Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАУ ТҰЛҒА ҚҰШАҒЫНДА

ТАУ ТҰЛҒА ҚҰШАҒЫНДА

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің есімі – ұлт тарихындағы ерлік пен табандылықтың айрықша нышаны. Авиация генерал-майоры, КСРО-ға еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш, Кеңес одағының Батыры әрі Қазақстанның Халық Қаһарманы атанған Тоқтар Оңғарбайұлының өмір жолы – қарапайым еңбек адамынан ғарыш кеңістігін бағындырған тарихи тұлғаға дейінгі тұтас бір тағылымды мектеп.
Университет қабырғасында білім алып жүрген уақытта, мені сабақ үстінде ректордың шықырып жатқанын айтты. Үстел үстіндегі дәптерімді жинап алып, жоғары қабатқа қарай көтерілдім. Ректор Қуаныш Дәуренбековтің кабинетінің есігін қағып, ішке кірдім. Ол кісі де мені тосып отырғанын айтып:
– Мейіржан, ертең университетке қадірлі қонағымыз болып қазақтың тұңғыш ғарышкері, Тоқтар Әубәкіров келеді. Ол кісі өте өнерді құрметтейтін, жақсы көретін кісі. Халық қаһарманының Сыр еліне келуіне орай үлкен конференция өтеді. Сол жиында сен ұлттық аспабымыз домбырамен өзіңнің арнауыңды айту керексің, – деп қолқа салды.
Мен бұл ұсынысты қуана қабыл алдым. Әрине, бір жағынан іштей үлкен толқыныс болды. Маған ұстаздарым сенім артты, демек қолымнан келеді деп дайындық барысына кірістім. Сабақ аяқталған соң жол бойы өлеңімді құрастырдым. Қазақтың тау тұлғасы туралы іздендім.
Таңертең университеттегі конференция болатын залға қарай бет алып, қолыма қоңыр үнді домбырамды алып, іштей арнауымды қайталап келемін. Жиынға қатысушалар өте көп. Кім де болсын қазақтың тұңғыш ғарышкерін көруге асық. Сағат тілі 10:00-ді көрсеткен уақытта Болашақ университетінің құрылтайшысы әрі Халық қаһарманының досы Бақберген Досмағамбетов Тоқтар Оңғарбайұлына оқу орнын таныстырып, біз жиналып отырған залға алып келді.
Модератор жиналған қауымға іс-шараның өту барысын айтып, қатысушылар жөнінде ақпараттар берілді. Жиында қазақтың тұңғыш ғарышкері туралы баяндамалар оқылды. Сонан соң кездесудің қадірлі қонағы Тоқтар Әубәкіровке университеттің «Құрметті профессоры» атағы табысталды. Әрі қарай кездесуді жүргізіп отырған университет ректоры мені хабарлап, ортаға шақырды. Зал бір сәтке тынышталып, «бұл бала не істер екен» деген сұраулы жүзбен назарын ортаға салды.
Ішімнен бісмілләмді айтып, қоңыр үнді домбыраммен арнауымды бастадым. Халық хаһарманының өлеңіме құлақ түріп тыңдауы іштегі қорқыныш пен толқынысымды бірден сейілтті. Толық айтып шыққан сәтте Тоқтар Оңғарбайұлы тұрып өлең шумақтарыма «бәрекелді» деп, қасына қарай шақырды. Қуанышымда шек жоқ! Осылайша қазақ елінің тұңғыш ғарышкерінің қолын алып, жылы құшағына кіру бақыты бұйырды. Міне, университет қабырғасында білім алып жүрген кезде Тоқтар Әубәкіровпен бірге осындай естен кетпес естелік қалған еді.
Кеше, яғни 27 шілде де күні қазақ елінің Халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды. Уақыттың өзі таразыға тартқандай, дәл осы жылы оның ғарышқа көтерілгеніне де отыз бес жыл болды. Бірі – адам ғұмырының биік белесі, бірі – ұлт тарихындағы ұмытылмас сәт. Ол 1946 жылғы Қарағанды облысының Бірінші май ауылында дүниеге келді. Болашақ батыр жастайынан авиацияға қызығып, мектеп қабырғасында аэроклубқа қатысып, алғашқы парашюттік секірулерін жасады. Орта мектепті тәмамдаған соң Армавир жоғары әскери авиациялық училищесіне оқуға түсіп, әскери ұшқыш мамандығын игерді. Кейін Қиыр Шығыста әскери авиация бөлімдерінде қызмет атқарып, жоғары кәсіби даярлығының арқасында бірінші дәрежелі әскери ұшқыш атанды.
1988 жылы Тоқтар Әубәкіров Кеңес одағы тарихында алғаш рет әуеде екі мәрте жанармай құйып, Солтүстік полюске дейін ұшу тапсырмасын сәтті орындады. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал 1989 жылы ол «МИГ-29К» палубалық жойғыш ұшағын авиакрейсерге қондырып, кейін сол кемеден қайтадан трамплин арқылы әуеге көтерілу операциясын әлемде алғаш болып жүзеге асырды. Авиация тарихындағы бұл бірегей жетістік оның есімін Гиннестің рекордтар кітабына енгізді.
1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшып, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырды. Ол «Мир» орбиталық стансасында 7 тәулік 22 сағат 13 минут болып, ғылыми-зерттеу бағдарламасын табысты орындады. Ғарыш сапары барысында экология, медицина, биология және материалтану бағыттары бойынша маңызды тәжірибелер жүргізілді. Арал теңізінің экологиялық ахуалына қатысты зерттеулер халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Бүгінде Тоқтар Оңғарбайұлы зейнет демалысында болғанымен, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы қоғамдық жұмыстарға тұрақты қатысып келеді. Ол – Кеңес одағының Батыры, Халық қаһарманы, «Отан» орденінің және басқа да жоғары мемлекеттік әрі халықаралық наградалардың иегері.
Халық қаһарманының өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, кәсіби шеберлік пен табандылықтың, батылдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның есімі ұлт жадында алтын әріппен жазылды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Халық қаһарманына зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
28 шілде 2026 ж. 20 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№56 (9423)

28 шілде 2026 ж.

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031