Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тақиялы періште көп – ақ көйлекті аруға

Тақиялы періште көп – ақ көйлекті аруға


«Тақиялы періште» сөзі қазақ халқына ерекше ыстық ұғым. Себебі Шәкен Айманов түсірген аттас фильм жарты ғасыр уақыт өтсе де көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Фильмде Тайлақ есімді сүрбойдақ жігітке анасы Тананың қалыңдық іздегені, қалыңдық іздеу барысында кездескен түрлі қиындықтар баяндалады. Ақырында Тайлақ анасының таңдауын емес, өз көңілі қалаған қалыңдыққа үйленеді. Сол тарихи фильімнің түсірілгеніне биыл 52 жыл толыпты. Биыл 85 жасқа толған шағында «қазақтың тақиялы періштесі» Әлімғазы Райымбеков өмірден озса да, үйленбей жүрген «Тақиялы періштелер» елімізде жетерлік.
«Сен бойдақ мен бойдақ өлетін болдым қызды ойлап...» ертеректе 2002 жылдары «Бауыржан Шоу» театры осындай атпен сахналық қойылым көрсетіпті. Қойылымда 40-қа келген жігітке ағасының жар іздегені бейнеленген. Және де қызды жігіттің тұрмысы емес сымбаты мен мінезі қызықтыратынын байқаймыз. Ал бүгінгі жағдай тіптен қиын. Жеңгелердің қайнына қыз іздеп, ағалардың інісіне лайықты жар тауып беруге деген ниеті байқалмайды. «Тақиялы періштелер» «қыз жоқ» деп қаймығады, ал қыздар ақбоз ат (камри) мінген серісін күтіп жүр әлі. Бұл бос сылтаулары ма, әлде шынымен осылай ма белгісіз. Қыздардың «жақсы жігіт» дегені – үй-жайы бар, қызметі мен келбеті келіскен, қысқасы, төрт құбыласы түгел жігіттер. Бірақ бұл қыздар үшін аспандағы айға қол созғанмен бірдей. Бөріктілердің «қыз жоқ» дегендерінің астарына үңілсек, көп сыр жатқандай. Көпшілігі сырғалылардың ақылына көркі сай, отбасында адал жар, тәрбиелі келін бола алатын қасиеттерін көздейді. Әрі қыздардың мына арман, талабын естігенде жігіттер отау құруға деген ниетінен қайтып қалатын секілді.
«Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген қазақ жігіттерінің бүгінде малын түгендеп, үй-жайы мен көлігінің қамын жасап жүргенде жасы қырыққа таяп қалады. Қалталы жігітті күткен қыздардың да жайы осыған ұқсас. Соңғы жылдардағы зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда жасы 25-тен асқан 3 млн-нан астам бойдақ тіркелген екен. Оның ішінде 28,2 проценті – әйелдер, 39,6 проценті – қыздар. Ал, қай өңір жастары кеш шаңырақ құратынын білгіңіз келеді ме? Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысында үйленуге асықпайтын қыз-жігіттер көп. Жастарымыздың үйленуге асықпауының шын себептерін қарастырып көрейік.
Оның негізгісі – әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Бұрынғыша айтқанда, кедейлік. Статистика бұл уәжді растап отыр. 21-29 жас аралығындағы жастардың 80 проценті үй-күйсіз жүр. Үйсіз жүрген жас отбасылардың жағдайын көрген қыздар, әрине қалталы жігіт іздейді. Батыстан енген азаматтық неке секілді сорақылықтар да олардың ниетін бұзып, санасын улап отыр. Келесі бір түйіткіл еліміздегі ажырасудың көптігінде. 2019 жылғы мәліметтерге сенсек, елімізде шаңырақ құрған екі отбасының, біреуі ажырасады екен. Ертегедегі өмірді елестететкен қыздардың шынайы өмір ағынына түскенде болмашы қиындықтарға шыдамай, отбасының шаңырағын шайқалтатыны осыдан секілді. Осыдан келіп тастанды бала, әкесіз, анасыз өскен жетімдер секілді түрлі проблемалар туындайды.
Ерте де қандай еді?! Аналарымыз 10-даған жылдап төркінге бармайтын. Оның астары «Төркіні жақынның төсегі жиылмайды» деген мақалдың тұспалында. Ата-анасына жақын тұратын келіндердің арасында барған жерінің берекесін кетіріп жүретін, сәл нәрсеге ренжіп, төркінге тұра қашатындар да жоқ емес. Қазір төркіні мұхиттың арғы жағында болса да, алысты жақындататын смартфон бар. Үйіндегі әңгіменің барлығын кешкісін анасына айтып, мұңын шағатын келіннің әрине, жаңа жерге тастай батып, судай сіңіп кетуі қиын шаруа.
Сүрбойдақтардың көп болуы олардың жеке басының ғана емес, бүкіл ұлттың ортақ проблемасы. Мәселен, Қытайдың бүгінгі демографиялық дағдарысы тек елдегі халық санының көптігінен туындап отырған жоқ. Ол, сондай-ақ, елдегі бала туу деңгейінің кейінгі жылдары күрт төмендеп, сәйкесінше қарттар санының ұлғаюымен, қоғамда гендерлік теңдіктің бұзылуы себебінен де туындап отыр. Ер мен әйел жыныстылар арасындағы сан алшақтығы жыл сайын дағдарысты кезеңдерді өткеріп келеді. Мысалы, 1990 жылдан кейін туған ерлердің саны әйелдерден 9 миллионға артық болса, 2000 жылдан кейін туғандар арасында ерлер саны әйелдерге қарағанда, 13 миллионға артып кеткен. 2015 жылғы демографиялық жағдай бойынша, Қытайдағы жасы 30-дан асқан сүр бойдақтар саны 20 миллион болса, биыл олардың саны 30 миллионға жеткен. Болжам бойынша 2040 жылға қарай 40 миллионға жетеді деп отыр.
Демек, бұлай жалғаса берсе ұлттың тұтастығына, өсіп-өнуіне үлкен қауіп төнуі мүмкін. «Жалғыздық тек Жаратқанға жарасқан» дейді біздің қазақ. Расымен, айналаңызға байыптап бір қарасаңыз, барлық тіршілік иесінің өз жұбымен жаратылғанын көресіз. Демек, жұптасып өмір сүру – жаратылғандардың маңдайына жазылған заңдылық екені даусыз. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде үмметін үйленуге үндеп, еш себепсіз оны кешіктіруден тыйғаны белгілі. «Қияметте үмметімнің көптігімен мақтанамын» деп өсиет қалдырған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айтқанын орындап, ақ некесін ерте қиғызғандардың өмірден кеш өтетінін бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Ендеше пайғамбардың сөзіне құлақ асып, қазақтың өнегелі шаңырақтарының санын көбейтейік.
Егер саған үйленсем,
Адал жардан сый көрсем,
Көтерілер көңіл-күйім шын.
Бас қосылып бастарына,
Қазағымның жастарына,
Өз сыңарын табу бұйырсын ...

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
20 наурыз 2021 ж. 1 456 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930