сайландым. Барлық рационализаторлық жұмыстарымның сызбасын сызып, Мәскеуде шығатын «Техника в сельском хозяйстве» журналына жіберіп, қаламақы да алып тұрдым. Сол мезеттерде ауданның барлық шаруашылықтарында газдәнекерлеуші, токорлар жоқ болатын. Осы мамандық бойынша РТС мекемесінің 3 айлық қысқа курстар ашып, мамандар дайындау жұмысын да қолға алдық. 1972 жылы Бүкіл Одақтық рационализатор, өнертапқыштар форумына Қызылорда бойынша іссапармен Мәскеуге жол түсті. Алматы ауыл шаруашылық институтында техника ғылымдарының кандидаты Қанат Джамбаев «Алматыға кел, шағын шаруа қожалықтарына шағын трактор шығарайық» деп ұсыныс жасады. Содан не керек, 1982 жылы тамыз айында жаңадан ашылған ауданаралық құрылыс құрастыру мекемесіне басшылыққа жіберді. Бір гектар жерге промбазаға жоба жасатып, 1984-1986 жылы құрылысын аяқтап, іске қостық. Совет үкіметі тараған кезде ауданда бізден басқа мекемелер бұзылып, сатылып кетсе, небір қиыншылыққа шыдап, промбазаны сақтап қалуға барымды салдым. 2017 жылы шілде айында Артем Гришаға сатылды. 17 акционер үлестерін алып, орнына супермаркет жасамақшы.
Сонымен қатар, аудан мекемелеріне Алтын күз тойланар кезде біздің мекемеге жауапты жұмыстар жүктелетін. 1967 жылы шеруге 1 май мерекесіне «Броновик пен Аврора» кемесін шығардық. Ауданға С.Шауқаманов басшысылық жасаған 1984 жыл болатын. Байқоңырдан ұшатын космос-короблді алып шықпақпыз. Коробль көшеге сыймайды. Көше толы бағана. Жарық сымы, телефон сымы, сондықтан алып жүру халыққа көрсету, үлкен инженерлік іскерлікті талап етті. Ал, 1995 жылы Ергешбаев Жолдасбек ауданға арындап келіп, шеруде Талғат Бегельдиновтың Берлинді бомбалап жатқанын көрсетіңдер, ұшақтың өзі жүретін болсын деп тапсырма берді. Жасаған ұшақтың дөңгелектері бетономешалканыңдөңгелектері, моторы-ЗИД-4,5 қозғалтқыш, ұшақты алға сүйрейтін желдеткішті Қызылордадағы әуежайдан ескі АН-2 ұшақтың қалақшасын сұрап алып орнаттық. Моторы оталдырған кезде ұшақ өзі жүре беретін жағдайға жетті. Ұшақтың сызбасын сызып, орындап шығуымызға жәрдемдескен инженер-құрылысшы Назар Абенов. Сол кездегі аудан әкімі Ж.Тұрабаев комбайндардың 3585-жүріс белдіктері жетіспей, комбайндар тұра бастады. Сол кезде штапта отырып, белдік жетіспейді не істейміз? дегенде бұрынғы комбайнның 4000-дық белдіктерін пайдалануға болатынын айтып, келесі күні Төңкеріс колхозына апарып, комбайнның орнын ауыстырып, дәнекерлеп, комбайн жүріп кетті. Зәкім Жайлыбаев газетке «Батырбаев өлген комбайнды тірілтті деп» мақала бергені әлі есімде – деп түйіндеді ойын А.Батырбаев ағамыз.
Еңбекке етене жақын кейіпкеріміз РТС мекемесінде бас инженер, механик қызметін атқара жүріп, жас мамандарға техниканың қыр-сырын үйретуді де ұмыт қалдырмайды. Оның шәкірттері Ысқақ Оспанов, Серік Оспанов, Бүркіт Садуақасов, Балабек Кенжеав, Қайырбек Бейсенбаевтар тәжірибелі маман болып шықты. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» дегендей Жаңатұрмыс колхозында темір ұстасы болған нағашысы Әбілда Мамырбайұлы секілді темірге әуестеніп өскен Абдішүкір Батырбаев ағамыздың өмір бедері осылай өрілуде.
Г.ДҮЙСЕБАЙ.
30 қыркүйек 2018 ж. 2 548 0