"Маған айтылған балағат сөздерді өзіме сай көрмедім"
Бір күні бір адам Омар Хайямды жұрт көзінше:
- Сен дінсізсің! Сен араққұмарсың! Сен тіпті ұрысың! - деп балағаттапты.
Оған жауап ретінде Омар Хайям жәй ғана күлімдеп қоя салыпты.
Осыны көрген бір бай, әдемі киініп алған адам:
- Сен қалайша бұлай айтуына жол бересің?! Сенің намысың келмей ме? - деп таңдана сұрапты. Омар күліп:
- Жүр менімен, - депті. Бай оған ілесіпті.
Омар сарайына кіріп, ескі сандықты ақтарып, одан дымға жарамсыз жыртық халатты тауыпты. Оны әлгі байға лақтырып:
- Мынаны өзіңе өлшеп көрші, саған шақ болуы керек,- депті.
- Мұның маған не керегі бар? Менің киімім қымбат, әдемі екенін өзің көріп тұрған жоқсың ба? Сен шынымен де жынданыпсың! - деп халатты Омарға қайтара лақтырыпты.
- Көрдің бе, сен жыртық, ескі халатты өзіңе сай көрмедің. Сол сияқты мен де маған айтылған балағат сөздерді өзіме сай көрмедім. Сені балағаттаған адамға ренжігенің - оның сөздерінің шындық екеніне келіскенің! - деп жауап беріпті Омар.
Абдиманап Үмбетовтың ФБ парақшасынан.