Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕТІМДІ ЖЕБЕГЕН ЖУСАН ИІСІ

ЖЕТІМДІ ЖЕБЕГЕН ЖУСАН ИІСІ


Қиялына қанат байлап, қаламды қару, қағазды қалқан еткен әр қаламгерді шарықтатып, шырқау көкке көтеретін қасиетті туған жері екені анық. Әдебиет әлемін жанына арқау еткен әрбір дарын иесі түп темірқазығы, табанының мөрі қалған атамекені туралы кемінде бір шығарма болсын жазады. Сол көркем шығарма арқылы өзінің туған жерге деген махаббатын, ыстық ықыласын жеткізеді. Туған жердің тылсым табиғаты мен ауыл тіршілігінен сыр шертетін осындай шығармаларды оқыған оқырман да көзіне жас алып, балғын балалық шағы өткен дәуренді еске алары сөзсіз.


Әсіресе, Сайын Мұратбековтің «Жусан иісін» оқыған кітапсүйер қауымның арасында көзіне жас алмаған жан жоқ шығар. Себебі, кім-кімнің болсын балалық шағы жусан иісімен біте қайнасып жатыр. Уайым-қайғысыз асыр салып ойнаған уақытты ешкім ұмыта қоймас, сірә! Бірақ жер бетіндегі барлық баланың балдәурен кезі бақытты естеліктерге толы деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, олай емес. Қалтарысы мен бұлтарысы көп өмір соқпағына егде тартқан кісілер ғана емес, бұғанасы қатпаған бүлдіршіндер де кездеседі. «Түседі еске жалаң аяқ күндерім, ақ сүйекті ала қашқан түндерім. Сол қашқаннан мол қашыпты балалық, қайда екенін көптен бері-ақ білмедім» деп Қасым Аманжолов жырлағандай, балалық шақтың дәурені өтсе де, сол кезде бастан өткерген қызықты әрі қиын сәттер ешқашан ұмытылмайды. Бұл сөзімізге әңгіменің әлқиссасында айтқан С.Мұратбековтің «Жусан иісі» повесті дәлел. Әрине, кітаптағы оқиға автордың өзінің өмірі деуден аулақпыз. Бірақ соғыс жылдарында атаанасынан айырылып, ерте есейген сан мыңдаған жетім балалардың ішкі трагедиясын бір ғана Аянмен жеткізе білді. Сондықтан болар, автордың әңгімелері арасында осы «Жусан иісінің» шоқтығы биік. Оны тіпті мектеп оқушылары да қызығып оқиды. Әсіресе, оқушылар тас жетім болса да, тағдыр теперішін тартса да, ештеңеден қаймықпай, білімпаздығына тамсанып, керек кезінде сол Аян сияқты да болғысы келетін. Себебі қайғы келсе, темірдей төзімді болып, ауыртпалықты өз ерікжігерімен жеңіп шығатын адамдар аз. Кішкентай Аян анасы мен әкесі қайтыс болған соң әжесінің қасында жүріп-ақ өзінің қандай мықты екенін, өзі құрыптас құрдастарына әлдеқашан дәлелдеп тастаған. Әрине, ол да өзге балалар сияқты анасының құшағында, әкесінің қасында ыстық бауырсақ пен жібіген тары жеп отырғысы келетін. Бірақ жігіттік намысы оны ешкімге алақан жаймауға үйретті. Тіпті шана теуіп жүрген балаларға жалынбау үшін, жалғыз өзі түннің жарымында шана теуіп, қызығын басатын. Осылайша Аян көпшілікке ересек секілді көрінгенімен, оның ішінде де әлі ойынға тоймаған кішкентай бала жатыр еді. Осыданақ адам баласын жасы емес, оның өмірі есейтетінін байқасақ болады. Бізге балалық пен бақыт егіз ұғым сияқты көрінеді. Тіпті кез келген шығарманы алып қарасаңыз да, балалық шағындағы тәтті естелікпен бөлісіп жатқандар көп-ақ.

Бірақ «Жусан иісін» оқып отырып, мұндай тәтті естеліктерді кездестіре алмайсыз. Керісінше кішкентай жүректің үлкен өмірмен арпалысын аңғарасыз. Әсіресе, жалғыз сенері әжесі қайтыс болғанда да жыламай, дәл бір тағдырдың бұл тосын сый алдын ала білгендей қарсы алды. Мұны кітап жолдарында «Аян болса сол мелшиген жалтақ-жалтақ етіп, ауылдың әр тұсынан «әжетайлап» дауыс қойып келе жатқан үлкен адамдарға қарайды. Бірақ олардың бірі де бұған назар аударар емес.

Біз болсақ, енді қайтер екен деп қызықтағандай одан көз айырмастан ортаға ап, қоршалай тұрмыз. Өзара сыбырласқан боп, оған да естірте: «Әжесі өлгенге неге жыламайды-ей?» деп қоямыз». Міне, осы сәттен бастап тұлымшағы желбіреген бала жетімдіктің ащы дәмін татады. «Әкесі жоқ – мас жетім, анасы жоқ – тас жетім» демекші, біресе Бапай шалдың кемпірінен сөз естісе, енді бірде ауыл адамдарының аяп, мүсіркеген көзқарасын байқайды. Тіпті көрші-қолаң аяған болып, қарайласса да өзін бақытты сезінбейді. Себебі, кім көрінгеннің жұмсай беруі, таң алагеуім атқаннан қара кешке дейін бітпейтін үй жұмысы, бір үзім нан жесе де өзгеге жалтақтап қарауы Аянның бала көңілін қуанта алмады. Алайда, ол жан-жарасын емдеудің жолын ертегіден және жусанның иісінен тапты. Жақындарынан жабыққанда, олардан тарыдай бір мейірім көрмегенде ішіндегі сыры мен мұңын, өмірдегі жамандық пен жақсылықтың күресін ертегі арқылы жеткізді. Өзі жетім болғандықтан ба, ертегілерінің басым бөлігі жетімдердің тағдыры туралы сыр шертті. Ол өмірдің сан алуан кедергісімен ертегісі арқылы күресті. Ал жанына жақын адамдарын сағынғанда ағасының күпәйкісін құшақтап, жусанның иісімен сағынышын басты. «Мен бүгін таң алдында түсімде ағамды көрдім. Рас айтам. Түнде жатарда ағамның пальтосын басыма жастап, көпке дейін иісін иіскеп жатқам. Ағамның иісі сіңіп қапты.Бір түрлі жусанның иісі сияқты жақсы иіс. Мен бүйтіп жағасына мұрнымды тығып алдым да ұзақ-ұзақ иіскедім. Әжем ылғи «ағаңды анау Жусантөбенің үстінде, мал қайырам деп жүргенде, айдалада тапқанмын» дейтін.

Менің ағамда жусанның иісі содан қалған. Сөйтіп жатып ұйықтап едім, түсіме кірді». Міне, осы сәттен бастап Аян жусанның иісін сезген сайын ағасын есіне алып, көңіліне жұбаныш іздейтін. Бір қызығы, ол иіс тек Аянның ағасында ғана емес, сол жерде ертегі тыңдап отырған барлық баланың үстінде болып шықты. Себебі, жусанның иісі – даланың иісі еді. Күндіз-түні далада асыр салып ойнап жүрген балаға жусанның иісі сіңбей қалуы мүмкін емес. Бірақ көбіне жусанның иісі балалық шағын еске түсірсе, Аян ылғи ағасын еске алатын. Ел үшін, жер үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып жүрген ағасын елге оралады деп көп күтті. Бірақ сұм соғыс Аянның ағасын да аямады. Жалғыз тіреніші болған ағасы жау қолынан қаза тауып, ауылға қаралы хабар келді. Осы қара қағаздан соң, Аян амалсыздан балалар үйіне аттанды. Ол ауылда аз уақыт тұрып, кейін балалар үйіне кетіп қалса да, достарының есінде елітетін ертегілерімен қала білді. Автор Аянға деген сағынышын «Біз, балалар, Аянды көп уақытқа дейін еске алып, сөз қылушы едік. Кейде кешкілік бір жерге жиналып ап, ала қыстай Аян айтқан ертегілердің есте қалғандарын қайталай айтып та жүрдік. Аянның ертегілерінің көңілімізде ұялағаны сонша, кейін ер жеткен кездерімізде өзімізден кіші балаларды тамсандыра отырып айтатынбыз. Тіпті күні бүгінге дейін, сонан бері талай оңдаған жылдар өтсе де, кей күні түнде далаға шыға қалсам, қараңғыда бөрікше шошайған Ешкіөлмес шоқысы – астында жалғыз көзді дәу ұйықтап жатқандай, соның қорқыраған демінен теңселіп тұрғандай көрінеді» деп тебіреніспен жеткізеді. Кезінде «Жусан иісіне» кейіпкер болған Аян қазір қайда екен? Тірі ме екен? Бірақ алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын, қиындықты қара нардай көтере білетін бала қалай болса да тірі қалуы керек. Қызығы, балалар үйіне кеткен соң бір рет болсын Жусантөбеге ат ізін салды ма екен? Жусан иісін қайтадан иіскеуге барды ма екен? Аянға алаңдаған оқырман ретінде менің көкейімде осы сұрақтар қалып қойды.


Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
30 қаңтар 2024 ж. 4 808 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930