Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЕГІРТКЕЛЕР ШАБУЫЛЫНА ТОРҒАЙЛАР ҚҰРҒАН ТОСҚАУЫЛ

ШЕГІРТКЕЛЕР ШАБУЫЛЫНА ТОРҒАЙЛАР ҚҰРҒАН ТОСҚАУЫЛ

Соғыс кезі болса керек. Шамасы 1944-45 жылдар аралығы. Ер азаматтар майданда. Елде шал-шауқан, кемпір-келін, бала-шаға тыл еңбегіне тартылған. Таң атқаннан кеш батқанша егіс алқабында бел жазбай еңбек еткен халық қара жұмыстан қажып жүрген уақыт. Сыр бойы, оның ішінде Шиелі жұрты диқаншылықты кәсіп етіп, ерте көктемнен егіс алқаптарында жанын салып, терін төгіп, тыным таппай бейнет шегіп, күзде қырманның қызылға толуын Тәңірден тілейді. Атызда масақ, сабанда дән қалмасын деген ұран Құран сөзіндей қасиетті кез. Мемлекет әрбір танаптан түскен түйір дәнді қатаң қадағалайды. Барлығы майдан үшін. Қарулы,білегінің, күші бар қыз-келіншектер қолына кетпен алып, арық-атыз жағалап, егін егеді. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Қол еңбегі, білек пен күрекке, кетпенге, сүйменге сенген заман.
Бүгінгі Бидайкөл бұрынғыша Гигант ауы­­лында күріш егіп, онысын суға бастырып, атыздың суын тартып, жұрт ауыр бейнеттің ауылы енді ғана алыстағанына қуанып отыр­­­­­са­ керек. Жақаевтық ардагер «Даңқ» орденінің иегері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Жұмабек Айтбайевтың айтуынша ол кезде егістік алқаптар бүгінгідей инженерлік жүйге келтірілмеген. Өзі құралпы ойын балалары дала қосындағы диқандарға көмекші. Диқан Мәлика Басанованың егін алқабы ауылға жақын. Сондықтан жас балаларды жақын алқапқа жіберген. Сәске кезінде батыс­тан даланың шаңын көтере жанұшыра шауып келе жатқан үш салт аттының қарасы алыстан көрініпті. Әлгі аттылы үшеудің бірі бұлардың қосына бұрылып, сол батыстан қалың шегірткенің келе жатқанын хабарлап, атын тебініп, басқа шаруларға хабарды жылдам жеткізу үшін асығыс қайта шауып кетіпті. Бұл хабарды естісімен диқандар, бала-шаға болып жаппай қолдарына қауға шелек, темір-терсек не керек әйтеуір даңғараға жарарлық дүниемен қаруланып, шегірткеге қарсы шығыпты. Танап үлкен. Төңірек түгел астық. Адам аз. Көңілдері күпті. Егісті қорғап қала алмайтындықтарына көздері әбден жетсе де тәуекел етіп, әрекет етпекке бел буған. Көктем, жаз бойы төгілген тер мен еткен еңбек еш болмақ. Өкініштен өзектері өртенген жұрттың Құдайдан басқа сиынары жоқ. Түс ауа күннің көзін көлегейлеп, аспанды жауып, жауар бұлттай түнерген қалың қара шегіртке үйірі көрінеді. Ұшпа шегірткелер көк пен жердің жүзін бүркей, жолындағыны жапырып жеп келе жатыр екен.

Сонау Мұса пайғамбар заманынан Мысыр­ жеріне қарғыс ретінде жіберілген осынау жебір жәндік енді міне сұрапыл соғыстан ес жия алмай отырған жұртқа жәбір-жұт болмақ. Қаптаған қалың шегірткеге қолдағы даңғарадан келер қайырдың жоқтығын түсіндік дейді Жұмабек ақсақал. Жұрт «Жаппар ие жар болғайға!» басқан. Әні-міне дегенше біздің алқапқа жетіп, ауызды сала бергенде шығыстан шуылдаған дауыс шықты. Есіл дертіміз батысты бағып тұрған біз артымызға жалт қарасақ аспанда қаптап қара торғайлар келіп қапты. Төбемізден зуылдай ұшып өтті. Шегірткелер шоғырына қарсы құйындатып барады. Құдайдың құдіреті демеске амал жоқ. Әлгі қара торғайлар тобы біздің алқапты жаңа туған айдай жартылай шеңберлей қоршай шеп жасап, қалықтай ұшып тұра қалды. Ұшып келе жатқаны бар, жердегі жыбырлағаны бар шегірткелерге қарсы шабуылды бастап кетті. Қорғаныс шебінен ұзамай, жасындай жылдам, жалт-жұлт, бұлт-бұлт етіп, шегірткелерді баудай түсіріп жатыр. Аспаннан өлген шегірткелер жаңбырдай жауып тұр. Әлгі торғайлар кезек-кезек топ-тобымен бізден сәл әрірек тұрған канал суына сүңги шығып жатыр. Сөйтсек шегірткелерден шашыраған кілегей қаннан қанаттарын жуып шайған әрекеті екен. Не керек сол қаптаған қалың шегіртке торғайлар құрған шеңберлі шепті бұза алмай, айнала өтіп кетті. Егістігіміз аман қалды. Құдайдың сақтағаны болды. Содан қараторғай көрсем күні бүгінге дейін сол оқиға көз алдыма қаз-қалпы келе қалады. Жарықтық қараторғай қасиетті құс қой. Бүгінгі таңда саны азайып кетті, дейді Жұмекең. Ақсақалдың айтуынша сол жылы шегірткелер шаруашылықтарға орасан зор шығын келтіріпті. Айналаны жапырып жеп, жұтап тастапты. Бұларға Құдайдың қарасқаны болып, қараторғайлар көмек көрсеткен екен.

Н.СӘДУАҚАСҰЛЫ
01 наурыз 2021 ж. 631 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930