Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛМА ӨСПЕЙТІН АЙМАҚ ПА ЕДІК?

АЛМА ӨСПЕЙТІН АЙМАҚ ПА ЕДІК?

Шиелі – күні ыстық, суы мол, жері құнарлы өңір. Алайда қазір «алма өспейтін аймақ па едік?» деген сауал жиі қойыла бастады. Себебі ауданда алма бақтары болғанымен, бұл кәсіп нақты жүйеге түспей тұр.
Климат қолайлы, бірақ көзқарас көңіл көншітпейді
Алманың өсіп-өнуіне қажетті барлық жағдай Шиелі ауданында бар. Суармалы егістік, күннің ұзақ түсуі, топырақ құнары да өңірде барынша жеткілікті. Дегенмен, аймақ алма өсіру бойынша ресми мамандану схемасына енбеген. Сол себепті алма бағын өсіріп жатқан шаруа субсидия, жеңілдетілген несие немесе сақтандыру сияқты қолдаудан тыс қалып отыр. Ш и е л і д е с о ң ғ ы жылдары алма бағы отырғызыла бастады. Мәселен, 2020 жылы жалпы 55 гектар алма мен жеміс ағашы егілді. Негізгі бастамашылары «Төңкеріс и К», «Жер Жомард Д», «Бала би-2004» шаруа қожалықтары. Жеке кәсіпкерлер де қосылып, шағын көлемде көшеттер отырғызды. Бірақ 2021-2024 жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен жоқ. Неге? Себебі жаңадан егілген бақтар туралы н а қ т ы дерек жоқ, өйткені көптеген бағбан бұл салаға инвестиция салудан қорқады. Субсидия неге жоқ? 2019 жылдан бастап облыстық аграрлық мамандану схемасында Шиеліде алма бағы басым бағыт ретінде белгіленбеген. Соның салдарынан алма өсіруге жеңілдетілген несие, субсидия, техника көмегі берілмейді, сондай-ақ бағбандар өз қаржысымен жұмыс істеуге мәжбүр және көпшілік жаңа бақ егуден бас тартып отыр. Әрине, жергілікті бағбандар алманың сапалы түрлерін өсруге ниетті, бірақ суармалы судың тұрақсыздығы, сақтау қоймалары мен қаптама цехтарының жоқтығы, көтерме сатып алушылардың болмауы нарыққа шығуға кедергі.
Мақаланы толықтай кеңейту үшін біз дереу орталық базарға бас сұғып, ондағы алманың бағасының тұрақтылығын бағамдадық. Қазіргі таңда алма 400-500 теңгеден сатылуда. Алманың көбісі Шымкент, Түркістан жақтан алып келеді. Тіпті шетелдік алмаларды да кездестірдік. Сатушылардан «Неге Шиелінің алмасы жоқ?» десек, «Алманың барлығы дұрыс күтілмейді, шіріп кетеді» деді олар. Енді не істеу керек? Расында біздің өңір – бірегей аграрлық аймақ. Оның топырағы мен климаттық жағдайы алма өсіруге өте қолайлы. Бұл аймақта суармалы жерлер көп, сол себептен алманың өнімділігін арттыруға жағдай жасалған. Күннің жылы әрі ұзақ болуы алма дақылы үшін тиімді. Құнарлы топырақ пен табиғи ресурстар ауыл шаруашылығының әртүрлі салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл жерде алма өндірісін дамытудың үлкен әлеуеті бар, бірақ оның бәсекеге қабілеттілігі ішкі және сыртқы нарықтарда да сынға түсуде. Алма бақтарын дамытуға арналған инфрақұрылымның жоқтығы да экспорттық мүмкіндіктердің шектеулі болуына әсер етеді. – Егер Шиелі алмасы арнайы бренд ретінде дамытылса, оның экспорттық нарықтарда да өз орнын табуына мүмкіндік бар. Қазақстанның оңтүстігінен, сондай-ақ Ресей мен Қытайға алма экспорттау үшін ұзақ мерзімді стратегиялар құру маңызды. Әсіресе, Ресей мен Қытай сияқты үлкен нарықтарда Шиелі алмасын танымал ету үшін маркетингтік жұмыстарды күшейту қажет. Ауданда алма шаруашылығының дамуы үшін табиғи және ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері жеткілікті. Десек те, оның дамуы көптеген мәселелерге байланысты болып тұр. Мемлекеттік қолдаудың, инфрақұрылымның және нарықтық сұранысқа бейімделген стратегиялардың жоқтығы алма шаруашылығын толыққанды дамытуға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан бұл салаға инвестициялар мен назар аудару арқылы алманың әлеуетін толықтай жүзеге асыру қажет.
Шаруа не дейді?
Шиелі ауданының табиғи жағдайы алма өсіруге қолайлы болғанымен, бұл сала әлі толыққанды дамып, аудан экономикасына нақты серпін бере алған жоқ. Бағбандар ниетті, жер дайын, ал қолдау жоқ. Субсидиясыз күн кешіп отырған бағбандардың бірі, «Сабыр» шаруа қожалықтың иесі – Жанболат Ташимов. Ол – Шиелі ауданың тұрғыны, алма бағымен айналысып жүргеніне 7 жыл болған. Оның алдында 2-3 жыл жерді дайындаған. 2018 жылы өз қаражатына 2 гектар жерге алма көшеттерін отырғызған. Ағаш саны – 300 түп бес жылдық, былтырғы егілгендер саны – 250 түп ағаш. Өнім бергеніне 2 жыл болды. – Менің бағымда ерте пісетін сорттар және кеш пісетін сорттар өседі. Білесіздер, өңірімізде жеміс ағашын өсіру үшін жер құнарлы болу керек. Күн көбірек түсетін, ашық жарық болса тіпті жақсы. Алма ағашы күнді жақсы көреді. Желден қорғалған жерге отырғызған жөн. Топыраққа көң қосамын. Ағаштардың ара қашықтығы сортқа байланысты. Мендегі ара қашық 4х5 метрді құрайды, – әңгіменің барысын кейіпкеріміз осылай бастады. О н ы ң а й т у ы н ш а , Ш и е л і д е а л м а шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп тұрған басты мәселе – алма өсірудің құрылымдық, технологиялық және қаржылық тұрғыдан өте күрделі болуы. Бағбанмен тілдесе келе, оның әлі де атқарылатын жұмыстарына тамсанып қарадық. Ендігі мақсаты – мықты инвестор табылып, алма бақты әрі қарай көркейту. Кейіпкерімізбен әңгімелесіп болған соң, біз Алмалыда алма бағы қандай деңгейде екенін сараладық. Алмалы деген сөздің өзі алма жеуге тартып тұрғандай. Бірақ... Алма бағын таба алмадық. Кеңес одағының тұсында ауылында алма бақ та аймақтың сәнін келтіріп тұратын. Ал қазір елді мекеннің келбетіне қарап, бір кездері алманың отаны болған деп айту қиын. Ауылдың атына заты сай болмай тұрғаны Әлияр Сейітов ағамызды да алаңдатып жүр екен. Аудандағы ауыл шаруашылығында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ол – аталған салада толайым табысқа жетіп жүрген майталман маман. – Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолы пайдалануға берілгелі бірнеше ауылдың тұсында алма егу жұмыстары іске асуда. Мәселен, бұл 1 – Май, Тартоғай, Досбол би, сонымен қатар Жаңақорған ауданының аумағында қолға алынып жатыр. Ал бір таңғалатыным, кезінде 264 гектар аумаққа алма, 111 гектар жерге жүзім егілген Алмалы ауылынан қазір сол жемістерді таппайсың. Іскер басшы Мұхит Исмаил Алмалы совхозының директоры болған тұста жыл сайын алма бақтан 1200 тонна алма жиналатын. 560 тонна жеміс сақтауға арналған мұздатқыш қоймасы, үш ауысыммен жұмыс істейтін цехы, 20 шақты теплицасы да бар еді. Мұндағы алма жыл он екі ай бойы аудан халқын қамтуға жетіп артылатын. Кейіннен алма бақ таран-таражға түсіп, жерін ауыл тұрғындары бөлісіп алды. Ал ауылдың аты затына сай емес. Неліктен? Алма егуге барлық жағдай жасалған. Ауылдың тұсынан Л-6 каналы өтеді. Жері алма егуге бейімделген, ескі су өткізетін құбырлары мен су жолдары сақталған. Тек қолға алып, жұмысты жандандыратын жандар ғана жетіспей тұр. Қазір нарық заманы. Алдағы уақытта бұрынғы алма бақты қайта жандандыратын болса, біріншіден, ауылдың келбеті артып, көріктене түсер еді. Екіншіден, ауылда жұмыссыздар саны едәуір азаяды. Үшіншіден, халықтың қалтасына қомақты қаржы түсіп, әлеуеті арта түсері анық. Сол себептен мен Алмалы ауылының ардагерлерін жастарды алма, жүзім егуге қайтадан баулып, кезіндегі жеміс бағын қалпына келтіруге атсалысуға шақырамын. Алмалы ауылының алмасын бүкіл қазақ еліне әйгілі етуге күш салсақ, бұл болашақ ұрпақ үшін жасаған ең үлкен сыйымыз болар еді, – дейді белгілі бағбан. Менің пікірлерден кейінгі пайымым мынандай: Ауданда алма шаруашылығы бар, бірақ өсімі шектеулі. Қолда барын пайдаланып отырған шаруалар бар, бірақ олар субсидиясыз, инфрақұрылымсыз, өз күшімен ғана өмір сүріп отыр. Жер бар, ниет бар. Ал қолдау жүйелі түрде жасалса, Шиелінің алмасы тек аудан емес, бүкіл өңірдің брендіне айналар еді. Импорт қаптап тұр, отандық өнім өтпей тұр Қазақстан жыл сайын 130 мың тоннадан астам алманы сырттан әкеледі. Сауда сөрелеріндегі өнімнің кемінде жартысы – шетелдік. Оның ішінде Иран, Қытай, Польша, Қырғызстан және Өзбекстаннан келетін алма бағасы арзан, ал көлемі үлкен. Отандық алма, оның ішінде Шиелі бағбандары өсірген өнім логистика, сақтау қоймасы мен өткізу нарығының жоқтығынан тек күзгі маусымда ғана сатылып қалады. Қалған уақытта шаруаның тауары базарға жете алмайды.
Өзгенікі неге керек?
Алма экспортымен айналысатын елдердің кірісіне көз жүгірттік. Мәселен, 2018 жылы алманы экспорттаудан Қытай өз бюджетіне 1,5 млрд доллар, АҚШ 936,4 млн доллар, Италия 917,2 млн доллар пайда түсірсе, Чили 663,6 млн доллар, Франция 591,3 млн доллар, Жаңа Зеландия 494,7 млн доллар, Оңтүстік Африка Республикасы 358,7 млн доллар, Польша 313,1 млн доллар, Нидерланды 208,3 млн доллар, Бельгия 134,1 млн доллар пайда тауыпты. Біздің елде де соңғы уақытта дәл осы алма өсірумен айналысатын бағбандарға мүмкіндік артып отыр. Біріншіден, бұл жеміске сұраныс мол болса, екіншіден, осы саланың маңызды бөлігі – импорт болып отыр, ал үшіншіден, мемлекет несие мөлшерлемелерін субсидиялау және өндіріс шығындарының бір бөлігін қайтару арқылы отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп келеді. Тағы бір дерекке сүйеніп қарайық, е р е с е к т е р д і а й т п а ғ а н д а а у д а н д а ғ ы балабақшалардағы бүлдіршіндердің өзі 1 жылда 325 тонна алма жеуі керек. Дәлірек айтқанда, ҚР БЖҒМ-нің «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығы әзірлеген «Мектепке дейінгі ұйымдардағы тамақтануды ұйымдастыру және қадағалау» атты әдістемелік құралында әр балаға күніне 250 гр көкөніс, 150 грамм жеміс, 10 грамм кептірілген жеміс. Шиеліде балабақшадағы балалар саны 6 мыңның үстінде. Әдістемелік құралға сәйкес әр балаға 150 грамм алма беретін болсақ 6 мың бала күніне 900 кило алма жемек. Қорытынды есеп жылына 324 тонна. Бұл тек балабақшалар бойынша есеп. Осы көлемнің өзін сырттан алып есептейтін болсақ, жүздеген миллион теңге ақшамыз сыртқа шашылып жатыр емес пе?!

Тілші түйіні: Шиелі – алма өсетін аймақ. Бірақ аудан әлі күнге дейін «алма өндірісіне бейім емес» деген ескі стереотиптің құрбаны бола бермек пе? Жергілікті шаруаның талпынысын жүйелі қолдауға ұластыра алмасақ, біз қолда бар мүмкіндікті өзіміз шектеп аламыз. Алма жайқалатын, табыс әкелетін өнім болуы үшін – саяси шешім, экономикалық қолдау және нарыққа жол қажет. Әйтпесе, шыныменақ, «алма өспейтін аймақ» болып қалармыз...

Айнұр ИБРАШЕВА 
18 шілде 2025 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (9319)

14 шілде 2025 ж.

№51 (9318)

12 шілде 2025 ж.

№50 (9317)

09 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031