Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘМИНА (Әңгіме)

ӘМИНА (Әңгіме)

(Соңы, Басы газеттің №13 санында)
Ертесі сабақ аяқталысымен сыртқа шыққан жігіттер басқалардан бөлініп, бір жерге ұйлығысып жинала бастады. Іштеріндегі Әділ деген пысықтау жігіт сөз бастап: – Қазақта бір сөз бар еді «ауру астан, дау қарындастан» деген, сондай-ақ бізге не болды жігіттер? Ерлан мен Ақыл бір қызға таласты деп біз де екі дәй болып төбелесеміз бе? Бес жыл шай деспей бірге жүріп, енді бұл тірлігімізге жол болсын? Тоқтаңдар, саналы түрде келісімге келіңдер. Ақылсыз емессіңдер, бес жыл оқып жоғары білім алып отырсыңдар ғой. Сол білімдеріңді осы жерде пайдаланыңдар. Қане, Ақыл, Ерлан бір бәтуаға келіңдер, – деді. – Бәтуаға келетін болсақ бірінші танысқан мен, ол менен кейін танысты. Сол үшін де ол тоқтасын, өйткені әуелі сөз айтқан мен. Мен оны шын ұнаттым, шын жақсы көремін, егер келісетін болса осы қазір-ақ үйленгім бар, – деді Ерлан. – Бірінші көрген мен, әдепкі танысқан күні ұзақтан көріп қасына жүгіріп барамын дегенше сен жолдан жабыса кетіп танысып алғансың. Ал бәтуаға келетін болсақ келейік. Ол қыз қайсысымызды ұнатады сол болсын, осыған келісейік, – деді Ақыл. – Ол оған келіспейді, екі жігіт бірден барған соң кез келген қыз келіспейді. Онанда біреуміз барайық. Мен бірінші бардым ғой бірінші сөз айтқан да мен, мен барамын, – деді Ерлан. – Сен неге мен-мен деп осы көкірегіңді соққылай бересің? Сенен басқа адамда көкірек жоқ па немене? – Мен көкірегімді соғып тұрғаным жоқ, бірінші болып сөз айтып тұрмын. – Бірінші сөз айтсаң қайтейін, сен айтқан сөзді біз айтпауымыз керек пе? Сен көргенді біз көрмеуіміз керек пе, жоқ әлде сен ұнатқанды біз ұнатпауымыз керек шығар? – Тоқтандар жігіттер, тоқтаңдар!, – деп Әділ араға түсті – дәл бұлай ерегісе берсеңдер еш уақытта келісе алмайсыңдар. – Мен тоқтап тұрмын – деді Ерлан Әділге қарап, енді ананы тоқтат. Мен бастап сөз айттым ба ол қызға, енді соңына дейін айтамын. Ал маған көнбесе мен қоямын сөз айтқанды, сосын сен айтасың сөзді, – деп Ақылға қарап саусағын шошайтты. Әділ не дейсің дегендей Ақылға қарады. Ол болса тіптен шатынап: – Неменеге маған қаратып саусағыңды қаңсыған қарағайға қағылатын шегедей қылып – шошайтасың, не мені бір қарағай деп тұрсың ба? Ненің буы осы сені алып бара жатқан а, тіпті ешкімді көзіңе ілетін емессің ғой, – деді ашуы бетіне шығып. Ақылдың бұл сөзіне Ерлан да есесін жібермей: – Не болды әй сонша, қыштан соққан құмырадай шыңғырлап. Абайла жазым болып шытынап кетіп жүрерсің, – деді мысқылды жүзбен. Ерланның бұл мысқылына Ақыл да ақысын жібермей: – Мен саялайтын жерге, сен ағаш екпей-ақ қой! – деп Ерланға қаратып оң қолың сілкіп қалыпдәл мына сиқыңмен кімге тұлға болғандайсың, – деді. – Жә, қойыңдар, жетер енді, – деп арға Әділ қайта килікті, – екеуінің текетірестеріңді қызықтау үшін жиналған жоқпыз, екеуіңді бір мәмілеге келтіреміз бе деп жиналдық. Осы сәтте шетте тұрған бір жігіт айғайлап: – Әй, жігіттер, анда қараңдар, таласып жатқан қыздарыңның өзі келе жатыр, – деді жұрттың бәрі жалт қарады. Бұлармен төбелесетіндей болып ерлерше киінген төрт қыз ұзақтау келіп тоқтады да, іштерінен бір қыз бұлардың қасына келіп: – Ақыл, Ерлан бері жүріңдер, сен екеуіңмен сөйлесетін сөзіміз бар, – деп бұрылып жүре береді. Жаңа ғана шатасып тұрған екі жігіт не болғанын түсінбей аңтарылып қарап қалды. Қасындағы жігіттер «өй барындар, барыңдар» деп екеуін итергендей етіп ана қыздың соңынан жіберді. Ол қыз әрі барып қалған үш қызға қосылды. Соңдарында қалған жігіттердің бәрі не болар екен деп демдерін іштеріне тартып үнсіз қарап тұрды. Үш қыз қолдарын сермеп бір нәрселерді кезек-кезек айтып жатыр, бергі екі жігіттің не жауап беріп жатқаны белгісіз. Бір шама уақыттан кейін үш қыз сөздерін доғарып, арғы жағында жалғыз тұрған құрбыларын ертіп одан әрі кете берді. Мына екі жігіт болса салы суға кеткен адамдардай, мындағы жігіттерге қосылды. – Әй, не болды екеуің бірдей таяқ жеген адамға ұқсап... Не деді аналар? – деді Әділ. – Өй, біз әлі жаспыз, оқуымызды бітірмей күйеуге шықпаймыз дейді, – деді Ақыл. – Сосын? – деп Әділ одан әрі қазбалады. Егер шын ұнататын болсаңдар ата-аналарың Иараның әке-шешесінің алдынан өтсін дейді, сосын солар не дейді біз де соған тоқтаймыз деді, – деп Ерлан төмен қарады. – Дұрыс айтады, – деп жігіттердің бәрі жырқжырқ күле бастады. – Өздерің де ойламайсыңдар ма енді, кеше ғана ғой оқуға түскендері, сөйте тұра енді бүгін күйеуге шыға қояды деген қай ойларың? Олар дұрыс айтқан, шын ұнатқан болсаңдар ертіп апарындар ата-аналарыңды, сосын мәселені шешеді де береді. Құр босқа бір-біріңмен жаға ұстасқанша солай етіңдер, – деді Әділ. – Несі бар апарамын ата-анамды, – деді Ақыл қызбаланып. – Сен не айтасың, Ерлан? – деді жігіттер. – Не айтканы несі, апарамын мен де ата-анамды, – деді Ерлан да намысқа тырысып. Сол күні түнде екі жігіт ешкімге тіс жарып ештеңе айтпастан бірі Орда қаласына, бірі Шым қаласына аттанып кетіп еді. Келесі күні таңертең отыз бірінші желтоқсан күні төрт қыз ұйқыларынан кештеу тұрды. Таңғы астарын ішіп алған соң Иараны ­ауылына, Шиеліге шығарып саламыз деп келіскен. Қасындағы үш қыздың ауылдары шалғайда болғандықтан демалыстарын осы жатақханада өткізбекші. Жуынып-шайынып төртеуі стол басына отырған кезде есік қағылғаны. Шетте отырған Кәмила лып етіп барып есікті ашты. Иараның әкесі Балғын кіріп келе жатыр ішке. – А-а папа! – деп Иара жүгіріп барып құшақтай алды. Сағынып қалған қызының қуанышы басылған кезде Балғын сырт киімдерін шешіп стол басына отырып, қыздармен бірге шай ішті. Өзінің екі сағаттан соң кері ауылға қайтатынын айтып және ана үш қыздың ауылдарына кайтпай осы жатақханада қалатынын білген соң оларды да қонақ болындар деп қызымен бірге үйіне ерте кетпекші болып, қыздарды қуантып-ақ тастаған еді. Екі сағаттан соң шет елдік маркалы автокөлігіне төрт қызды мінгізіп алған Балғын, үлкен күре жолда солтүстік батысты бетке алып жүйткіп бара жатты. *** Сол күні кешке екі мың он үшінші жылдың ең соңғы күні қызарып батып, ертеңіне екі мың он төртінші жылдың алғашқы таңы арайлап атып келе жатқан. Иараның ата-анасының мейіріміне бөленген төрт кыз ұйқыларын қандырып орындарынан тұрып еді. Қызымен бірге келген соң ана үш қызды да өзінің қызындай көріп айналыптолғанып жүрген Әмина, төртеуін дастархан басына шақырды. Өткендегі Иараның Ақыл мен Ерлан жайындағы әңгімесін кеше келісімен ештеңесін қалдырмай үш қыз айтып берген. Оны естіген Әмина күдігінің расқа айналғанын күйеуіне айтып, бүгін-ертең үйден ешкайда кетпеуін тапсырған. Жорамалы дұрыс келді, түс кезінде әкесі мен шешесін ертіп Ерлан жетіп келсін. Әкесі жетпістерге келген, оқығаны – тоқығаны мол өте мәдениетті кісі екен дағы, шешесі елуден асқан кексе әйел болып шықты. Әмина бір көргеннен әлгі әйелді шырамытқан болды ма, жоқ әлде біреуге ұқсатты ма, неге екені белгісіз жан дүниесінде бір сезім ол кісіні өзіне жақын тарта түскендей еді. Ол әйел де келе екі көзін Әминадан алмай, пәленбай жыл бұрын жоғалтқан құнды бір дүниесі табылғандай ішіп-жеп қараумен болған. Уақытты көп созбайын дегендей, әкесі амандық саулықтан кейін сөз бастады: – Ал ағайындар, біз сіздер күтпеген қонақпыз. Мынау отырған біздің баламыз Ерлан Түркістан қаласында университетте оқиды, сіздердің қыздарыныз Иара да сол жерде оқиды екен. Осы екі жастың арасындағы жағдаймен келіп қалып едік. Әуелі өзімді таныстырайын, мен осы Ерланның әкесімін атым – Пернебай. Ал мынау отырған менің жолдасым, Ерланның анасы аты – Ғалия, – деді. Сол естігенде Әмина орнынан тұрып: – Ғалия дедініз бе, сіз осы Шиелі ауданы Ақтоғай ауылында дүниеге келіп пе едіңіз? – деді. – Иә, сол Актоғай ауылында туып-өскенмін, сенің есімің Әмина ма? – деп сұрады Ғалия. – Иә, атым Әмина, мені босана салып тастап кеткен анамның аты Ғалия екен, – деді де Әмина, – сіз сол менің анам Ғалия емессіз бе? – деді жұлып алғандай. Осы сәтте Ғалияның екі көзінен жас парлап қоя беріп еді. – Иә, мен сол сенің анаңмын атым Ғалия, кешіре алсаң кешір мені жаным, жарығым. Ол кезде мен он алты-ақ жаста болатынмын, ештененің де байыбына бара алмадым. Кетіп бара жатып атыңды Әмина деп қойындар деп едім. Құдайға мың мәрте шүкір, міне кездестік ақыры жаным. Кешір мені жаным, кешір мені, – деп орнынан тұрды. Қасындағылардың бәрі аң-таң аңтарылып қарап қалған. Әмина болса не істерін білмей жынды адам секілді мең-зең күйде біраз тұрып, бір шамада есі кірген адамдай ұмтылып келіп анасын қалай құшақтай алғанын білмей де қалды. Туғалы бері ана мейірімін, ана құшағын көрмеген Әмина анасының құшағында өксіп-өксіп жылады. Бұл көрініске Пернебай таңдана карап отыр, өйткені құда түсеміз деп келіп аяқ астынан туыстарымызды тауып алдық па дейтіндей. Ғалия қызым бар дегендегісі осы Әмина болса, одан туылған Иара бізге тіптен жақын ғой, оның бойындағы қан Ерланның бойында да бар. Демек ол екеуі үйлене алмайды деген сөз. Жә, тоқтаңдар, бәрің де отырыңдар, – деп Пернебай бәрін отырғызып Ғалия қызым бар деп қоймаушы едің сол қыз осы Әмина болды ғой. Егер олай болса олда да біздің қызымыз, одан туылған Иара бізге туған жиен болды. Оның бойындағы қан Ерланның да бойында бар, сонда ол екеуі үйлене алмайды. Құда түсеміз деп келіп ақыр аяғы туысқан болып шықтық қой. Ерлан, Иара сенің жиен қарындасың, оған сен үйлене алмайсың, – деді. Ұнатқан қызың өзіңе жақын болып шыққанына Ерлан онша ренжи қойған жоқ. Иара болса аяқ астынан ағалы болғанына тіптен қуанып қалды, қасындағы үш қыз Иарадан бетер қуанып жүр. Осы сәтте бір күтпеген жағдай болды, сырттан қонақтар келді деген дауысқа Балғын тұрып тысқа шығып кеткен. Сәлден соң ішке Ақыл мен оның шешесі және шешесінің әкесі ертіп кірді. Шешесінің әкесін Пернебай секілді салдарлы, салихалы, көргенді кісі екен. Төрге Пернебайдың жанына жайғасқан ол, сонау Шым шахарынан не себепті ат терлетіп келгендерін айтып, соңынан өздерін таныстыруға кірісті. – Менің есімім – Қуатбек, Ақылдың нағашы атасымын. Мынау отырған Шырын менің қызым, Ақылдың анасы. Ал күйеу балам Ақылдың әкесі қазір келеді, сыртта мәшинеде қалып еді, – деп айтқаны сол еді, сырттан күйеу баласы кіріп келді. Оны көрген Ғалияның көз жанары шарасынан шыға жаздап: – Өй, Балтабай! – деді. Ол да қарай салып, қорыққан адам секілді ішегін тартып: – Ғалия! – деді. Өмірде осындай да сәйкестіктер бола береді екен. Бір кездері бір-біріне өліп-өшіп ғашық болған қос мұңлық, арада талай жыл өткен соң, ойламаған жерде кездесіп қалды. Сонда қандай жерде кездесті, екеуінің арасын жалғайтын жалғыз ғана дәнекер, өмірі көрмеген, көреміз деген ойларына да кірмеген қыздарының үйінде кездесті. Иә, осы қыздары үшін екеуін де ағайындары жазалап, біреуін ұрып-соғып сонау Шым қаласындағы ағайындарына жіберіп, қайта келместей етті. Екіншісін Орда қаласына асырып, сол жақта тамыр-таныс арқылы күбірсыбыр келісіммен күйеуге беріп тындырды. Сол күйеуіне шығамыне дегенше де Ғалия не көрмеді. Көзге шыққан сүйелдей етіп аға-жеңгелері, апажезделері түрткілеумен болған. Отырсам опақ, тұрсам сопақ бола бергенімше тезірек құриын деген оймен, тумайтын бедеу әйелінен ажырасқан өзінен көп жас үлкен кісіге тұрмысқа шықты да кетті. Бір перзентке зар болып жүрген Пернебайға Ғалия бірінен соң бірін сегіз ұлды туып берді. Күйеуі қызмет бабымен көбіне түзде жүрген соң, сегіз ұлын тәрбиелеу өзіне жүктелген. Бала қамы деп етегі елпі, жеңі желпі жүрсе де өзінің тұла бойы тұңғышы Әминаны бір сәт те есінен шығарған емес. Талай мәрте іздеп келмекші болған, бірақ бірінен соң бірі жетіліп келе жатқан балаларын оқытты, күйбең тірлік мұрша бермеді. Ең кіші ұлы Ерлан оқуын бітіріп дипломын алса, сосын барып іздеп келермін деп ойлайтын. Бірақ оған Құдай қаратпады, есебін тауып ойламаған жерден қызымен жолықтырды. Ей жасаған Алла мың мәрте шүкір, мың мәрте тәубе! Балтабай болса Шым қаласында тұратын, әкесінің туған інісінің қолына кеткен. Ағасы бұған бірден шопырлықты оқытып, жүргізуші куәлігін әперген еді. Сөйтіп өзімен бірге жұмыс істейтін қызметтес досына шопыры еткен. Көп ұзатпай сол Қуатбектің қызына да үйлендірді. Содан Балтабайдың қолында ешқандай билік қалмады. Әуелі әкесінің інісі ағасының билігі, одан соң атасы Қуатбектің билігі, соңғысы келіншегі Шырынның билігінен аса алмай шерменде күйге түскен. Енді дәл осы жерде қызымен жолығам деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген болатын. Қызының шешесі өзінің алғашқы махаббаты Ғалияны айтсаңшы, қайр-аа-н Ғалия. Сол үшін ағайындары өзін жазалап, сонау Шым қаласына қуып тастаған жоқ па? Енді оларға кім кедергі болады, ешкім де кедергі бола алмайды ғой. Бірақ сонда да Балтабай Ғалияға екі-үш аттап жақын келгені болмаса одан әріге бара алмады. Тек Әминаны құшағына алып маңдайынан, шашынан иіскей берді, Әмина болса ойламаған жерден ата-анасымен табысқанына қуанғаны сонша папасының мойнына асылып, сонау жас кезінде жан дүниесінің бір қатпарында қалып кеткен әкесіне деген ыстық сағынышын көз жасы арқылы сыртқа шығарумен болған. Бұлардың бастарынан өткен өмір тарихын естігенде үйдің ішіндегілердің бәрі тырс етіп дыбыс шығаруға батылдары бармай, сілтідей тыныш қалып еді. Тек Балтабайдың әйелі Шырын ғана аздап қызғаныш білдірген. Бірақ Қуатбек пен Пернебай бәрін ретке келтіріп, Шырынды сабырға шақырып, өздерінің құда боламыз деп келген ниеттерінің туыстыққа, жекжаттыққа ұласқанына ақ жол тілеп, баталарын беріп еді. Балғын қайын жұртының екеу екеніне қуанса, Иара екі жақты да нағашы етемін деп қуанды. Иара қуанды деп үш құрбысы одан бетер қуанды. Ерлан мен Ақыл ұнатқан адамдарының өздеріне туған жиен болғанына қуанды. Балтабай мен Ғалия қыздарымен табысқанына қуанды. Балтабай қуанды деп Шырын да қуанды. Пернебай мен Қуатбек туыс жекжат болып өрістерінің кеңейгеніне қуанды. Ал Әминаның көз жанарында ата-анасына деген мұңды сағыныштың ізі де қалмапты.
Абай ЖҮРСІНБАЙҰЛЫ
23 ақпан 2025 ж. 48 0