Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шынайы дос

Шынайы дос


Көктемнің жадыраған шуақты күні. Құстар сайрап, малдар төлдеп, у-шу болып жатқан мезгіл. Қыстың қақаған суығынан әбден мезі болған ауыл тұрғындары көктемнің жайма шуағының астында күлімсіреп жұмыстарын жасауда. Есік алдында бау-бақшасын ескі жапырақтардан, қураған шөптерден тазартып жүрген Сабыр аға көршісі өзімен тетелес Бейсенге: «Іске сәт», деген тілегін тілеп әңгіме дүкен құрып жүр.
Сабақтан шыққан мектеп оқушылары бірін-бірі қуып, қуыспақ ойнап үйлеріне қайтуда. Арасында Сабыр ағаның баласы Нұрдәулет те бар. Нұрдәулеттің мектепке барғанына санаулы күндер ғана болған. Cонау анасынан айырылған күннен бері әкесі Сабыр анасының орнын жоқтатқан емес. Достары: «Тағы үйлен, жассың», – дегенімен баласының жағдайын ойлап достарының айтқанынан бас тартқан да болатын. Мектептен келген Нұрдәулет бір атыз жерді қолмен аударып келгендей: «Әке, шай беріңізші», – деп үйдің ауласына кірмей жатып айқайлап келеді. Әкесі баласының алдынан шығып, арқасындағы сөмкесін алып: «Кіре қой үйге», «Бүгін қандай баға алдың?» деп сұрақ астына алды. Нұрдәулеттің үйге айқайлап келетініндей бар екен. Бүгін мектептен екі сабақтан бес алыпты. Сабыр баласын мақтап, арқасынан қағып қояды. Баласын шексіз жақсы көретін әке жұмыс істеп жатқан көршісіне мақтанып: «Балам бүгін маған екі бес алып келді», – деп үйіне кіріп кетті. Үйге кіріп, сыртының күйесі дұрыс сүртілмеген қара құманын алып, жыпылықтап жанып тұрған газдың үстіне қойды. Баласын дастарқанға отырғызып, нанына май жағып берді. Шай қайнап, баласы тамақтанып болған соң мектепте көрген қызықтарын айта бастады.
Күн өтті. Нұрдәулет мектепке күнделікті сабағына барды. Үзіліс кезінде мектеп ауласында ойнақтап жүрген оқушылар. Бірдей киім үлгісі, кімнің-кім екенін ажырату оңай емес. Мектептегі оқушы балалар арасындағы әдет бірінші атамандыққа талас. Сәулет жүгіріп келген бойда: «Нұрдәулет, сен нешінші атамансың?», – дегенде :«Мен бірінші атаманмын», – деп жауабын қайтарды. Сәулеттің қасында тұрған Дархан: «Сен емес мен», – деп Нұрдәулет екеуі жаға ұстасып, алысып кетті. Оларды көрген ұстазы Нағима апай екеуін сыныпқа алып кіріп, сыныптас дос деген қандай болатынын саналарына сіңірді. Сол мектеп табалдырығында болған сол оқиғадан кейін Нұрдәулет пен Дархан бір-бірінен ажырамас дос болып кетеді. Екеуінің үйі бір көшенің бойында орналасқан. Сабаққа бірге барып, бірге қайтады. Мектептен шыққан соң бірге ойнап, соңында дос емес туыстар сияқты болып, бірінің үйінде бірі қонып жүре беретін болды. Нұрдәулеттің әкесі аңға шығып, кейде балық ұстап жалғыздықты жеңіп, өз-өзін алдайтын еді. Дәл Нұрдәулет мектепті бітіретін жылы қыс өте қатты болды. Аңға шыққан Сабыр көлігі бұзылып жазық далада жалғыз қалып қояды. Құдай сақтады ма, бір күн өткен соң арнайы құрылған іздестіру тобы Сабырды тауып, жергілікті ауруханаға жеткізеді. Суықты өткізіп алған Сабыр аяғы үсіп, жансызданып қалған екен. Содан бері үй шаруасы мен әкесінің хал-жағдайы Нұрдәулеттің мойнына жүктелді. Түске дейін сабақта, түстен кейін автожуу бекетінде жұмыс жасайтын болды. Мектеп бітіргеннен кейін Дархан қалаға оқуға түсіп, Нұрдәулет мектепті үздік оқығанымен әкесін жалғыз тастай алмай ауылда қалды. Арада біраз уақыт өтіп, өмірдің қиындығын ерте бастаған Нұрдәулет тез есейіп, кез келген нәрсені ақылға салып байыппен істейтін болды. Жылдар жылжып, Дархан қаладан оқуын бітіріп, ауылға келді. Көпшілікті көрген, оқыған азамат. Ауылға келісімен аудан орталығына жұмысқа орналасып, білімі мен біліктілігі арқасында тез көтерілді. Жұмыстың арқасында тұрмыс жағдайы жақсарып, оның бойында көкіректік, өзін қатарластарынан биік санайтын мінез пайда болады. Оның ішінде Нұрдәулет те бар еді. Бірін-бірі достан артық туыс санайтын достардың тағдыры осылай тәмамдалғандай сезілді. Дарханның көзін шел басып, байлыққа малынып, мүлде басқа адам болып кеткен. Алайда, Нұрдәулет олай ойламай, Дарханды әлі де дос санайтын.
Күнделікті жұмыс уақыты. Нұрдәулеттің ойында еш нәрсе жоқ. Тынымсыз жұмыс жасаған ол дем басайын деп үстел қылып қойған машинаның орындығына жайғасты. Бар ойлағаны көз іліп алу. Бірде ауыл жақтан көзге таныс біреу көрінеді. Қарап отырса велосипедпен терлеп-тепшіп, түрі өзгеріп, өңі бозарып келе жатқан көршісі Бейсеннің баласы екен. Алыстан-ақ, асығып келе жатқаны көрініп тұрды. Нұрдәулеттің іші бірдеңе сезгендей болды. Көршісі велосипедтен түсе сала: «Нұрдәулет, әкең, әкең» деп ішіндегісін айта алмай тұрды. Жаман хабарды айта алмай тұрғанын білген Нұрдәулет бәрін тастап ауылға қарай жүгіріп кетеді. Нұрдәулеттің басындағы қайғысы аздай ақыл-кеңес сұрап тұратын әкесінен де айырылды. Тер төгіп тапқан таянғанын жинап, таныстарына қарызданып, әкесін соңғы сапарға шығарып салды. Алайда, Нұрдәулетті тағы алаңдатқан бір жайт бар еді. Ол досым деп санап жүрген Дархан болатын. Дарханның көңіл айтып келмегені, жүрегі жылап тұрғанда жұбатпағаны үшін досына деген өкпе-реніші пайда болды. Жасынан қанша қиын күндер өткізгенімен Нұрдәулет өзінің сабырлылығының арқасында бар қиындықты жеңе білетін қасиеті бар болатын. Бұл күндерді де басынан өткізді.
Ай өтті, жыл өтті. Өмірінде өтірік сөз айтпайтын, айтқан сөзінен қайтпайтын, кедеймін деп басын төмен қаратпайтын Нұрдәулет бес уақыт намазын оқып, адал жолмен нанын тауып, күнін көріп жүрді. Бір күні Нұрдәулет әдеттегідей өзінің көлік жуу бекетіне барған болатын. Бірақ, бұл күн ол үшін ерекше есте қаларлықтай болды. Өйткені, ұзын сары көйлек киген, орташа бойлы, сұлулығы көзінен көрінетін, жылулығы жүзінен сезілетін, астында қымбат автокөлігі бар Айсұлуды жолықтырған еді. Алғаш келгенде бойжеткен тек автокөлігінің ақауын айтып, сол ақауы бар жерді жөндетіп қана кететін. Кейіннен ұялы телефон арқылы байланысқа шығып, көлігі бұзылған жерге шақыруды да үйреніп алды. Осылай қарым- қатынасы жақсарып, жақын танысып, бір-біріне де үйренісіп кетті. Өзара әзілдері жарасып, кенет есіктен кіріп келген Айсұлу өзімен бірге бейне бір әдемілікті алып келгендей бөлменің ішін нұрландырып жіберді.
Күз мезгілі еді. Айнала түгелдей сары түске боялған. Күз мезгілі келгендігін білдіргендей тау жақтан салқын желдің лебі еседі. Бұл қазан айының аяғы болатын. Күн түнеріп, аспанды ала бұлттар қаптап дымқылданып, жаңбыр жауатынын білдіріп тұр. Бірақ, Нұрдәулеттің көңілі жаз еді. Белін бекем буып, батыл қадам жасамақшы болды. Бүгін не жағдай болса да Айсұлуға сөз айтпақшы. Алайда, ішінде небір сұрақтар мазалауда. «Ол сөзімді қабылдамаса не істеймін? Бай, ауқатты отбасынан шыққан қыз мені не қылсын», – деп кейде өзін тежеп те қояды. Дегенмен, Айсұлуға: «Кешке кафеде кездесейік», – деген ұсыныс жасап, Айсұлу келіскен болатын. Нұрдәулет бұл уақытқа дейін қызбен кездеспеген. «Не айтам? Қалай айтамын»? – деп қобалжып жүр. Қас қарайып, күн ұясына батып, кеш те келеді. Нұрдәулет бар тәуір киімін киіп, кездесуге шақырған кафесіне келіп қызды күтеді. Екеуі терезенің түбіне жайғасып, ас мәзірін алдыртып қарап отыр. Нұрдәулет сөзін айтуға бата алмай, қысылып анау-мынауды әңгімелеп қояды. Бір кезде күн күркіреп, сыртта алай-дүлей жел соғып, жаңбыр шелектеп құйып кетті. Жаңбырдың жауғаны сол екен отырған кафенің ішіне үсті басы малмандай су болған бір кісі кіріп келді. Әбден жаңбырдың астында қалып, әбіржіген Дарханды жазбай таныған Нұрдәулет орнынан тұрып әпермей жатып айдай сұлу Айсұлуға көзі түскен Дархан «О, Нұрдәулет досым» деген жасанды күлкіні жүзіне салып қастарына жайғаса кетті. Әңгіме барысында өзінің жетістіктері, байлығы жайында мақтана әңгіме айтып, Айсұлудың назарын өзіне аударып әлек. Сөзі жарасып сөйлесіп жүрген Нұрдәулет назардан тыс қалғандай болды. Дархан кеш болып барады, үйіңе дейін жеткізіп тастайын деп Айсұлуды өзімен ертіп кетті. Ал, Нұрдәулет қатал өмірден тағы бір соққы алып үйіне басы төмен қараған күйі қайтты. Айлар бойы жаны жабырқап, қиналды. Айсұлуды жүрегінен жұлып тастай алмады.
Иә, махаббаттан адам баласы өлмесе де, талай жанды құрдымға жіберді. Жүректерін жаралады. Өмірінің мәнісінен айырды. Нұрдәулет те солай, өзін сабырға шақырғанмен өзінің сезіміне адал еді. Бұл кезде оның жасы отызға таяған кез. Ақыл тоқтатқан шақ. Осы уақытқа дейін қанша қиындықты басынан өткеріп, өмірден мол тәжірибе жинаған. Содан болар, жетім-жесірге, отбасының жағдайы төмендерге қол созуды ешқашан ұмытпайтын. Өзі бай, ауқатты болмаса да қолында барына қанағат етіп, ішер асын жұртпен бөлісетін. Ауыл азаматтары да бұны жақсы танып, Нұрдәулетті айтып мақтанатын.
Айсұлу сол баяғыша Нұрдәулеттің жұмысына соғып тұрды. Сезімнің лебін сезсе де айтарын ішіне сақтап, үндеместен кетіп қалатын. Айсұлуға ғашық жандардың қатарына Дархан да қосылған еді. Ол Нұрдәулеттей емес. Қалтасына көп сенетін. Байлыққа аузының майланғаны соншалық бүкіл дүниені сатып алатынына сенімді еді. Нұрдәулетке келіп көпшіліктің көзінше кемсітіп, Айсұлу оған тең емес екенін бетіне басқан уақыттар да болды. Кішкентайынан бірге өссе де, Нұрдәулеттің қандай жан екенін ұмытқандай. Себебі, жетімдікті сезініп өскен ол өз орнын жақсы білетін. Әр қадамын бағамдап, жоспар құрып басатын. Айсұлуды қанша ұнатқанымен оған қарай артық қадам жасамайтын.
Айсұлу – сұлу қыз. Әрі ауқатты отбасынан шыққан. Оған ғашық жандар аз емес. Дархан қанша бай болса да жүрегін жаулай алмады. Оны білсе де махаббаттан көзі байланған Дархан адам танудан қалды. Айсұлуды көрінгеннен қызғануды шығарды. Соңғы рет Айсұлуды үйіне айттырып келген жігітті жолдастарымен жығып, жансақтау бөлімінен бірақ шығарған еді.
Екі аптадан астам уақыт өтті. Нұрдәулеттің туған күні келді. Темір сүртіп, күнелткен достарымен тойламақшы еді. Аудан орталығында қаншама көңіл көтеретін жер болғанымен, осы жерде Дархан мен Айсұлуға тағы кезікті. Сол баяғыша киім үлгісі. Тек қымбат дүниелерді үстіне жапсырып алған. Достары да өзі деңгейлес. Қалың қабақ пен мес қарындарды маңына жиып алыпты. Тағы да Нұрдәулетті тілмен түйрегісі келді. Бірақ, бұған жансақтау бөлімінен шыққан, бұрынғы Айсұлудың жігіті мұрша бермеді. Қолдарына қос ауыз мылтық ұстапты. Жігіттері де жетерлік. Кек алып, өзінің шыққан жансақтау бөліміне Дарханды жатқызбақшы. Ол сөзге келейін деп тұрған жоқ. Бар ойы-кегін қайтару.
Дархан не істерін білмеді. Көзді ашып-жұматын уақыт өтпей жаны тәтті достарын таба алмай қалды. Айнала ешкім жоқ, жалғыз өзі. Сенген дүниесі серік бола алмады. Дөңгеленген мылтықтың тұмсығынан жасырынатын жер жоқ. Маңдайдан мұздай тер шықты. Кешірім сұрайын десе, тәкаппарлығы жібермейді. «Ат!» – дейін десе, өлімнен қорқады. Не керек сол жерде тапжылмай қалды. Достарынан күдер үзді. Кешірім сұрағанмен пайда жоқ екенін сезді. Бәрі бітті, деп тоқтады. Санаулы секундтарда ойы жан-жаққа жүгірді. Бір мүмкіндік болса, бәрін өзгертер едім деген сенімділік мазасын ала бастады. Өткен өмірі лента секілді кейін айналды. Бала кездегі уағдаласқан досы есіне түсті, қиянаты көз алдына келді.
Ойда жоқ топалаң басталып кетті. Нұрдәулет жігіттерімен жеткен екен. Іште алай-дүлей дауыл тұрды. Ұшып жатқан ыдыстар мен үстелдер кімге тиіп жатқаны белгісіз. «Гүрс» естілген мылтықтың дауысынан соң айнала тыныштанған кейіпке енді. «Тәртіп сақшылары келер», – деп мылтық ұстағандар іздерін қалдырмай жоқ болды. Ажалдан қалған азаматтың ескі досына айтар сөзі жоқ. Көздері жасаурады. Не дегені белгісіз еріндері кішкене дірілдеді. Ыңырсыған күйі Нұрдәулетті құшағына алды.
Бірақ досы үн қатар емес. Арқасындағы оқ тиген жер ешнәрсені ойлатпады. Көзі қарауытқан. Төмен қарай аққан қан көргендерді шошытты. Тек «Жедел жәрдем»! – деп айқайлаудан басқа шара қалмады.
Тәубама келдім бе дегенде жанын сақтап қалған досының бұл жағдайы жанына қатты батты. Апталап ауруханада болды. Досы үшін сүйген аруынан да бас тартты. Нұрдәулет аяғына тұрғанда Айсұлудың үйіне өзі айттыруға барды. Тойларын жасауға да жәрдемдесті. Күйеу жолдас болудан да бас тартпады. Қарыздар досына жеке машина жөндеу орнын да ашып берді.
Аристотель: «Адамның басы бәлеге ұрынған кездегі ең жақсы қамал – адал достар», – дейді. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, жанымызда жүрген жандардың қадірін түсіне алмай жататын кездеріміз жоқ емес. Сондықтан, басымызға сынақ беріліп, іс түспей тұрғанда дос­тарымызды бағалайық.

Ерұлан ДАТКЕНОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
31 шілде 2018 ж. 1 517 0