Молдовада көше кезіп жүрген қыз алты жылдан соң Алматыда анасымен қауышты
Туған әкесі Молдоваға алып кеткен 11 жасар жеткіншек араға алты жыл салып анасымен өткен түні Алматы әуежайында қауышты деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Кәмелет жасына толмаған жасөспірім - сол Молдованың азаматшасы. Ақырында Кишиневта тұрғылықты жері болмай, қаңғыбасқа айналған қыздың анасына оралуына қазақстандық дипломаттар барын салған.
Қазақстан азаматы Олеся Георгиева молдовалық күйеуімен ажырасса да, қызынан айырылып қаламын деп әсте ойламапты. Некелері бұзылған соң бүлдіршін үш жылдай осында анасымен тұрған. Кейін әкесі келіп, қызды Молдовасына алып кетіпті.
Кишеневтағы тұрмысы нашар болғандықтан Ираға дұрыс қарамаған. Жүдеп-жадаған жеткіншектің көше кезіп жүргеніне сол жақтағы көршілері куә.
"Алғашында қызыммен хабарласып, дауысын естіп жүретінмін. Бәрі жақсы дейтін. Сәл шыда, жақында кездесеміз деп жүргенімде олардан мүлде айырылып қалдым. Нөмірлерін ауыстырып тастады. Қорыққанымнан Молдовадағы таныстарға, көршілерге хабарласа бастадым. Сөйтсем ол Ираға күн бермей, оны ұрып-соғып үйден қуып жіберіпті", - дейді Олеся Георгиева.Сөйтсе әкесі жарты жыл бұрын нашақорлыққа салынып, онсыз да дімкәс қызының тәрбиесіне бас қатырмаған. Бұл хабарды Олеся ести сала біздің дипломаттарымызға көмекке жүгініпті.
Кишеневтағы консулдықтағылар қаңғырып жүрген қызды тауып, сол елдің азаматы болса да өткен түні Алматыға жеткізді. Бір-бірін алты жыл көрмеген ана мен бала жылап қауышты.Айта кетерлігі, бұл іске Қазақстан консулдығы қаңтар айынан бастап кіріскен. Молдова Республикасының Денсаулық Сақтау министрлігінің де көмегі тиіпті.
Анасын көргенде Ира абдырап қалып, ақыры екеуі де қуаныштан көз жастарына ерік берді. Молдовадағы өмірін жеткіншек есіне де алғысы келмейді.
"Осы сәтті қанша уақыттан бері күттім, дәл қазір қандай сезімде тұрғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын", - дейді Ирина Андреиш.Араға 6 жыл салып қызымен аман-есен қауышқан анасы енді Шымкенттегі үйлеріне қайта оралмақшы. Сондай-ақ, онда псиxологтардың көмегіне жүгініп, қызын мектепке бермекші.
nur.kz