Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Патшалықтан артық болған абырой

Патшалықтан артық болған абырой


Кешегі күннің көзін көрген ата-апаларымыздан жиі еститініміз «баяғыда молданың алдына апарып: «Тақсыр, мына жүгірмектің еті – сенікі, сүйегі – менікі. Әйтеуір адам қылып шығарсаң болғаны» – деген сөздері болатын. Сондай-ақ, кеңес дәуірінің әдеби шығармаларынан осы сарындағы мысалдарды өте көп кезіктіресің. Оқыған сайын – көк шыбықты суға салып ісінтіп қойып, бейшара шәкіртінің жон арқасын тілім-тілім етіп аяусыз сабайтын, «аюға таяқпен намаз үйреткен» қатыгез молданы жек көріп, осындай тәрбиешінің қорлығына бауыр еті – перзентін қиып берген аталарымызды да іштей кінәлап алатынбыз. Бүгін байыптап қарасақ, ол түсінігіміз қате қалыптасқан сыңайлы. Сөзін далаға жіберіп, босқа шығындамайтын аталарымыз әлгі әңгімеге зор мағына сыйғызып, үлкен аманат жүктеп айтқандығын енді біліп отырмыз.
Осы орайда бір мысал келтіре кетсек: «Ертеде бір патша баласын медресеге беріпті. Баласы ұстазды тыңдамай, еркелікке басады. Патшаның баласы болғандықтан ұстаз да балаға қатты сөйлеуге қаймығып, шарасыз халге түсіпті. Бірақ, шәкірт аманат болғандықтан, ұстаз шыдамы таусылып, патшаға барып, жағдайды жеткізеді. Патша әрі ойланып, бері ойланып, бір шешімін тауып, ұстазға ойын айтады. Ұстаз алғашында бұл шешімге шошып кетсе де, патшаның дегеніне көнеді. Келесі күні дәріс үстінде бала тағы да еркелігіне басып, ұстазды тыңдамай келемеж қылады. Дәл сол сәтте есік қағылып, патша есіктен басын сұғып ішке қарайды. Алдын-ала келіскендей ұстаз патшаға дүрсе қойып, айғайға басып,«шық кәнеки, көрмеймісің, дәріс өтіп жатыр» дейді. Патша болса мүләйімсіп, кешірім сұрап, шығып кетеді. Мұндайды көрген патша баласының аузы ашылып, көзі бақырайып, үн-түнсіз қалады. Сол күннен бастап ұстаздың айтқанын екі етпей, үлгілі шәкірт болыпты. Осылайша баласының тәрбиесін, ұстаздың абыройын өзінің патшалығынан да маңыздырақ, жоғары санайтын патша дегеніне жетіпті».
Ұлы даламызда ұстаз атаулы сонау заманнан ұлық болған, ұлылықтың символы болып қала берері де анық. Елдің ел болып бет түзеуі білімді, саналы ұрпақ болса, сол ұрпақты тәрбиелеу, көзін ашып, ілім-біліммен сусындату – асқақ та абыройлы педагог мамандардың еншісінде. Ата-ананың берген тәлімін толықтырып, үлкен өмірге аяқ басқан шақта өмірдің ақ пен қарасын ұғындырып, болашаққа жасар қадамдардың негізін қалайтын да ұстаздар. Ұстазға қарап шәкірт бет түзейді, оң мен солын білмейтін бала санадан кемел азамат қалыптастырып, «өзінен озған» шәкірт тәрбиелеп шығарады. Баланың болашағы, келешекте қай бағыттағы қандай адам болатындығында педагог аталатын ауыр жүгі бар қызмет иелерінің атқарар рөлі орасан. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген Константин Ушинский.
Ұстаз қадірін ұмыта бастаған ата-ана пандемия кезінде балаға білім берудің машақатын ұғынды. Дәстүрлі білім беру жүйесіне көшуді тағатсыздана күтті. Мәртебелі маман иелерінің жұмысына деген көзқарас та өзгерді. Оған қоса мемлекет басшысы «Ұстаз мәртебесін» заңмен бекітіп берді. Бірақ, шәкіртіне «тәйт» десе, ұстазының үстінен домалақ арызын үйетін ата-ананың қарасы сирей қоймады.Тіпті, білімді беретін, ұрпақ санасына құятын ұстаздың ұлағатты атын ұлықтай алмай жүрміз. Шыбықты ұстаздың қолына ұстатудың орнына балаға беріп қоямыз. Ал, бүгін атақ-дәрежесі асқақтап тұрған ата-анасы бар баланың тәрбиесіне кім назар салып жүр. Атаққа арқа сүйеген баланың етін ұстазға аманаттамақ түгілі, «еті де, сүйегі де менікі» дейтіндер басым болып барады. Тіпті, сол мансапқа жеткен жандардың бәрі ұстаз көріп, сол білімнің күшімен жеткендігін де ескере бермейді. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп Мұхтар Әуезов бекер айтпаған. Еліміздің дамуы мен болашақтағы бейнесі ғылым мен білім жүйесінің біртұтастығымен өлшенеді. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген. Ұстаз абыройынан, баланың еркелігін артық санап, болашағына балта шауып жүрген жоқпыз ба? Ойланайық.

Г.Әбдіханиқызы
26 наурыз 2021 ж. 759 0