Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тау тұлға

Тау тұлға

12 қаңтар қазақ еліне қалтқысыз қызмет еткен Дінмұхаммед Қонаевтың туылған күні. Д.Қонаев дегенде ауыз толтырып қана емес, бір бүтін кітап етіп жазуға болады. Біраз уақыт бұрын «Аңыз адам» журналына шықты. Сонда М.Шаханов сынды қайраткер тұлғалар «ол шынында да аңыз адам еді» десті. «Оның парасат пайымын өлшеуге келмейді, мейірімділігін, әділдігін айтып тауыса алмайсың» деген ізгі естеліктер шынында да қазақ баласы үшін ыстық еді. Өз заманы мен қазіргі қоғам үшін еңбек етіп, санамызда, тарихта «Тау тұлға» ретінде есте қалды.
Қонаев Дінмұхамед Ахметұлын білмейтін адам кемде-кем. Оны білмеу, танымау үлкен әбестік болар. Сондықтан осы мақала арқылы үлкендеріміз есіне алса, жас буын «Тау тұлғаның» кім екенін біліп, үлгі алса игі. Ұлы тұлға болмысын тереңдей зерттеп, әрдайым жаңа дүниелер жазуға мүмкіндік мол. Себебі, кеңестік заман, коммунистік партия кезеңі болсын, болмаса өзі қалаған тау-кен саласы болсын, оның өткен өміріне кім қалай қараса да, оның шын мәнісінде еліміздің іргесін нықтап, еңсесін тіктеп, бүгінгідей қуатты мемлекетке айналдырған жан екені даусыз. Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстанның өнеркәсіптік және шикізаттық базасын, құрылыс инфрақұрылымын, ғылым-білім, мәдениетін өркендетуге сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Сонымен қатар оның баға жетпес кісілік келбеті мен адами қасиеттері де уақыт өткен сайын мейлінше тұлғалана түсуде. Жоғарыда айтқанымдай Димаш ата туралы том-том кітап жазып, күні-түні әңгімелеп, сағыныштың шежіресінен сыр шертсе де таусылмасы анық.
Димаш Ахметұлы қазіргі Алматы қаласында қарапайым шаруа Меңліахмет пен Зәуренің шаңырағында 1912 жылы дүниеге келген 11 баланың үшіншісі. Кішкентайынан зерек болып өскен Димаш оң-солын тани бастаған шағынан бастап-ақ тау-кен инженері болуды арман еткен. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз деп сұрағандарға екі себебін айтқан екен: біріншісі бала кезінен үлгі тұтқан тұңғыш қазақ инженері Мұхаммеджан Тынышбаев болса, екіншісі тау-кен ісімен шұғылдану қазақ үшін ол кезде сирек кездесетін мамандықтың бірі болуы. Мамандығына деген сүйіспеншілігін және адами жоғары қасиетке ие екенін мына әңгімеден байқасаңыз болады. Зейнет жасына шыққан Димаш ата жаңадан визитка жасатса керек. Визиткада аты-жөні және тау-кен инженері дегеннен басқа артық ауыз сөз жазылмапты. Тіпті, мамандық бойынша докторлық дәрежесі, профессор, академик екені де жазылмаған. Бұл ісіне таңқалғандардың сұрағына «Оның бәрі өтпелі де кетпелі, ал тау-кен инженері деген өмірлік нәрсе» деп жауап беріпті. Алғаш еңбек жолын 1937-1939 жылдары мамандығы бойынша Балқаш мыс қорыту комбинаты мен Лениногор қорғасын-мырыш комбинатында директор лауазымына дейін көтеріліп, алып өндіріс орындарынан бастаған Димаш Ахметұлы 1942-1952 жылдары Қазақ КСР-і Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, 1952-1955 жылдары Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының президенті болып қызмет жасаған. Одан кейінгі ғұмыры партия-кеңес органдарында, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде өтеді. 8 жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 24 жыл Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы, 16 жыл СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болған.
Д.Ахметұлы туралы естеліктерді шолатын болсаңыз, қай-қайсысы да оның өте кең пейілді, сабырлы да салмақты және парасатты болғанын баса айтады. Мейлі қызмет бабы, мейлі күнделікті тіршілігі болсын ашу шақырып дауыс көтеру, не біреуге жекіру әдетінде болмаған. Үлкен-кішімен бірдей араласып, ашық-жарқын кейіпте сөйлесіп, елмен еркін, тең араласқан. Мұны өзі жазған «Сталиннен Горбачевке дейін» атты мемуарында былай деп аңғартады: «Осы кезге дейін өмірімде түрлі жайттар кездесті, оның жақсысы да жаманы да бар. Бірақ, бұл – менің өмірім. Басқалар сияқты менің басымда да «қаралы» күндер болды, бірақ мен олардың бірде-бірін жадымнан сызып тастамадым. Сондай-ақ ештеңеге өкінбеймін және ешкімге өкпелемеймін» дейді. Мұндай мінез көпке бітпейді. Көркем мінезінен кісілігі көрініп тұратын Д.Қонаев хан да, қара да сыйлаған. Бұл сөзіме Л.И.Брежневтің оны сыйлауы дәлел.
Ол өзін «Верныйдың жергілікті тұрғыны» екендігін, Алматыға деген махаббатын ісімен, жанашырлығымен көрсетті. Алматыдай ару қаланы көркейту, абаттандыру, ұлттық бет-бейнесін жасау, әдемі ғимараттардың салынуы, тау бөктеріндегі қайталанбас кейіпке енген сұлу қаланың бөй көтеруі тікелей оның басшылығымен жасалған. Барлығын іштей жоспарлап, ретін ­тауып жүретін Дінмұхамедтің ­Алматы жөнінде өкініші де болған. Ол «Алматыда метро салдыра алмадым. Бұл жұмыс ауыс-түйістің кезеңімен тұспа-тұс келіп, аяқсыз қалды» деп естеліктерінде өкінішін білдірген екен.
Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақытта елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Әсіресе, ұлт мүддесіне қатысты мәселелерде ешкімге есе жібермейтін және бар күшін салған азамат. Атап айтар болсақ, Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ аудандарын қайтару, Шардара өңіріне атом электр станциясын салғызбау, Ерейментау топырағынан неміс автономиясын ашуға жол бермеу тәрізді маңызы зор мәселелерде біліктілігін көрсетіп,табандылық танытты. Білікті басшылық нәтижесінде сол жылдары Қазақстан Кеңес Одағы көлеміндегі 14-ші орыннан алдыңғы үштік қатарға қосылды. Одақ бойынша екінші астықты алқапқа және көпсалалы 1 өнеркәсіп аймағына айналды. «Сөйтіп, еліміздің өндірістік ауқымы 10 есеге өсіп, дамыды. Желтоқсан оқиғасына дейін Дінмұхамед Қонаев бастаған әрбір іс өрге домалады. Мұндай қарқын бірде-бір республикада болмаған еді» деп Олжас Сүлейменов еске алған. 90 жылдардағы түрлі байламдар мен орынсыз қаралаулар Д.Қонаевтың сағын сындырмады. Себебі, табиғатынан әр істің байыбына бара білетін сабырлығы, болмысынан елге деген адалдығы, кең пейілділігі, ешкімге кінә артпай жүретін көркем мінезімен ар алдында да, қызмет бабында да таза екенін көрсетті. Түрлі орынсыз қаралаулар ұзақ жылдардағы елін көркейтіп, дамытудағы еңбегін әп-сәтте желге ұшырғандай етті. Бірақ өр Алатаудың тумасы бәрін көтере білді.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Қазақстан Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иман жүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар, білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді. Қызмет еткен шағында өмірлік жұбайы – Зуһра әже сырлас досы, парасатты пайымымен, терең ойлы ақылдылығымен Д.Ахметұлын өзін­ше қорғай білді. Көр­егендік танытқан сүйікті жары туралы Димекең естелігінде былай деп жазба қалдырған: «Есеп қызметкерлерінің табиғаты бөлек қой. Марқұм Зуһраш мені таңқалдыратын үлкен бір іс жасады. Жылдар бойы алған затының есебін жүргізіп отырған. Не алса да ақшасын төлеп квитанциясын сақтап келген. Тіпті, бағасына дейін көрсетіп, растау үшін сатушының қолы мен аты-жөнін жаздырып алып жүрген. Қаралаулар мен орынсыз байламдар болғанда маған араша түскен осы құжаттар еді» дейді. Мұны екінің бірі, тіпті мыңның бірі жасамайды. Бұл әрекетін асқақтау емес, өзінің адал қызметін көрсету, алдағы жағдаяттарға сақадай сай болу, ең бас­тысы өзінің ұяты мен ары алдында таза екенін көрсету деп түсіну нағыз жан тазалығы, қайталанбас қасиет десеке те болады. Жұбайларды жақсы білетін жандар екеуінің де ешқашан кісіге дауыс көтеріп бұйыра сөйлемейтінін, барлығын сыпайы түрде жеткізетінін онымен аралас-құралас болған достары мен қызметтес кісілерден жиі естуге болады.
Димаш ата намаз оқымаған, алайда құран сүрелерін жақсы білген. Әулиелер мен тарихтағы белгілі тұлғалардың басына жиі барып зиярат еткен. Барғанда құран оқып бағыштаған. Диар Қонаевтың естелігінде: «Түркияға барған кезде бірнеше рет жайнамаз сатып алып, елге оралғанда сәлем беруге келгендерге сыйлаған» деп еске алады.
Димаш ата аңға шығатын құралдардан және оттық түрлерінен коллекция жинағанды жақсы көрсе, жұбайы тоқылған орамал, шәлілерді жинауды хоббиға айналдырыпты. Мұнымен қоса кітап, газет-журнал оқу олар үшін күнделікті қағида. Бір-біріне оқығандарын айтып, бөлісіп, пікірлесіп отырған. Барған жерінен талғамына сай кітап алуды да ұмытпаған. Өте білімді азаматтың жұмыс бөлмесінің төрт қабырғасы да өзі жинаған, оқыған кітап сөрелерінен қаланған. Ара-тұра түртіп жазуды да әдетке айналдырған. Димаш Ахметұлының бүгінде 100-ден астам мақалалары мен естелік-мемуар шығармасы бар.
Олардың қарапайымдылығы әркез көрініп тұрған. Балалары болмаса да сезімдері суымаған. Алғаш танысқан сәттегідей ыстық, сыйластық орнаған ұлы тұлғалардың ұлы махаббаты еді. Бір-бірін қадір тұтқаны соншалық, отасқан күндерін 50 жыл, 2 ай, 2 күн деп санаған көрінеді.
Тау тұлғалы Д.Қонаев туралы айта берсеңіз түрлі естеліктерге тоқталғың келіп, бірді екіге ұласып кете береді екенсіз...

Ақбота БАЯНБАЙ
19 қаңтар 2021 ж. 1 371 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930